Үйренетін үрдістер

Антибиотиктің «әуресі» көп

Елімізде 8 мыңдай  дәрі-дәрмек тіркелген екен. Ауруға әсері де, сапасы да әртүрлі фармацевтикалық өнімдерді жұртшылық дәрігердің тағайындауынсыз-ақ қолдана береді. Соңғы кездері дәрілік заттарды бей-берекет пайдаланудан оның жанама әсерлері жиілеп кеткен. Сондықтан елорда әкімдігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бірлесіп, «Астана денсаулықты таңдайды» атты акцияны қолға алып отыр.  

Елордадан бастау алған акция туралы баяндаған министрліктің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Роза Қуанышбекова тек дәрігердің рецептімен берілуге тиіс дәрілердің дәріханаларда еркін сатылуы халықтың денсаулығына зиян екендігін айта келе, қолға алынған жоба ұлт саулығын қамтамасыз етуге септігін тигізетінін жеткізді.
Мамандар Астана қаласы тұрғындарының арасында арнайы сауалнама жүргізген. Соның нәтижесі көрсеткендей, елордалықтардың 51 пайызы дәрі аларда фармацевтермен, провизорлардың кеңесіне жүгінеді екен. Ал 18 пайызы таныстары мен туыстарының ақылына құлақ асса, 12 пайызы дәрілік заттарды өз бетінше сатып алады. Тұрғындардың тек 19 пайызы ғана дәрігердің тағайындауымен ем қабылдайды. Роза Тохтанәліқызының айтуынша, кез келген дәрінің жанама әсері болатынын, тіпті, кейбір антибиотиктерді дұрыс қолданбаса, бактериялардың дәріге төзімділігі пайда болып, антибактериалдық терапияның көмегі болмай қалуы мүмкін. «Мысалы, елімізде туберкулездің жазылмайтын түріне шалдыққандар бар. Нақтырақ айтқанда, оларға туберкулезге қарсы бірде-бір дәрі әсер етпейді. Себебі, сырқат жандар кезінде антибиотикті бейберекет іше берген. Соның салдарынан Кох таяқшасының қоздырғышы дәрілерге төзімді болып алды да қандай күшті дәріге де бой бермейді. Ал дүниежүзінде соңғы 15 жылда ешқандай жаңа антибиотик өндірілген жоқ. Құрт ауруының төзімді түріне шалдыққандарды тек сау адамдардан оқшаулаумен ғана шектеліп отырмыз» деді ол.

Енді министрліктің қолдауымен антибиотиктер, гормоналдық және тыныштандыратын әсері бар дәрілер тек дәрігердің рецептімен сатылмақ. Әрине, бұрын дәрілік заттарды еркін алып келген халық бұған наразылық білдіруі мүмкін. Сондықтан жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. Астана қаласының фарма­цевтикалық қауымдастығының президенті Степан Березиннің айтуынша, алғашқы кезеңде қаланың барлық дәріханалары мен емханаларында өз бетінше емделуден бас тартуға шақыратын арнайы плакаттар ілінеді. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері үшін семинарлар ұйымдастырылып, халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жаңа жоба биыл қыркүйек-қазан айларында толығымен іске қосылып, бүкіл Қазақстанды қамтитын болады.

Қ. ТОҚТАМҰРАТ, astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button