Жаңалықтар

ҮЗДІК ЖАС ОТБАСЫ АНЫҚТАЛДЫ

zhenimpaz

Кеше С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық универ­ситетінде «Үздік жас отбасы» атты қалалық байқау өтті.

Отбасы күнін мерекелеу аясындағы бұл шара ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін, салауатты өмір салты мен бала тәрбиесіндегі дәстүрлерді насихаттауға бағытталған. Байқаудың ұйымдастырылуына Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Қазақстан Жастарының Конвенті» жеке қоры мен ҚазАТУ ұжымы ұйытқы болды.

Биылғы жазда отбасы құнды­лықтары жөнінде психолог мамандардың жетекшілігімен 15 тақырыптық тренингтер өтті. Ең белсенді астаналық 8 жұп осы конкурсқа іріктеліп, 3 кезең бойынша өзара жарысқа түсті. Атап айтқанда, бағдарлама «Шынықсаң, шымыр боласың», «Тілашар», «Би билесең, біздей биле!» бөлімдерін қамтыды.

Алғашқысында қатысушылар аяқтарына қап киіп жылдамдыққа жүгірді, теннис добын жәшікке дөп тигізуден сайысты, секіртпені серік етті. Ал, «Тілашар» кезеңінде жастар жүргізуші оқыған орысша сөздерді бірден қазақшаға аударып отырды.
Нәтижесінде барлық тапсырма бойынша жүзден жүйрік шыққан Мадияр мен Айкен Әбіловтер шаңырағы «Үздік жас отбасы» атанып, теледидарды қоржынға байлады. Екінші орын Қабылдиновтер отбасына бұйырса, Қабылбековтер үшінші орынға ие болды. Ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздарға медальдер мен бағалы тұрмыстық техника заттары сыйға берілді.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button