Басты ақпарат

ЭКСПО-2017: АҚЫЛДЫ ҚАЛАҒА – АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Астанада алғашқы «ақылды қала» технологиясы  ЭКСПО аумағында қолданылмақ.

Бұл туралы кеше баспасөз мәжілісінде IT және жаңа технологиялар департаментінің директоры Владимир Соболев мәлімдеді. Халықаралық мамандандырылған көрме аумағында энергия шығынын азайтатын арнайы жобаларды енгізу басталды.

kbb_6097-kopirovat

НЫСАНДАРДЫ БІР ТЕТІКПЕН БАСҚАРАДЫ

Көрменің инженерлік инф­рақұрылымына аса мән бере бермейміз. Алайда шараның сәтті өтуі тікелей осы жұмысқа байланысты. IT және жаңа технологиялар департаменті басшысының орынбасары Данияр Әшіров бұл тақырыпқа толығырақ тоқталды. «Ең озық техноло­гия­лардың бірі «ақылды энер­гия жүйе­сі – Smart Grid» деп аталады. Бұл жүйе 50 ша­ғын станция­ны біріктіріп, бір тетікпен басқаруға мүмкін­дік береді. Демек, апатты жағдайларды болдырмау, жүктемені азайту, электр энергиясын тасымалдау барысында қуаттың жоғалуын 30 пайызға төмендетеді» деді ол.

ЖАРЫҚТАНДЫРУ АВТОМАТТАНДЫРЫЛАДЫ

Көрме аумағында «ақылды жарықтандыру» жобасы аясында 1200 жарықдиодты шамдары бар жарық беруші бағана орнатылады. Түнгі уақытта көлік қозғалысы азайып, жаяу жүргіншілер болмаған жағдайда қаланы жарықтандыру 10-20 пайыз­ға дейін автоматты түрде азаяды. Ал жолда көлік пайда болғанда, жарық қайтадан қосылады.

Осыған ұқсас «ЭКСПО-2017» офистері мен павильондарында «ақылды ғимарат» технологиясы іске қосылады. Бөлмеде ауа тарылмас үшін қанша адам болса, сонша адамға желдету жүйесі өздігінен қосылады.

«Көрме кезінде көптеген қонақтарды қабылдауға даярлық жүріп жатыр. Бұл тұрғыда салқындатқыш, желдету, жарықтандыру мәселелері өте өзекті. Осы мәселелерді тиімді шешу үшін ғимараттар мен павильондардағы инженерлік жүйелерді бір жерден басқаруды көздеп отырмыз. Яғни, оларға кететін шығынды азайтып, нысандағы энергия тиімділікті ұлғайтуға болады» деді департамент директоры Владимир Соболев.

kbb_6100-kopirovat

ҮЗДІКСІЗ БАЙЛАНЫС БОЛАДЫ

Көпшілік қауым шынымен көмкерілген ғимараттардың радиотолқындарды жібермейтінін біледі. Осыған байланысты, ұялы операторлармен келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде ұйымдастырушылар кеңсесі ғимаратында елімізде алғаш рет Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің көмегімен ұялы байланыс операторлары құрылғыларды бірігіп пайдалануға келісті. Айта кету керек, бұл құрылғылар мен байланыс жүйелерін орнату мөлшерін 4 есеге азайтты. Энергияны тұтыну мен пайдалану шығыны айтарлықтай төмендеді.

ТҰРАҚ БӘРІНЕ ЖЕТЕДІ

IT және жаңа технология­лар департаментінің басты менеджері Замир Ибраев темір тұлпар иегерлерін қызықтыратын сұраққа жауап берді. «ЭКСПО аумағындағы автотұрақтар таксиге, автобусқа, қарапайым көлік жүргізушілеріне жеке-жеке бөлінген. Жеңіл көлікке 5116 тұрақ орны қарастырылған, оның ішінде 4769 орын QR код арқылы беріледі немесе терминалға төленеді. Бұған қоса, таксиге арнайы – 200 орын, ВИП-автотұрақта 187 орын болады. Ал 147 автобусқа арнайы орын белгіленген» деді ол.

Кешен аумағына кіріп-шыққан көліктерді «ақылды автотұрақ» тіркеп отырады. Қонақтар бос тұрақ орнын терминал арқылы көріп, оны брондай алады. Ал бос орын жоқ болса, көліктерді жақын жердегі тұрақтарға қойып кетуге болады. Мұның барлығы қалалық әкімдікпен келісіп пішілген. Автотұрақ ақылы негізде жұмыс істейді, тарифтер құны әлі белгісіз. Қонақтар үшін қолма-қол ақшасыз төлеу жүйесі енгізіледі. Қазіргі таңда банктердің бірімен келісім жүргізіліп жатыр.

Көрме аяқталғаннан кейін кейбір нысандар қала меншігіне беріледі. Ұйымдастырушылар көрме кешеніне қарасты нысандар энергияны үнемдеу мен жаңғырмалы энергия көздерін пайдаланудың жақсы мысалына айналып, бұл сала елімізде одан әрі дамитынына сенімді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button