Шаһар шежіресі

Сәулеті келіскен сарай

Астананың оң жағалауында орналасқан Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы 1988 жылы пайдалануға беріліпті. Целиноград қала­сындағы шәкірттерге арналған алғашқы сәнді ғимараттың тез арада игілікке асуына қала тұрғындары төбесі көкке жеткендей шаттана ­қуаныпты. Олай болатын да жөні бар еді. Өйткені мұнда бірден 20 көркемөнерпаздар мен 40 қолөнер шеберлерінің үйірмесі бірден жұмысқа кірісіп, шаһардың мәдени өміріне үлкен сілкініс әкелген.

– Оқушылар сарайы мыңдаған бүлдіршін мен жеткіншектің екінші үйіне айналды. Балалармен бірге өзіміз де мұнда келіп, шәкірттердің істеген жұмыстарымен танысатын едік. Көптеген ата-ана бұл мекемеден өзіне жұмыс та тауып жатты. Астана Арқа төсіне қоныс аударып, заман талабына сай жаңа Оқушылар сарайы пайдалануға берілгенге дейін мұнда ауқымды-ауқымды іс-шаралар өтіп тұрды, – деп есіне алады байырғы қала тұрғыны Василий Тоскин.

2001 жылдан бастап Оқушылар сарайының алдында Президент шыршасы қойылып, жаңа жылдық бал кеші өтіп келді. Тіпті шенеуніктер үлкен шыршаға «көлеңкесін түсіреді» деп сарайдың «Дала үстіндегі күн шапағы» аталатын оның алып күмбез композициясын өзгерткісі келген кездері де болған. Алайда қала халқының араласуымен кейбір адамдардың ол ойы жүзеге аспай қалыпты.

Ерке Есілдің жағасында сәулеті келіскен сол Оқушылар сарайы бүгін де көпшілікке қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.

Суретте Махамбет Өте­міс­ұлы атындағы Оқушылар сарайы.

Ғазиза ИСАХАН

Сурет Астана қаласының архив қорынан алынды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button