Жаңалықтар

ҚАЛА БЮДЖЕТІ ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ

nur_0367

Кеше елорда әкімдігінің ғимаратында Астана қаласы мәслихатының сегізінші кезектен тыс сессиясы өтті. Жиын барысында бас шаһардың 2016-2018 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу туралы мәселелер талқыланды.

– Келер жылы Астанада әлемдік деңгейдегі маңызды шара – «ЭКСПО-2017» көрмесі өтеді. Оған дүниенің түкпір-түкпірінен миллиондаған қонақ келеді деп күтілуде. Соған байланысты қаламыздағы көрнекті орындарды ретке келтіріп, меймандар алдында ұятқа қалмайтындай болуымыз керек. Елорданың басты символы әрі айнасы – «Бәйтерек» монументі. Бүгінде осы монументтің кей тұстары ескіріп, жаңбыр жауған күндері сұрықсыз қалыпқа түсетінін, шынысының кейбір тұстары шағылғанын көрдік. Ол шыны – жоғары технологиямен әзір­ленген, аса көп кездесе бер­мейтін бірегей материал. Өкініш­ке қарай, ондай материал шығаратын зауыт біздің елде де, көршілес Ресей Федерациясында да жоқ. Іздестіре келе оны Италиядан таптық. Енді алдағы уақытта 400 миллионнан аса қаржыға шыныны жаңалауға тапсырыс беру керек, – деді елорда әкімінің орынбасары Андрей Лукин.

Сонымен қоса, ол қаладағы көнерген театрлардың қазіргі кейпі жайлы баяндады:

– Астанадағы мәдени ошақ­тардың ең таңдаулысы – театр-лар. Ал сіз­дер театрлардың аянышты ахуалын көрдіңіздер ме? Арнайы құрал-жаб­дықтары болмағандықтан, онда жаңа спектакльдерді де қою мүмкін емес. Сондықтан тез арада оларға көңіл бөліп, ғимараттарын жөндеуден өткізу керек, – деді.

Бұдан бөлек, А.Лукин белгілі бір жұмыстарды орындау мақсатында қосымша Тұрғын үй инспекциясы басқармасына – 143 миллион теңге, Сәулет және қала құрылысы басқармасына – 150 миллион теңге, Бас жоспардың іске асырылуы­на мониторинг жүргізетін урбанистикалық зерттеулер сызбасының жасалуына 50 миллион теңге бөлу керектігін айтты.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button