Жаңалықтар

ӘСКЕРИ ТІРКЕУГЕ ТҰРУ МАҢЫЗДЫ

kbb_6870

Елімізде әскери тіркеудің маңызы неде? Кәмелеттік жасқа толған ер-азаматтарды әскери тіркеуге қалай қою керек, ол үшін не істеу керек? Көпшілік дер кезінде әскери тіркеуге тұру қажет екендігін ескере бермейді. Бұл, әрине, заңдық тұрғыдан үлкен олқылық болып есептелетін жайт.

Астана қаласында қорғаныс саласының мамандары арнайы жиын өткізіп, әскери тіркеудің маңыздылығын түсіндірді. Мамандардың айтуынша, жасы 16-ға толған жастардың әскери тіркеу туралы құжаты болуы тиіс. Ал 27 жасқа толған азаматтардың барлығына әскери билет алу міндеттеледі. Алайда бүгінде көптеген азаматтар мұндай талапқа атүсті қарайды, керек болса, мұндай талаптың бар екендігін де білмей жатады. Осы мақсатта біраздан бері елімізде жаппай түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы мамандар барлық білім беру орталықтары және өзге де мекемелерге барып, жұмыстар жүргізу үстінде. «Қазір басқа жерде тіркелген, алайда өздері өзге өңірде жұмыс істейтін жастар көп. Оларды дер кезінде табу қиын. Керек болса, тіркеу заңын ескермей немесе білмей жүрген азаматтардың нақты қанша екені де белгісіз. Сондықтан мекемелермен жұмысты жақсартып, тұрғындарға қажетті құжатты қай уақытта, қай жерден, қалай алу керектігін түсіндіріп жатырмыз. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №859 «Әскери міндеттілер мен әскерге шақырушыларды әскери есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» және № 620, яғни «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» қаулысы бойынша еліміздегі әрбір мекеменің кадр бөлімі әр айдың 25-іне дейін өздерінде жұмыс істейтін ер-азаматтардың саны туралы есеп беруі тиіс. Әрі азамат жұмысқа қабылданар кезде міндетті түрде әскери билет талап етілуі қажет. Сондай-ақ, қай қалада жергілікті мекемеде қызмет жасаса, сол мекеменің кадр бөлімі әскери есепті талап етуі міндетті» дейді Астана қаласы Қорғаныс істер жөніндегі біріктірілген басқармасының заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі топтың басшысы Тимур Спатаев.

Тұрғылықты жерін ауыстырған азаматтар 7 күн ішінде әскери комиссариаттарға барып тіркелуі керек. Ал бұл талапты ескермеу өз кезегінде заң бұзушылық болып есептеледі. Әкімшілік іс қозғалып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Дер кезінде есебін тапсырмаған әскери есепке жауапты қызметкерлерге 10 айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

2014 жылы тіркеу талабына атүсті қараған азаматтарға 601 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 9 млн теңге болған. «Ал биылғы жыл басынан бері 11 млн теңгенің айыппұлы салынған. Осыдан-ақ тіркеу мәселесінің қаншалықты ушығып тұрғанын байқауға болады» дейді Алматы аудандық Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма басшысы Ермек Қожамберлиев.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button