Басты ақпаратРуханият

Алтын орда тарихында қазақтың алар олжасы көп

Елімізде Жошы ұлысын ғылыми-­зерттеу ­институтын ашу идеясын Президент Қасым­-Жомарт Тоқаев көтер­ді. «Алтын Орда – біздің мемлекеттігіміздің тарихының бесігі десек асылық айт­қандық емес» деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы. Осылайша 2019-2020 жылдар Алтын Орда (Жошы ұлысы, Ұлық ұлыс) империясының 750 жылдығы белгісімен өтіп, артынша 2020 жылы жазда Жошы ұлысын зерттеу инс­титутын ашу туралы тапсырма берілді. ­Бүгін осы институт директоры ­Жақсылық СӘБИТОВ­ тақырыпты тереңірек тарқатады. 

– Институттың Жошы ұлысына қатысты құрылуының логикалық мәні бар. Егер Алтын Орда деп алатын болсақ, ауқымы тарылып, өткен ғасырлардың бір үзігінде қалғандай боламыз. Сол себепті біздің зерттеу нысанымыздың екі тармағы бар. Оның бірі – Алтын Орда тарихы және Қазақ хандығының тарихы. Осы екі мәселенің басын бір жерге тоғыстырғанда ғана тақырып ауқымы кеңейіп, толық ашылады. Яғни біздің институттың мақсаты – Жошы кезеңінен бастап Кенесарыға дейінгі Қазақстан тарихын зерттеу. Осы орайда Үкімет қаулысынан соң 14 айдай уақыт рәсімдеу жұмыстарына бөлініп, 2022 жылдың сәуірінде ресми тіркелдік. Ұйымдастыру мерзімі біршама уақыт алып, қаржыландыру өткен жылдың ақпанынан басталды. Қазір бірнеше жобалар бойынша жұмыс жүріп жатыр. Кітаптар шығарып, мақалалар жария­лап жатырмыз. Бұрындары мән беріліп, көп зерттелмеген Моғолстанға қатысты бірнеше үлкен жоба бар, Шағатай ұлысы, Хайду ұлысының тарихына да қатысты жобалар іске қосылды.

– Жошы ұлысының қатпарларына бойламай жатып, оны бертіндегі  қазақ хандықтары тарихымен ұштастырудың себебін білсек.

– Жошы – «Алтын Орда» деп аталатын Монғол империясының батысын мұралыққа алған Шыңғысханның үлкен ұлы. Жошының қазіргі Орта Азия аумағын жаулап алғаннан соң оның билігі кеңге жайылып, ұлысқа айналды.

Жошы ұлысының мұрагері ретінде тәуелсіз мемлекет Қазақстанды таниды. Монғол империяның қол астында болған хандықтардың бүгінгі мұрагерлері туралы айтсақ, олардың бұл тарихты қабылдауы басқаша. Мысалы, Өзбекстан үшін Ақсақ Темір маңызды, Қырғызстанда Манас алдыңғы орында, Татарстан дербес егеменді мемлекет емес, федерация құрамында. Сол себепті Қазақстан Респуб­ликасы осы бағытты ұстанып, оның тарихын тереңінен зерттеуі маңызды және өте дұрыс. Бұл жер батыстан шығысқа қарай Қайылықтан (Бұл Талдықорғанның шығысындағы қала) Саксинге дейін (Астрахан) Оңтүстіктен Солтүстікке дейін Хорезмнен Бұлғарларға дейінгі аймақты, оның ішінде бүкіл қазақ даласын түгел қамтыды. Бұлғарлар қазіргі – Татарстан. Бұл дегеніміз біздерге көбірек қатысты, басқаларға азырақ тиесілі деген сөз емес. Ондай ойдан аулақ болуымыз керек. Алтын орда құрамында 92 ірі ру-тайпалары болған. Оның 23-і қазақтарда қалған. Қалғандары басқа елдерге татарларда, поляк-литва, фин-угор, сібір, қазан, қырым хандықтарында, өзбек, ноғай, қарақалпақ тағы басқаларында бөлініп кеткен. Алтын Орда аталып, кейіннен Жошы Ұлысы деп ұлықталған алып империя әулетінің ұрпақтары Қазақ хандығын биледі.

– Біздердің бұл кезеңнің тарихынан мардымсыз мә­ліметіміздің оқиғасы  басқаша өрілетін. 

– Шындығында кеңестік кезеңде басқаша оқытты, тарихи оқиғаларды бұрмалады. Оның астарында идеология жатыр. Егер Қазан төңкерісіне дейінгі авторлардың, оның ішінде Шоқан Уәлихановты алсақ, оларда қазақтардың Алтын Ордамен байланысы туралы даусыз аксиома бар. Шоқан Уәлиханов оны нақты көрсетті. Қазақтар өзін Алтын Орданың мұрагері деп санайды. Ал кеңестік кезеңде қазақтар емес, «чингизидтер» өзін солай есептейді деп алдаусыратты. Бұл дұрыс емес. Халық Алтын Орданың мұрагері болса, Шыңғысхан ұрпақтары билеушісі болатын. Екеуін бөліп-жарып қарауға болмайды.

Қазақтар өзін Алтын Орданың мұрагері деп санайды. Ал кеңесік кезеңде қазақтар емес, «чингизидтер» өзін солай есептейді деп алдаусыратты. Бұл дұрыс емес. Халық Алтын Орданың мұрагері болса, Шыңғысхан ұрпақтары билеушісі болатын. Екеуін бөліп-жарып қарау­ға болмайды

Қазақтың ауыз әдебиетінің басты кейіпкері – Әз-Жәнібек. Шын мәнінде бұл Алтын Орданың ханы – Жәнібек. Жәнібектің кезінде Алтын Орданың дәуірлеп дамыған алтын кезеңі болды. Қазақ үшін де тарихымыздың алтын ғасыры болды. Тағы атап өтуіміз керек, Жошы ұлысында ХІІІ ғасырдың соңында қазіргі біздер қазақ деп танитын генетикалық және антропологиялық түр-келбеті қалыптасты. Мысалы, антрополог-ғалым Оразақ Смағұлов те қазіргі қазақтың физиологиялық типі ХІІІ ғасырдың аяғында түркілер мен монғолдардың қосылысынан пайда болды дейді. Яғни, бір кеңістіктегі адамдардың өзара жақындасып, қоян-қолтық өмір сүруінің нәтижесінде пайда болған. Генетипке қатысты тағы да башқұрт генетигі Баязит Юнусбаевтың үлкен еңбегі бар, онда қазақтар этногенетикалық ұжым ретінде түркі халқының генетикасы туралы сонда да әртүрлі компоненттер­дің қатысуымен ХІІІ ғасыр­да пайда болды дейді. Яғни антро­пологтар бірауыздан осыны дәлелдейді. Қазақтар Алтын Орданы өзінің мұрагері деп айтуға толық қақысы бар, дегенмен Дешті Қыпшақты жайлаған түркі халықтарының да ортақ тарихы. Бұған Киев Русі, қарашайлар, балқарлар, татарлар, ноғай-башқұрттар, қарақалпақтар тағы басқа этнос­тардың қатысы бар. Мұның бар­лығы біздің өткеніміз, бұл бізді жа­қындатып, біріктіруі керек.

– Тарихы ортақ елдердің ғалымдарының тақырыпты зерттеу деңгейі қандай? 

– Әрине, ғылымның бұл саласында көшбасында Ресей ғалымдары тұр. Оның ішінде мәскеулік, қазандық орталықтарды бөліп айтуға болады. Ресейдің шет аймақтарына қоса Санкт-Петербургте де қалыптасқан зерттеу тобы бар. Олар осы дәуірді интенсивті түрде әртүрлі аспектілерін қарастыра зерттеуде. Біздер барлық ғалымдармен тығыз байланыстамыз.

– Сөзіңіз аузыңызда, ресейлік фильмдерде осы кезеңді суреттегенде жабайы қанішер етіп көрсетеді ғой. Тіпті «монголо-татарское иго» деген жағымсыз сөз тіркесі әлі құлағымызда. 

– Ресейдің кәсіби ғалымдары қоғамдағы қалыптасқан пікірлерге қарама-қарсы пікірде. Олар Алтын Орда тарихын мүлдем бөлек, басқаша бағалайды.  Қоғамға таңылған стереотипке қосылмайды. Алтын Орданы толыққанды мемлекет деп қабылдайды. Киноларында көрсетілгендей немесе орыс тарихын оқытқанындай жағымсыз жақтарын қоштамайды.

Халықаралық Алтын Орда зерттеушілері ассоциациясының төрағасы, ресейлік ғалым Вадим Трепалов өзінің соңғы мақаласын «Русский улус» Золотой Орды деп атады. Орыс княздіктерінің тарихын жаза отырып, осыған дейін біздерге оқытқандай, ежелгі Русьте вассальдық бағыныштылық болды, бірақ біздер Жошы ұлысынан бөлек болдық деген ұғымды жоққа шығарады. Яғни Русьтің Ордаға тәуелділігінің анықтамасын «вассаль» эпитетімен ғана анықтап, бір саусағын бүгіп қалған тұжырымға нүкте қойылды. Дегенмен, орыс-ордалық үстемдік пен бағыну қатынастарын мұқият талдау басқаны көрсетеді. Барлық орыс княздіктері Жошы ұлысының бір бөлігі ретінде, тікелей бағынышты болды. Ресей зерттеушілерінің басым көпшілігі Алтын Орда тарихын объективті тұрғыда бағалағанмен, оның тарихын мектеп оқулықтарынан білетіндер де біржақты көзқарас қалыптасқан. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бұл – кеңес заманының идеологиялық қалдығы. Олар Жошы ұлысын паразитарлық барлық өркениеттердің дамуын тоқтатқан қанішер империя санатында көреді.

Ал Татарстан Республикасы мен Қазақстанда болып жатқан үдерістер  ұқсас. Олар Алтын Орда тарихындағы кеңестік тұжырымдардан арылды. Тоқсаныншы жылдары ғалымдардың жас толқыны тегеурінмен, ескі кеңестік тұжырымдағы ғалымдарды зейнетке шығарып жіберді. Қарапайым сөзбен айтқанда, тарихшылар күресін бастан кешірді. 2009 жылдан бастап форумдар өткізіп, зерттеу аумағын кеңейте бастады. Алтын Орда тарихын зерттейтін институционалды орталықтары қалыптасты. Оған ешкімнің дауы жоқ. Өкінішке қарай, тарихшылар күресі бізде өткен жоқ. Бұған қазақтардың қатысы жоқ деген тұжырымға қатып қалғандар жеткілікті.

– Солардың дені Ақ Орда деп аталатын белгісіз бір мемлекеттің мұрагері Жошы Ұлысына қатысы жоқ дегенді айтады екен.

Оның түркі тіліндегі «орда» сөзінің толық мағынасын түсінбей, Ақ Орданы мемлекет деп атауын алға тартып, соның ізімен келеміз. Орда – ол жай ғана резиденция. Ал біздің мектептерде әлі күнге дейін Ақ Орданы мемлекет деп оқытып келеді. Енді қараңыз, бізде Ақ орда деген атау бар. Қазақы ұғымда – хан сарайы, резиденция

– «Ақ Орда», «Көк Орда» деп хан ордасын немесе хан ордасы тұрған жерді ғана айтқан. Бұл талас 1830 жылы аустриялық шығыстанушы Йосиф Хаммер-Пургштал мен ресейлік ғалымдар арасында басталды. Оның түркі тіліндегі «орда» сөзінің толық мағынасын түсінбей, Ақ Орданы мемлекет деп атауын алға тартып, соның ізімен келеміз. Орда – ол жай ғана резиденция. Ал біздің мектептерде әлі күнге дейін Ақ Орданы мемлекет деп оқытып келеді. Енді қараңыз, бізде Ақ орда деген атау бар. Қазақы ұғымда – хан сарайы, резиденция. Білуімше, кезінде Ақселеу Сейдімбек тәуелсіз Қазақстан Президентінің резиденциясын осылайша атауды ұсынды. Бұл атаудың шын мәнінде өте терең негізі бар. Ақ Орда Бату ханның резиденциясы болса, Абылай хан мен Жәңгір хан Бөкейлік хандарының резиденциясы Ақ Орда деп аталды. Сол себепті Ақ Орда атауының символдық мәні де қымбат. Кезінде осы идеяны ұсынған халқымыздың ардақты тұлғасы, көрнекті этнограф ғалым Ақселеу ­Сейдімбек Алтын Орда тарихынан хабардар болғандықтан да көрегендікпен Тәуелсіз қазақ елі Президентінің жұмыс орны қалай аталуы керектігін дәл танып, дұрыс айтқан.

Бұдан өткен ғасырдың 60-70 жылдары-ақ ғалымдар бас тарт­са, біздің ғылым енді ғана осы ойдан ажырап жатыр. Анығын айтсақ, бұрмаланған деректерді тарихтың қоқысына жіберіп жатырмыз. Оның орны сол жерде. Тағы айтарым, біздің бір әріптесіміз 2010 жылы осы тақырыпта диссертация қорғады. Ол Алтын Орда тарихын ұлттық тарихтың емес, әлемдік тарихтың  бір бөлігі ретінде қорғады. Өйткені сол күнге дейін бұл әлемдік тарих аясында қарастырылды.

– Жошы ұлысының мемлекет болып қалыптасуы Талас құрылтайына қатыс­ты ғой. Осындай тағдырлы сәтте Шыңғысхан әулетінің ұрпақтары неге көне Тараздың аумағын таңдады деп ойлайсыз?

– 1224-1269 жылдар аралығында Жошы Ұлысы Монғол империясының бір бөлігі болды. Арада өткен азаматтық соғыстар империяны аттың үстінде басқаруға болмайтынын түсінген сол кезеңдегі бес билеушінің үшеуі жиналып, Талас құрылтайын өткізеді. Әрқайсысы өздері жаулап алған жерлерде жеке-дара хандық құрғанын жариялап, өздерін билеушісі етіп таныды. Құрылтай Үш ұлыстың шекарасында орналасқан Таластың бойында өтіп, Жошы, Шағатай, Үгедей бейбіт келісімге келді. Құбылай ұлысы мен Құлағу ұлысы танылып, шекараларын бекітті. Құбылай маңызды тұлғалардың бірі болды, қытайландыру үдерісін бастады. Мұны қазіргі тілмен айтқанда, тоқсаныншы жылдардағы «Беловеж келісімінің» бір түрі деуге болады. Бір империяны ресми түрде ыдыратып, екіншісін құрды.

1269 жылы және одан кейін конфедераци кезеңі, орталық билік әлсіреп, таққа келген билеуші ханның тегеу­ріне байланысты бірде күшейіп, бірде әлсіреп, азаматтық соғыс жағдайында өмір сүрді. 1313 жылы Өзбекхан үлкен төңкеріс жасады. Ол Алтын Орданы орталықтандырылған мемлекет етіп жариялайды. Ұлы Жібек жолының солтүстік жағын өте ауқымды көлемде алды. Елде қантөгістер тоқтап, бейбітшілік орнаған соң Қытайдан шығатын керуендер қауіпсіз қозғалды. Мұны Жошы ұлысының алтын ғасыры деуге болады. Осы кезеңде 14-ғасырдан бастап ірі-ірі жүзге тарта қалалар салынды. Тақталас та тоқтамады, 20 жылда 25-тен астам хан өлген екен. Оның өзіндік салдары болды. Одан кейін аз мерзімге Алтын Орданың ренессансы  Тоқтамыс пен Едігенің тұсында орнады. Бұлар Алтын Орданы бүтіндей сақтауға тырысқан талпыныс еді. 1419 жылы Едігенің өлімінен кейін ХV ғасырдың соңына дейін жалғасқан Алтын Орданың күйреуі басталды. Оның нәтижесінде бірнеше хандыққа ыдырады. Қырым хандығы, Қазан хандығы, Сібір хандығы соның ішінде – Қазақ хандығы.

Империяның қүйреуінің де, гүлденуінің де экономикалық себептері болады. Осыған дейін Өзбек ханның тұсында дәуірлеп гүлденген кезде Шағатай ұлысында бір-бірімен кескілескен соғыстар тоқтаған жоқ. Ол соғыстар Ұлы Жібек жолына кедергі келтірді. Сол себепті барлық керуен Жошы ұлысының аймағымен айналып өтті. Шағатай ұлысындағы ішкі соғыстар тыншып, ел есін жиғанда билік басына Ақсақ Темір келді. Оған да бірдеңе өзгерту керек болды. Алтын Ордаға қарсы шабуыл бастағанда оның басты мақсаты – керуен жолының құрылымын бұзу болды. Керуен жолындағы қалаларды қиратып, ортағасырық астаналарға қолын салды. 1240 жылдары Жошы ұлысының астанасы – әл-Махрус болса, Өзбек хан кезінде жаңа астанаға әл-Жәдидке көшірген еді. Осылайша Алтын Орданың экономикалық күретамыры қиылып, керуен жолы өзгерді.

– Жошы ұлысының ресми діні туралы не айтасыз?

– Алтын Орда мемлекетінің ресми діні туралы айту күрделі. Қырық та емес, тоқсан рулы тайпадан құралған соң соған орай әртүрлі дінді ұстанды. Алғашқы хандарының бірі – Шыңғысханның шөбересі, Батудың үлкен ұлы Сартақ несториан, христиан болғаны жазбаларда айтылған. Ақсүйектері будда дінінде болған. Онымен бірге католиктер мен протестандықтар да болғанмен, мұсылмандар басым еді. Жошының ұлдарының бірі – Берке хан Жошы ұлысындағы алғашқы мұсылман билеуші. Бірақ ол хандықты алған жоқ, регент болды.

Алтын Орданың исламдануына тариқаттар әсер етті. Мәулауия, Кубравия, Ясауия, Нақшбандия, Ишқия осы бес тариқат дәуірледі. Олардың барлығы қазақ руларымен, хандарымен тығыз байланыста, пірлері, рухани басшысы болды. Алтын Орданың тарихындағы исламданудың үш кезеңін бөліп айтуға болады. Берке хан кезінде жасағының 25-20 пайызы мұсылман дінінде болды. Ноғай кезінде буддизм мен ислам арасында күрес басталды. Он жылдай ислам жеңіліс тауып кері шегінгенмен, Өзбек ханның тұсында Алтын Орданың ресми діні ретінде ислам тұғырына қонып, мұсылмандар мемлекетіне айналды. Рас, толеранттық та танытты. Оның мысалы, Өзбек хан қарындасын праваслов князіне күйеуге береді. Ал Едіге хан кезінде исламға түбегейлі қабылданды деп айтуға болады. Жазбаларға қарап отырсақ, Едіге хан тұсында 5-6 ханның бәріне Мұхаммад атауы берілгендіктен,  тарихшыларға қайсысының қайсы екенін анықтау қиынға түседі.

Едіге тұсында Мысырға мәмлүктерді құлдыққа сату тоқтады. Бұрындары мұсылман еместерді құлдыққа сатуға рұқсат болса, енді барлығы мұсылман болғаннан кейін адам саудасына тыйым салынды. Содан Кавказдағы шеркештерді сату басталады.

– Сіздің әңгімеңізден орта ғасыр тарихына жақындай түскендейміз. Жаңа көзқарастарға байланысты жалпы қазақ тарихын қалай оқитын боламыз, мектептерде қалай оқыту керек?

– Ғалымдардың басты кемшілігі, мүмкін қазақ ғылымының мәселесі болар,   ғалымдар өз еңбектерін өзі теңдес ғалымдарға арнап жазады. Олардың көбісі қасаң тілмен, күрделі ғылыми оралымдармен бірге даталарға құрылады.  Ондағы мәліметтер, жаңалықтары да осы саланың саусақпен санарлықтай  ғалымдарына таныс болуы мүмкін. Егер оны жақсы түсінбесең, онда сенің өрең өсіп жетілмегендей көрінеді. Бұл – үлкен мәселе. Ал қоғамның тарихты білуге ынтасы мен сұранысы бар. Өкінішке қарай, ғалымдар мен бұқараның ортасында алтын көпір қаланбаған. Тарихи білімнің кең таралуына мемлекет те көп көңіл бөлуі керек. Википедияны қарап көріңіз. Соңғы екі жылдың айналасында көлемі жағынан өзбектер бізді басып озды. Біздің википедиядағы деректердің дені ескірген. Бұрынғы Қазақстан энциклопедиясынан алынған дүниелер. Соңғы жаңалықтар жазылмайды, жаңғыртылмайды. Егер мемлекеттік тапсырыс болмаса, волонтерлер көп нәрсе жазып үлгермейді. Яғни 30-40 жылғы ескі мәліметтерге ғана мәз болып жүрміз. Бұл – үлкен мәселе. Тарихымызды түсінікті тілмен түгел қамтып жазуға көңіл бөлу керек.

Мектептерде пәнді оқытатын оқулықтарды да ауыстыру қажет. Біздің  оқулықтар оқушыларға арналып жазылмаған. Мен ғалым ретінде әрине, түсінгенмен, жеткіншектер оны түсінбеуі мүмкін. Тарихты жасөспірімдерге қызғылықты етіп, жеткізу үшін жеткізетін сторителлинг (англ. storytelling) әдісін қолдануды тәжірибеге енгізген жөн. Яғни әңгімелеп, суреттеу арқылы оқиғаны жеткізу. Оның өзіндік заңдылықтары бар. Тарихи фактілерді осы әдіспен айту арқылы нақты ақпаратпен бірге, тұлғалардың келбетін елестетіп, есте сақтауға жеңіл болады. Мысалы, «Мөде хан – ұлы ғұн империясының негізін қалаған ұлы билеуші» делінген, енді осыдан 5-6 сынып оқушысы нені түсініп, нені білуі тиіс. Кітапты ашып қалсаңыз, бәрі «ұлы», қайсысын есте сақтауы керек. Тарих оқиғалар тізбегі мен қаптаған сандардан тұрмайды.

Қысқаша айтқанда, тарихта ізі қалған әрбір оқиғаның, тұлғалардың  қысқаша сипаты бір сөйлеммен болса да мынадан басталып мынаған жетті, сол кезде мынадай жағдай болды дегендей тағы басқа деректермен қызықтырып, көз алдымызға жанды бейнесін елес­тету арқылы, оқушы да жақындай түседі. Оның тарихи адам екеніне оқиға ортасына жүргендей көзін жеткізген дұрыс. Бізде бұл жоқ. Төл тарихымыз бөтендей көрінетіні де сондықтан.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button