Басты ақпаратЖаңалықтар

Әкім атынан алғыс алды (ФОТО)

Елімізде Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының құрылғанына биыл 95 жыл толады. Осы айтулы шара қарсаңында Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин бір топ АХАЖ қызметкерлерін қабылдап, елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтың атынан алғыс хатпен марапаттады.

ERM_9012

Адам алғаш дүние есігін ашқанда оны алдымен арнайы құжатпен қамтамасыз ететін орган – АХАЖ. Мемлекет ішінен жаңа бір мемлекет, яғни жас отау шаңырақ көтергенде оларға батасын беріп, құжат ретінде растайтын да осы құзырлы мекеме. Сондықтан бұл органның айтулы мерекесі еліміз үшін де маңызды. Сала қызметкерлеріне құттықтау лебізін жеткізген А.Лукин осыған айырықша тоқталды.

ERM_8859

Біздің әрқайсымыз өмірге маңызды қадам жасап, шаңырақ көтергенде сіздердің тарапыңыздан жылы сөздер, құттықтаулар мен жақсы тілектер естиміз. Шынайы ниетпен айтылған жақсы сөздеріңіз қаншама отбасының берік қалыптасуына септігін тигізді. Жас шаңырақтың алғашқы қадамын құжат ретінде растау да кәсіби біліктілікті талап ететін жұмыс. Сіздер одан өзге де көптеген маңызды қызметтерді абыроймен атқарып, алдынғы буын – ардагерлердің тәлімді тәжірибесін лайықты жалғастырып келесіздер. Отбасылық құндылықтарды насихаттау , сақтау бағытында сіңіріп жатқан еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Сіздерді қазақстандық отбасылардың үздік дәстүрін жалғастырушылар деп білеміз. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді қала әкімінің орынбасары құттықтау сөзінде.

ERM_8887

АХАЖ қызметкерлерінің киелі  міндетінің куәсіндей болып, бұл шараға ширек ғасырдан астам уақыттан бері жұптарын жазбай келе жатқан ерлі-зайыптылар да қатысты. Биыл Қайрат Қаратаев пен Қарлығаш Әбдірахманованың шаңырақ көтергендеріне 50 жыл толыпты. Алтын той иелеріне сол күні құттықтаулар мен алғыстар көп айтылды. Ал Михаил Сергеев пен Лидия Сергееваның отбасын құрғандарына 60 жыл! Гауһар той иелері де құрмет пен алғысқа бөленді. Қала әкімінің орынбасары оларға естелік сыйлықтар табыс етті.

Отбасылық құндылықтың куәсі – сіздерге біздің құрметіміз шексіз. Сіздер іргесі берік шаңырақ көтеріп, баршамызға үлгі болып келесіздер. Адалдық, достық, махаббат сияқты өмірлік құндылықтардың бар екенін де іспен дәлелдедіңіздер. Сіздерге зор денсаулық тілеймін, бақытты отбасылық ғұмырларыңыз ұзаққа жалғаса берсін! – деп Андрей Лукин мерейтой иелеріне жылы лебізін білдірді.

ERM_8906

Бұдан соң алтын той және гауһар той иелері Астана қаласының мерейтой иелерінің жылнамасы – Құрмет кітабына естелік қолтаңбаларын қалдырды.

Айтулы датаға орай, АХАЖ қызметкерлерін елорданың аудандық әкімдіктері, қалалық Әділет департаменті, білім басқармасы, көші-қон полициясы және басқа ұйымдар құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.

М. НҰРЫМҰЛЫ, astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button