Басты ақпаратҚоғам

ТАРЛАНДАР ҚАТАРЫНА ЕРТЕ ІЛІНГЕН

zholdasbekov-m-kopirovat

Мырзакең мен көрген алғашқы жоғары оқу орнының оқытушысы, ғылым кандидаты, доцент, емтихан алушы адам болды. Бұл 1968 жылдың тамыз айы еді. Қазақ университетінің журналистика факультетіне түсуге әдебиеттен ауызша емтиханды Мыр­затай Жолдасбеков пен тілші Жолымбетов алды. Билеттегі «Еңлік-Кебек» пьесасы туралы сұраққа білімімді көрсеткім кеп әрі жоғары баға алудан дәметіп Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» қиссасынан мысалдар келтіріп тұрып айтып бердім. Тілші ғалым: «Алаштың ақыны, халық жауы болған адамның шығармасын неге талдайды?» деп екі қойды. Мырзакең арашаға түсіп, үш қоюға көндірді. Бірақ университетпен қош айтысуға тура келді. Келесі жылы қайта тапсырып, оқуға түстім. Ең алғашқы дәрісті де Мырзакең өткізіп, көне түркі поэзиясы туралы қызықты лекция оқыды. Бұл біздің санамызды бір төңкерген жаңалық болды.

Содан кейінгі ширек ғасыр бойғы тіршілікте Мырзакеңмен арадағы байланысымыз сәлемнен аспады. Ол кісі жанына тартатындай ілік те болмаған шығар, мен де бауырына кіретіндей райын таппаған шығармын. Мүмкін, әр тараптағы немесе әр көзқарастағы әдеби ортаның өкілі болғандығымыздан да шығар. Кейін ол кісі біздің қолымыз жетпейтіндей биікке көтерілді, ол кісінің көзі шалатындай алаңқайға шығатын бізде мүмкіндік те болмады. Жатыр­қап жүріп жақын танысқан және:

«Сіздің маған берген бағаңыз сол баяғы үштен асып көрген жоқ» деп еркелей еркінсіген тұсым 2001 жылдың наурызынан басталды. Сол кездегі Қазақстан Рес­публикасы Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов мені Астанаға шақырып алды да:

– Астананың ғылыми салмағын арттыратын, қазақ тарихына қатысты сирек кітаптар мен қолжазбаларды шоғырландыратын «Отырар кітапханасы» мекемесін құрасың. Әзірше Еуразия университетінің ғимаратын негіз етіп аласың. Мырзакеңмен келістім. Қазір келеді. Қандай формадағы мекеме құрасыңдар, оны ақылдасып шешіңдер, – деп тапсырма берді. Мырзакең кіре орындыққа отырмастан:

– Тұрсын менің тілімді алмайды, – деді. – Алдырамыз, – деді Иманғали Нұрғалиұлы. Мен де қарап тұрмай: – Мырзаке! Мен сіздің қолыңыздағы алмас қылышпын. Отқа, оққа, жауға салсаңыз – өтемін. Ал боққа, дауға салсаңыз – өтпеймін. Әуелі сынап көріңіз, – дедім. Сол уағдамен мен Еуразия университетінің есігін аштым. Иманғали Нұрғалиұлы:

«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығын құру туралы Үкімет қаулысын 3 айда дайындап бітесің деген. Менің бұрынғы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйі туралы қаулыны шығарту барысында алған тәжірибем бар әрі бетім де қайтпаған, министрлерге еркін кіре беретін өжеттеу кезім еді, бір айдың ішінде 41 адамның, оның жетеуі министр, қолын қойдырып, Мыр­закеңнің алдына тастадым. Ол кісі Премьер-министрдің орынбасарына әкетті. Бірінші мамыр кезінде мен Алматыға төсек-орын әкелуге кеттім. 2 мамыр күні Ғылым-білім министрінің бұйрығы, шілде айының ортасында Үкімет қау­лысы шықты.

kazgu-13-kopirovat
Әрине, мұның барлығы Мырзакеңнің кеңшілігі болмаса, күніне үш-төрт рет қатарынан қабылдамаса, істің 3 айда да бітпейтіні анық еді. Несін жасырайын, әсіресе, алғашқы екі ай, қашан Мырзакеңнің сеніміне кіргенше, мен үшін өте қиын болды. Соңынан ұстаз-шәкірт, ағалы-інілі боп еркін араласып, ойымдағымды батыл айтатын жағдайға жеттім. Соның арқасында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы тез арада іргеленіп, буынын бекітіп, ел танитын ғылыми ошаққа айналды. Қазір астана автобустарының бір аялдамасы «Отырар кітапханасы» деп аталады. Мырзакеңнің жер басып жүрген 80 жылындағы айтулы бір белгісінің бірі, мен үшін бірегейі – жаңа астанадағы «Отырар кітапханасы» аялдамасы. Соны естіген са­йын сонау бір қиын күндер еске түседі.

***

«Отырар кітапханасын» құру туралы Үкімет қаулысы шығып, Мырзакеңнің де мінезіне үйреніп, сырын біле бастасам керек. Ғылыми орталықтың тұсаукесер рәсімін өткізу науқаны басталып кетті. Ал одан кейінгі әңгіменің арнасы басқа желіде өрбіген. Айта беріп неғыламыз, Мыр­закеңнің тұсында Ғылыми орталықтың іргетасы қаланды. Бөлмелер бөлінді. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры ашылды, мемориалдық кітапханалар алынды. Әлкей Марғұланның үйіндегі заттай құндылықтар әкелініп, жеке бөлме жасақталды. Бұл «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының толық қалыптасып, буыны бекіген тұсы болды. Енді ғылыми-зерттеу жұмыстарына бет бұрдық. Өкінішке қарай, орталықтың сирек қолжазбалар мен кітаптар қорының толығуы Мырзакең басқа жұмысқа ауысқан соң мүлдем тоқтап қалмағанымен де, әуелгі қарқынынан айырылып қалды. Тіпті, сол деңгейден көтерілмеді десе де болады. Қазір 115-тен астам сирек басылымдарды кітап етіп шығарып отырған «Отырар кітап­ханасы» ғылыми орталығы Мырзакеңе тікелей қарыздар. Сол үшін де ризашылығымыз шексіз. Бұл да ұстаз-ғалымның елінің руханият мұрасына қосқан үлесі.

kazgu-5-kopirovat
Кезінде Әбу Насыр әл-Фараби: «Адам баласы сияқты, мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағаны аттайды. Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу, екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де қайталанбас, қастерлі мезеттер» деген екен. Ғұламаның бұл сөздері Тәуелсіз Қазақстанның мемлекетін құрып, қалыптастыруда ерен еңбегімен белгілі Мыр­закеңе де тікелей қатысы бар. Егер де Мырзакең жас шағынан бастап ғылыми ізденістерінде «Мәңгі Ел» деп жазылған көне түркі ескерткіштеріндегі жазуларды өзінің аяулы ұстазы, профессор Б.Кенжебаевтың басшылығымен қазақтың ұлттық әдебиетінің қайнар бастаулары екенін теориялық тұрғыдан дәлелдесе, іс жүзінде Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевпен бірге жүріп, ширек ғасырлық тәуелсіз тарихы бар, «Мәңгілік Ел» идеясы мұратын көздеген жас мемлекетті құруда ерен еңбек сіңіргені мәлім. Сондықтан жоғарыда әл-Фараби ғұлама бабамыз айтқандай, Мырзакең үшін бұл екеуі де «қайталанбас, қастерлі мезеттер» екені анық.

img272-kopirovat

Түркі өркениетінің жаршысы

Мырзакең түркілердің көне дәуірдегі жазуын, тарихын зерттеу арқылы жалпы түркілік құндылықтарды өркениеттік құбылыс дәрежесіне көтерген ғалым. Осы уақытқа дейін әлемдік дәрежедегі өркениеттер құбылысын зерттеушілер (А.Тойнби, О.Шпенглер, С. Хантингтон және т.б.) түркілік өркениет туралы жақ ашпағаны белгілі. Кезінде, ХХ ғасырдың басында В.В.Бартольд «Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан» атты докторлық диссертациясын қорғағанда «мүйізі қарағайдай» докторлар мен академиктердің біразы «енді қалғаны Орта Азия барыстарының тарихын зерттеу ме?» деп мысқылдаған кездері болғанын білеміз.

Еуроцентрис­тік «аурудан» басталған осы бір құбылыстың сарыны қазірге дейін жалғасуда. Сондықтан түркілік өркениетті барынша зерттеу және оны әлемдік дәрежеде насихаттау – Мырзакеңнің ғылым мен білімдегі сара жолының өзегі. Оған «Тастар сөйлейді», «Камни заговорили», «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» (Қ.Сартқожаұлымен бірге), «Батыс Түрік қағанатының Атласы» (А.Досымбаевамен бірге) сияқты түркітану көкжиегін кеңейткен қабырғалы еңбектері дәлел. Бұл жерде қайраткер, ғалым Олжас Сүлейменовтің мына бір сөзінде: «Көне түркі тастағы жазуы туралы қазіргі таңда Жолдасбековтен артық айта алмаспыз. «Тастар сөйлейді» – соның куәсі. Тастағы бәдіз – руникада текті бабалардың жүрек қылы, шері, тарихы таңбаланған. Оны жүрекпен оқыған ғалымның қадірі ерекше» деп берген бағасын айта кетсек артық болмас. Жалпы алғанда, Мырзакең өзі бір ғылыми институт атқаратын алапат шаруаны тиянақтап шыққанын көруге болады. Бұл еңбектер түбінде түркілер өркениетін әлемдік тұрғыда мойындатуға берік тұғыр боларлық дүниелер екені анық

52-kopirovat
Түркі дүниесінде естен кетпес оқиға 2001 жылы Еуразия университетінде ректор болған кезінде Мырзакеңнің сол кездегі республика Премьер-министрінің орынбасары И.Тасмағамбетовтің көмегімен ішкі Моңғолия жерінен Күлтегін тасының жапондар жасаған көшірмесін университетінің төріне әкеліп орнатуы болды. Қазірде тас ескерткіш қойылған бұл төр университетке келген адамның қай-қайсысы болмасын көрмей, қасына барып суретке түспей кетпейтін киелі алаңға айналғалы қашан.

36-kopirovat
Әу баста ұлттық мұраларды зерттеуді мақсат тұтқан Мырзакең қазақ әдебиетінің алғашқы қайнар бастауларын, Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерттеуге мол үлес қосты. Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізді. Жамбылдың ақындық мектебін зерттеп, оның тұстастары мен шәкірттерінің туындыларын жан-жақты талдады. Сөйтіп, «V-XIV ғасырлардағы көне әдебиет нұсқалары», «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Асыл арналар», «Күлтегін», «Тоқсан толғау» (Н.Төреқұловпен бірге), «Жүз жыл жырлаған жүрек», «Асыл сөздің атасы», «Ел тағдыры – ер тағдыры» сияқты халқымыздың сан-салалы мұраларын зерделеу арқылы ғасыр бойы отаршылдықтың, кеңес дәуірінің тоталитарлық қысымынан запа шеккен қалың қауымның санасын өзгертуге, әлі қабырғасы беки қоймаған тә­уелсіз мемлекеттің жас ұрпағына «Мәңгілік Елдің» салауатты қоғамын құруда қажетті өнеге жүйесін қалыптастырып, сана еркіндігіне айқара есік ашты.

9-1-kopirovat

«Дүние шіркін …»

Мырзакең феноменінің бір қыры – оның ән мен күй шығару өнері, оны қазақтың қасиетті қара домбырасына салып шертуі, нағыз өнер иелерінің туындыларын дәріптеуі. Илья Жақановтың «Дүние шіркін…» эссе-элегия кітабы мен Мырзакеңнің «Дүние шіркін…» атты терең мағыналы ғажайып әні қос ағамыздың бірі – қара сөзбен, екіншісі – ән, музыка арқылы шығармашылығы қатар өрілген өнер әлемінен сыр шертеді.
«Атанғаным Мырзатай ел арқасы», «Қыз дәурен Ақбота», «Бәйтерек», «Шіркін дәурен», «Сен болмасаң» әуенді де сазды әндері Мырзакеңнің өзіндік дүние сезімі мен сырларына толы және терең мән-мағынаға ие. Өмірге келген ерекше сыры бар «Тотықұс» әні де Иранда елші болып жүргенде елге, жерге деген сағынышынан шыққаны мәлім.

6-3-kopirovat
Қазақтың өнер иелерінің туындыларын, ұлттық мұражай жәдігерлерін жинаушы ретінде де Мырзакеңнің еңбегі зор. Бұл істерді студент кезінен бастаған ол осы уақытқа дейін жалғастыруда. Солардың ішінде Молықбайдың қобызы, Бақтыбайдың домбырасы, Мұқан Төлебаевтың фортепианосы, Абылай хан мен Қаз дауысты Қазыбек бидің шапандары, айта берсек бұл тізім жалғаса береді.
Иә, Мырзакең туралы сөзді әрі қарай жалғастыра беруге болар еді. Бірақ мынаны есте ұстаған дұрыс сияқты. Мырзакең туралы айтқаннан гөрі оның өзінің айтқандарына жиі құлақ түру, жазғандарына зер салып, оларды көңілге түйгеннің пайдасы зор.

001-kopirovat
Қазақта «ұлық» деген сөз бар. Көшелі керуен тартқанда – жол бастайтын нар түйені ұлық дейді. Жұртты аузына қаратып билік айтқан көкірегі көмбе қарияны сөз ұстаған ұлық кісі деп төрге оздырады. Біз де бүгінгі мерейтойы қарсаңында Мырзакеңді төрге оздыра отырып айтатынымыз:

Ұлтымызды Мырзакеңдей сүйе білейік!
Елге Мырзакеңдей қызмет ете білейік!

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button