Жаңалықтар

ҚҰРБАН ШАЛАТЫН НЫСАНДАРДЫ ҚҰЛАҚТАНДЫРДЫ

kbb_6922

Бұрнағы күні Астана қаласының іргесіндегі «Әлжан ана» мешітінде қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай баспасөз мәслихаты өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған шараға «Нұр Астана» орталық мешіті бас имамының орынбасары Нұрлан Рамазан, «Әлжан ана» мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбитов және Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Арман Пірзадаев қатысты.\

Брифинг барысында Нұрлан Рамазан 12 қыркүйекте сағат 7.30-да айт намазын оқумен бастау алатын қасиетті Құрбан айт мерекесінің мән-маңызы туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, ұлттық нақышта сипат алатын мерекеде қала мешіттерінде үлкен дайындық жасалып, бірқатар игі шаралар мен акциялар қолға алынатынын айтты. «Құрбан айт – қазақ халқы үшін айрықша мереке. Төл дәстүрімізге айналған мүбәрак мейрамды бұқара болып атап өту – біздің игі салтымыз. 11 қыркүйек күні – Арапа, 12-14 қыркүйек аралығында үш күн Құрбан айт аталып өтіледі. Құрбан айттың құрметіне республика бойынша, соның ішінде бас қаламызда ауқымды шаралар ұйымдастыру жоспарда бар» деген Н. Рамазан қаладағы «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» және «Ғылмани» мешіттері ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорттық ойындар, мәдени іс-шаралар өткізілетінін жеткізді.

Бұл күндері қала көшелерінде қасиетті айды сүйіншілеп арнайы құттықтау билборд-баннерлері ілінсе, мешіт аулаларында қайырымдылық жәрмеңкелері халықты ізгілікке шақырады. Айт намазын әрі мерекені мешітте өткізуге жиылған жұртшылыққа құрбандық шалу рәсіміне қатысты арнайы түсіндірме парақшалары 10 мың данамен тегін таратылады. Мүбәрак мейрамнан бүлдіршіндер де шет қалмайды, «Қуанса, бала қуансын» шарасында балаларға базарлық үлестірілмек.

Мерекенің басты мақсаты құрбан шалып, ізгілік жасау болғандықтан, мүмкіндігі жеткен адам Алла жолында мал сойып, мұсылмандық міндетін өтейді. Осыған орай, биыл да қала әкімдігі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы орындарды бекітіп берді. Олар – Астана-Қосшы тас жолындағы «Алтын Таға» мал базары, Алаш тас жолы № 30 мекенжайындағы «Нұрбереке 555» ЖШС, Тілендиев даңғылы № 36 мекенжайындағы «Саянұр» базары, Астана-Софиевка тас жолындағы «Темеш» ШҚ, Астана-Қарағанды тас жолындағы «Метро» сауда үйі, Алаш тас жолы № 33 мекенжайындағы «Жайлау» нысаны, Железнодорожный кентіндегі «Мақсат 2007» ШҚ және Астана-Павлодар тас жолындағы «Шаушен» ЖШС.

Дін істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Арман Пірзадаев аталған нысандар Құрбан айттың құрметіне ел игілігі үшін берілгендіктен, мал сою барысында санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Айта кетсек, осы мақсатта жуырда ғана «Нұр Астана» орталық мешітінде қасапшыларға арнайы семинар-тренинг өткізіліп, құрбандық малын шалудың шариғи, медициналық талап-шарттары жан-жақты түсіндірілген.
Ал айтулы мереке күндері Астана мешіт­терінде «Раббың үшін құрбан шал!» қайырымдылық шарасы ауқымды түрде өткізілмек. Шара аясында дін қыз­меткерлері қала әкімдігімен бірлесіп, жиналған құрбан­дық еттерін тұрмыс-ахуалы төмен, мұқтаж отбасыларға таратуды жоспарлайды.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button