Руханият

МУЛЛАШЕВТІҢ МӘНЕРІ

_mg_1331-1-kopiya

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның халық суретшісі, Қазақстан Көркемөнер академиясының академигі, Франция Көркемөнер академиясының лауреаты, Қытайдың Хан-Шан мен Шан-Тао университеттерінің құрметті профессоры Камиль Муллашевті өз басымыз «Сүйінбике-ханбике» картинасы арқылы таныдық. 

Әріптесіміз Нәзира Байырбектің «Сүйсінтіп өткен Сүйінбике» мақаласы газетімізде жарық көріп, сол материалдың әрленуіне қолданылған суретке назар аударғанбыз. Сөйтсек, оның авторы Камиль ағамыз екен. Бейнелеу өнерінің кескіндеме, графика, дизайн, мүсін жанрларында және сәулет өнерінде де қолтаңбасын қалыптастырған қылқалам шеберінің өнерге салған олжасы аз емес болып шықты.

Суретші отыз жасында орда бұзды деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. 1974 жылдан бері республикалық, бүкілодақтық, халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын көрмелерге қатысып келеді. Камиль Муллашевтің картиналарын да осы күндері Қазақстаннан бөлек, Лихтенштейн, Франция, Англия, Америка, Канада, Ресей, Түркия, Қытай, Жапония елдеріндегі жидалардан табуға болады.
1984 жылы Париждің атақты Гранд-Пале залында кеңес өнерінің 100 шығармасына арналған көрмеде «Ақ дала үстінде», «Жастық», «Бидай тасқыны» атты қазақстандық суретшінің бір ансамбль құрып тұрған үш суреті талғамшыл француздарды таңғалдырып, Франция суретшілер академиясының күміс медалін жеңіп алды.

Камиль Муллашевтің мәнерін мұнаралы Мәскеу де таниды. Суретшінің өзі Ресей астанасындағы В. Суриков атындағы көркемсурет институтының түлегі екенін айта кетейік. Сол өзі оқыған Мәскеудегі жер жүзіне әйгілі Третьяков галереясына оның студент күнінде салған «Таң» суреті және бертініректе қағаз бетіне түскен «Жер және уақыт. Қазақстан» триптихі қойылған.

Жалпы, Камиль Муллашев бірін-бірі толықтырып тұрған үш суреттен ғажап ансамбль құрудың шын шебері. Жоғарыдағы «Ақ дала үстінде», «Жастық», «Бидай тасқыны» мен «Жер және уақыт. Қазақстан» суреттері триптих болып саналады. Суретші былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап тамаша тарту жасады. Оның сол кезде салған «Ұлы көш», «Ер Абылай», «Елбасы» атты картиналар циклінің биылғы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы кезіндегі мән-маңызы одан сайын артып отыр.

«Ұлы көште» Керей мен Жәнібек хандар бастаған керуеннің көрінісін қапысыз көз алдына әкелетін картина келесіде қазақтың дәуірлеген шағымен жалғасады. Қазақ тарихында алар орны орасан Абылай хан мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнелері де мемлекетіміздің осы күндерге дейін өткен жолын айшықтап тұр.

Камиль Муллашевтің «Қыпшақ қызы», «Шопан», «Даладағы желде», «Мейірім шуа­ғы», «Халық әндері», «Адам жады» карти­налары, «Ақын Сара» портреті қазақ тұрмысы мен түсінігіне жақындығымен құнды.

Қорыта айтқанда, қытай елінде туып, қазақ жерінде өсіп-жетілген суретшінің мемлекетіміздің мәдениетіне сіңірген еңбегі мол. Биыл «Ұлы көш», «Ер Абы­лай», «Елбасы» атты триптихі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отыр екен. Суретшінің еңбегін комиссия мүшелері әділ бағалайды деп ойлаймыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button