Басты ақпаратТағзым

АНАЛАРДЫҢ «АЛЖИР»-дегі АЗАБЫ

Астана іргесіндегі Ақмол ауылында орын тепкен «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінің ашылғанына 10 жыл толып отыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің қарсаңында осы ауылда «Ұрпақтар ұмытпайды. Помнят потомки» атты халықаралық конференция өтті. Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, ҚР Парламенті депутаттары, тарихшы ғалымдар, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері қатысып, мұражайды аралады.  

Бастапқыда КарЛагтың арнайы бөлімшесі болып құрылып, кейіннен «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері» атауын алған «АЛЖИР»-ден өткен ғасырдың 30-50 жылдары этаппен 20 мыңнан астам әйел өтсе, олардың 8 мыңнан астамы мерзімдерін толық өтеп шыққан. «Халық жауының әйелі» немесе «халық жауының отбасы мүшесі» ретінде сотталғандарды мұражай ауласында тұрған «Сталин вагонымен» немесе оның екінші атауы «Қызылшамен» осы жерге әкелетін.

img_2121-kopirovat

Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, бұл вагон 1927 жылы қуғынға ұшыраған және Қазақстанға жер аударылған адамдарды тасымалдау үшін арнайы тапсырыспен Одесса қаласында жасалған. Конференцияға қатысқан Татьяна Шевченко әжесі, «АЛЖИР» тұтқыны Мариам Анцистің осы туралы естелігін жаңғырт­ты.

Мұражай аумағындағы «Қасірет қақпасы» монументінің, «Түңілу мен әлсіздік», оған керісінше «Күрес пен үміт» композицияларының өзіндік мән-мағынасы бар. Ал Қазақстандағы өзге мемлекеттердің елшіліктері орнатқан ескерткіш белгілер лагерьде отырған 62 ұлттан шыққан әйелдер туралы сыр шертеді. Олардың ең көбі орыстар болған (4390 адам). Ал қазақтардан 87 әйел «АЛЖИР» тұтқыны атанған. Атап айтсақ, Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал Майлина, Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова-Есенғұлова мен енесі Арифа Есенғұлова, Жұмат Шаниннің зайыбы Жанбике Шанина, т.б.

img_8308-kopirovat

Бұл конференцияға Жұмат Шаниннің немересі Жанат Қасымханқызы қатысты. Оның сөзінше, әжесі Жанбике 8 жылға сотталып, «АЛЖИР» лагерінде мерзімін толықтай өтеп шыққан. Өзге әйелдер сияқты ауыр жұмысқа жегілді. Көктем уақытында арықтарды қолымен қазып, тазалады. Колөнерге икемді болғандықтан, тігін цехында жұмыс істеді. Сығырайып жанған шамның жарығымен түні бойы киім тікті. 1946 жылы босап шыққаннан кейін Қарағандыға келді. Абақтыдағы ғұмырын көп әңгімелемей, өмірден өтті.

img_8311-kopirovat

Мұражай ауласында тағы бір ескерткіш еріксіз көз тоқтатады. «Қақ айырылған жұлдыз» деп аталатын оған гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары «Алаш» саябағында алма ағаштарын отырғызды. Бұл саябақтың ауданы – 1,5 гектар. Кезінде «АЛЖИР» тұтқындары да осы жерге алма еккен. Осылайша, қазір ұрпақтар сабақтастығы орын алып отыр.

img_8363-kopirovat

Қонақтар «АЛЖИР»-дің ызғарлы суығы» және «Дольше жизни» деректі фильмдерін тамашалады. Конференция барысында «Ұрпақтар ұмытпайды. Потомки помнят» естеліктер жинағының тұсауы кесілді.
Ақмол ауылының №5 ор­­­­та мектебі «Зер­де ал­а­уы» ­қойылымын қойды. «…Бірде қыстың таңында біз Жалаңашкөлден қамыс будаларын арқалап келе жаттық. Жолда жұтаң киінген жергілікті адамдар кезікті. Қастарында балалары бар. Үлкендер бізді көрген соң балаларға қарап, бірдеңе айт­қаны мұң екен, балалар бізге қарай тас лақтыра бастады. Айдауылдар: «Сендерді Мәскеуде ғана емес, адамзат баласы жек көретінін байқадыңдар ма?» деп қарқылдап кеп күлсін.

x7g56430xywh9wcnhbw5smlszutw6v-kopirovat

Тұтқын әйелдер «бұлардың балаларға берген тәрбиесі осы ма?» деп налыды. Мен әлгі тастардың біріне сүрініп құлап, дәл алдымда жатқан тастан сүт пен ірімшіктің иісін сезгендей болдым. Шетінен тістеп көрсем, дәмі тіл үйіреді екен. Сөйтіп тастарды теріп алып, баракқа алып келдім. Барактағы қазақ әйелдері оның тас емес, кептірілген құрт екенін түсіндірді». Бұл – «АЛЖИР» тұтқыны Гертруда Платайс­тың естелігі. Осы естелікке сүйенген белгілі ақын Ғалым Жайлыбай «Тас пен ас» атты өлең жазған. Раиса Голубева да «Курт – драгоценный камень» өлеңін жазды. Бұл өлеңді Ақмолдың №5 орта мектебінің оқушысы Арина Котенко оқыды.

v-muzee-alzhir-kopirovat

Құндыз ҚАНАҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button