Қала тіршілігі

«Ақылды» жобалар артықшылығы

Астанада жүзеге асырылып жатқан смарт-жобалар америкалық ғалымдарды қатты қызықтыруда. Бір қуанарлығы, елорданың ескі бөлігіндегі «Жастар» шағын ауданында енгізілетін қанатқақты жобаларға америкалық технологиялар қолданылады. Мұндай жағымды жаңалықты Астана радиосының «Елорда тынысы» бағдарламасына келген «Astana Innovation» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев жария етті.

«Жуырда америкалық университеттің өкілдерімен кездестік. Олар біздің «ақылды» қала бағытындағы тәжірибемізге қызығушылығы барын байқатты. Смарт-қала бойынша өз жобаларын қолданысқа енгізіп жатқандарын жеткізді. Кездесу соңынан америкалық студенттерді елордаға жіберетіні жөнінде келісім жасадық» деді Олжас Сартаев.
Сондай-ақ, құзырлы мекеме басшысы әйгілі «Сколково» орталығының резиденттерін биыл құрылатын Астананың «ақылды» ауданында өз технологиясын енгізуге шақырғанын мәлімдеді. Қанатқақты жоба ретінде елорданың ескі бөлігіндегі «Жастар» шағын ауданы таңдалған. Ол жерде жаңа технологиялар 10 бағыт бойынша қолданысқа енгізіледі: абаттандыру (жылы тротуарлар, жылытылатын жолдар); «ақылды» жаяу жүргіншілер жолы және көлік қозғалысын жоспарлау; сандық-мобильдік кәсіпкерлік; «ақылды» инфрақұрылым (көшедегі жарықтар, жаңбыр суын ағызатын арықтар); экологиялық шешімдер (күл-қоқысты бөлек жинау), қауіпсіздік.
Елордалық ата-аналар бұған дейін 1-ші сыныпқа баратын баласының құжаттарын мектепке тапсыруға қатысты қолайсыздықтарға тап болатын еді. Астанада іске асырылатын «ақылды» жобалар бұл мәселенің шешімін табуға жол ашты. 1 маусым мен 30 тамыз аралығында олар баланың құжаттарын электронды-сандық қолтаңбаның көмегімен e.astana.kz сайтында тапсыра алады. «Портал 24/7 тәртібімен жұмыс істейді. Демек, ата-аналар үйінде немесе жұмыс орнында отырып-ақ мектепке жазған өтінішін онлайн-тәртіппен бере алады» деді Олжас Сартаев. Оның айтуынша, өтініш берушілер e.astana.kz сайтына кіріп, электронды мекенжайы мен байланыс телефондарын жазып, тиісті құжаттардың сканерленген көшірмесін қоса салады. Баланың мектепке қабылданғаны немесе қабылданбағаны жөніндегі хабарлама өтініш беруші азаматтың жеке парақшасына я болмаса электронды мекенжайына 5 жұмыс күні ішінде келеді. Құжаттар толық тапсырылмаса немесе сканерленген нұсқасында кемшіліктер болса, өтініш кері қайтарылады. Ал баланы мектепке тіркейтін кезде ата-аналар түпнұсқа құжаттарын ала барады.
Мұндай жүйе баланың мектебін өз қалауы бойынша немесе шағын ауданның жақындығына қарай таңдауға мүмкіндік береді. Шағын аудан бойынша мектеп таңдағанда ата-аналар бос қалған орындардың саны туралы ақпарат алады. Соның нәтижесінде өз таңдауын уақытында өзгертуге болады. Айта кетерлігі, бұл жүйе ата-аналарға өте қолайлы. Ал құжатты мектепке өз аяғымен барып, өз қолымен тапсыратындардың да еркі өзінде. «Үйінде компьютері немесе ғаламтор желісі болмаған жағдайда, ата-аналар электронды-сандық қолтаңбасын алып, жақын жердегі мектептің кеңесшісіне бара алады. Егер электронды-сандық қолтаңбасы болмаса, онда құжаттарды қағаз түрінде тапсыра алады» деп түсіндірді Олжас Сартаев.
Айтпақшы, балабақша кезегіне де тура осындай тәртіппен жазылуға болады. «Astana Innovation» АҚ-ның басқарма төрағасы «ақылды» жоба толықтай енгізілмегенімен бірқатар мектептер мен балабақшаларда жұмыс істеп тұрғанын айтты. «Смарт-емхана» мобильді қосымшасы арқылы елордалықтар үйінде отырып, емханадағы дәрігердің қабылдауына да жазыла алады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button