Руханият

ҒАЛЫМНЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ

erm_4255

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Мағжан мен Сәкен» кітабының тұсауы кесіліп, ардақты азаматқа арналған «Ғалым» залы ашылды.

Доптай домалаған уақыт. Ұлағатты тұлғаның дүниеден озғанына да жыл толды. Халқымыз «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Дәл осы сөз Тұрсынбек ағамызға арнап айтылған секілді. Рас, өмірде халқым деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, өлшеусіз еңбек еткен ерлердің аты ешқашан өшпейді. Асыл ағамыз да солардың сойынан.

Ғибратты ғалымның өмір жолы қалтарыс-бұлтарысқа толы болған. 1927 жылы Ақмоланың Бұланды деген ауданында дүниеге келеді. Туған жерінде сауат ашып, білім нұрына шомылады. Одан кейін Ақмолаға келіп, (бүгінгі Астанаға) облыстық Қазақ драма театрының актері атанады. Бала күнінен инженер-геолог болам деген ол Алматыға оқуға аттанады. Ауылдан келген жігіт алғаш ақ бас Алатауды көріп, таңғажайып сезімге бөленеді. Алмалы қаланың көшесінде геолог мамандар оқитын оқу орнын іздеп келе жатып, маңдайшасында С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) деген жазуды көріп, еңселі ғимаратқа енеді. Алдынан бір қайырымды кісі шығып, жалынды жігіттің бойындағы отты көріп, аталған оқу ордасына түсуге ұсыныс жасайды. Міне, осылай басталған қысқа жол кейін даңғылға ұласып, халқымыздың қалаулы азаматына айналдырады. Университетте жүргенде Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев секілді игі жақсылардан тәлім алады. Ғылым жолына түседі. Қаршадайынан қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеді. Бейімбет Майлин шығарған «Садақ» журналын халқымен қайта қауыштырды. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин жайында құнды еңбектер жазды. Сәбит Мұқановтың әдеби әлемін биікке көтерді. Өзі де өмірде ұлттық мүдде, асыл мұрат жолында азаматтық қағидасынан таймады. Әділдікті ту етіп, шындықты пір тұтты.

Айтулы жиынды Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы­ның төрағасы, танымал ақын Нұрлан Оразалин ашып, қарымды қайраткердің өнегелі өмір жолы жайында арғы-бергі уақытты қамтып, шешіліп сөйледі. Одан кейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да ғалымның мағыналы ғұмыры туралы ізгі лебізін білдірді.

– Бүгін – біз үшін ерекше күн. Қазақ руханиятында өз орны бар көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, атпал азаматты еске алып жатырмыз. Ағамыздың өзі дүниеден озса да, оның қалдырған мұралары мәңгілік. Бір ғана Сәкен Сейфуллин жайында жазылған еңбектерінің өзі – бір төбе. Сондықтан да оның шығармаларының барлығы алдағы таңда зерттеуді қажет етеді, – деді министр.

Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков ардақты азаматпен Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірге қызмет атқарған жылдардан сөз өрбітті. «Тұрсынбек ағамыз қажымайтын, талмайтын қазақ әдебиетінің үлкен бір қайраткері болды. «Қазақ әдебиеті» деген қасиетті кафедрада бірге жұмыс істедік. Анау-мынауға көне бермейтін мінезі бар еді. Адал, өте таза адам болатын» деген жылы естелігімен бөлісті.

Шара барысында Ұлттық академиялық кітапханадан ашылған «Ғалым» залына халқымыздың аяулы перзентінің жеке кітапханасынан алты мыңға жуық кітабы мен Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтардың өмірі мен қызметіне қатысты мұрағаттық құжаттар табыс етілді. Одан бөлек, ғалымның жеке қолжазбалары мен басқа материалдардан жинақталған 83 папкадан тұратын құжат сыйға тартылды. Бір ғажабы, талантты тұлғаның өмір бойы жинаған кітаптары арасында араб тіліндегі сирек басылымдар және латын әліпбиіндегі қазақ балалар әдебиеті, көркем әдебиеттер, әдебиеттану, тарих, архитектура, өнер, энциклопедиялар топтамалары секілді құнды дүниелер көптеп кездеседі.

Жиын соңында көрнекті ғалымның зайыбы, филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Ахмет Тұрсынбек ағамыз туралы парасатты ой өрбітіп, жиналғандарға ризашылығын білдірді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button