Руханият

Ақынның көркем кеші

«Астана» концерт залында белгілі ақын, ғалым Оңайгүл Тұржанның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылды­ғына арналған «Мен сағындым… Ал, сен ше, айналайын?!» атты поэтикалық мюзикл кеші өтті. Ақындардың әдеттегі шығармашылық кеш­терінен ерекшеленген бұл шара театрлан­дырылған қойылымға айналды.

Осыдан үш жыл бұрын, жаз­­дың жаймашуақ күнінде ақынның осыған ұқсас кешін­де әдебиетіміздің абызы, Қазақ­станның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы ақын өлеңдеріндегі ерекшеліктерге тоқталып, ХХ ғасырда қазақ қыздар поэзиясына үлкен жаңалық әкелген Фариза Оңғарсынованың жолын жалғастырушы ақындардың арасында осы Оңайгүл Тұржанның қолтаңбасы айшықтанып көріне­тінін айтқан еді.
Енді Әбіш аға жоқ… Бұл жолы ақынның ағасы емес, інісі сөз сөйледі. Кешті белгілі ақын Светқали Нұржан ашып берді. Оның сөзі Әбіш ағаның пікіріне жақын келді. «1985 жылдың маусым айында Қалтай Мұхамеджановтың: «Фаризаға дейін ерлер поэзиясы және әйелдер поэзиясы атты екі поэзиямыз бар еді. Фариза келді де екеуінің шекарасын жойып жіберді» деп айтқаны бар. Фариза апамның соңынан жыр көшін алып, Оңайгүл апам ілесе шықты. Бұл кісі 360 әулиесі күңіреніп Маңғыстауында қалған, мұңға, мұнарға батқан барлық суреттерді тірілтіп, көз алдымызға әкелетін құдіретке ие ақын, заманалардың суретін жаңғыртатын сиқырлы қалам иесі» деген С.Нұржан ақынның кешіне жырдан шашу шашты.
Оңайгүл Тұржанның балалық шағы майлы қиянның Уәлі деген жерінде өтті. Кештің желісі де ақынның бала кезінде көрген, жүрегімен сезінген оқиғалар, үлкендерден естіген әңгімелер негізінде құрылды. Осы кешке атау берген «Мен сағындым… Ал, сен ше, айналайын?!» деген тармақ та балалық шағын аңсаудан туған.
Асхат Маемировтың жетек­шілігімен «Аstana Musical» театры­ның әртістері кеш иесінің сол балғын кезеңіне жетеледі. Ақынға жыр жазу үшін керек Шабыттың, өлеңін іздеп жүріп оқитын Оқырманның, халқымызға кең тараған мифтік бейне Көкбөрінің, қазақ ініне ақ құйып шығаратын Жыландардың, ақжал Толқындардың, шетсіз, шегі жоқ құмдардың бейнесін сомдаған әртістер табиғатқа тіл бітіргендей еді.
Кеште ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button