Басты ақпарат

«Astana» ӘКК» нысандары: Өрлеу ме, құлдырау ма?

«Astana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына сенімді басқаруға коммуналдық мүлікке жататын жиырмадан астам нысан берілген. Олардың қатарында бірнеше кәсіпорын мен спорт сарайлары бар. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары аталмыш корпорацияның осы тараптағы жұмысына біраздан бері сын айтып жүр. Олар аталмыш нысандар сенімді басқаруға берілген уақыттан бері өрлеудің орнына құлдырап кетті деп есептейді.

«Қазақстан» СК кері қайтарылады

Мәселенің байыбына жету үшін «Astana» ӘКК» АҚ-тың бұл бағыттағы жұмысы қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның қарауына шығарылды. Сол жерде қалалық Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерсін Өтебаев, «Astana» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Рүс­тем Қуанышбаев, «Astana Venua Management» ЖШС бас директоры Мәлік Хасенов есеп берді.
«Қазақстан» спорт кешенінің күрделі жағдайы көптен бері айтылып, жазылып жүр. Әсіресе, нысанның бассейні апатты жағдайға жетіп, жұмыс істемей тұрғанына бір жарым жылдай болды. «Astana» ӘКК» АҚ-тың бассейн­ді жөндеуге шамасы келмеген тәрізді. Енді спорттық нысанды кері қайтарып, қалалық Мәдениет және спорт басқармасының балансына бермек.
– «Қазақстан» спорт кешенін 2017 жылдың аяғында сенімді басқаруға алдық. Бассейннің жағдайы қоғамда біраз шу тудырды. Біз техникалық сараптама өткіздік. Мұнда нысанның шатыры мен бассейн бойынша мәселелер туындады. Сондықтан бассейнді жауып, мұз айдынын әзірге ашық қалдырдық. Қазір спорт сарайын Мәдениет және спорт басқармасына беру мәселесі қаралып жатыр. Жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жүргізілуде. Нысанды өз есебімнен күрделі жөндеуден өткіземін дейтін инвестор бар. Ол спорт кешенінде жанкүйерлер отыратын орындықтар мен пайдалы шаршы метрлерді көбейтпек» дейді Р.Қуанышбаев.

«Барыс-Арена» бассейні арзандады

«Барыс-Арена» көпфункционалды мұз сарайы, «Астана-Арена» стадионы және «Алау» мұз сарайы «Astana Venua Management» ЖШС басқаруына берілген. Бұл нысандар аталмыш серіктестікке өткеннен кейін олардың жұмысы жанданған сияқты. Мәселен, «Барыс-Аренаның» бассейні коммерцияландырып, соның нәтижесінде табыс едәуір артқан. Атап айтқанда, бассейнді пайдалану үшін 2018 жылдың ішінде кіріс 17 млн теңге болса, осы жылдың 1 қазанына бұл көрсеткіш 190 млн теңгеге жеткен.
«Бұдан бұрын бассейнде бапкерлер, құтқарушылар, кассирлер болған жоқ. Яғни, нысан жұмысында бір жүйе болмады. Біз келгенше ғаламторда нысанның жарнамасы да жүргізілмеген. Егер ғаламторда болмасаң, бизнесте де жоқсың. Сондықтан «Барыс-Аренаның» сайты мен SMM жүйесін іске қостық. Керек мамандарды жұмысқа қабылдадық. Соның нәтижесінде бассейнге келетін адамдар саны артты. 2018 жылы оған күніне 30 адам ғана келсе, қазір бір күнде 400 адам бассейн қызметін пайдаланады. Бұрын бассейнді пайдалану үшін күніне 4 мың теңге төлеу керек еді. Бұл баға коммерциялық ережеге мүлде сәйкес келмейді, тым қымбат. Осы бағамен жылдық абонемент 650 мың теңге болып шығатын. Бұл қаладағы ең сұранысқа ие «Fitness Palace» сауықтыру орталығының бассейнінен 250 мың теңгеге қымбат. Сондықтан бағаны 2 мың теңгеге түсірдік. Зейнеткерлер мен студенттерге 1200-1600 теңге шамасында баға қойдық. Бассейнге келушілер саны сол себептен артып отыр» деді М.Хасенов.
Коммуналдық мүлікті сенімді басқаруға беру жөніндегі комиссия мүшесі екенін айтқан қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов өткен жылы жарты жыл бойы «Барыс-Аренаның» бассейні бағасына наразы болғанын жеткізді. Оның айтуынша, 4 мың теңге – тым жоғары баға. Мұз сарайының бұрынғы басқарушылары жарнамаға, коммерциялық табысқа мүлде бас қатырмаған.

18 жылда жөндеу көрмеді

Оның әріптесі Гайдар Қасенов оң өзгерісті есепке алып, «Қазақстан» спорт кешенін де «Astana Venua Management» ЖШС басқаруына беруге болмай ма деп сұрады.
«Негізі «Қазақстан» спорт кешені келісімшарт бойынша бізге берілген еді. Келісімшарт биылғы 19 ақпанда жасалды. Бірақ біз тек менеджмент мәселесімен ғана айналыстық. Нысан апатты болып танылған соң 20 күннен кейін келісімшарт жойылды. Бір ай ішінде жалға алушыларды шығару туралы шешім шығарылды. Сондықтан біз ештеңе істей алмадық. Негізі, біз спорт сарайын сенімді басқаруға алудан қашпаймыз. Онда жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Стандарттар бойынша кез келген нысанды әр 10 жыл сайын күрделі жөндеуден өткізу қажет. Ал «Қазақстан» 2001 жылы пайдалануға берілді. 18 жылда бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Бұл проблеманы «Astana» корпорациясы анықтады. Спорт сарайының тұрған жері тамаша. Сол себептен келушілер саны да көп еді. Бассейннің өзіне мың адам келетін. Бағасы да арзан еді» деп жауап берді бұған М.Хасенов.
Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов осы мәселені түсіндіріп өтті. «Қазақстан» спорт кешенінің жөнделуіне қаржы саламын деген инвестормен өткен аптада кездестік. Олардан жазбаша ұсыныс бізге келіп түсті. Бұл ұсыныстар бізді қызықтырып отыр. Қазір олар қажет құжаттарды жинауды бастады. Бүгіндері спорт сарайында «Номад» хоккей клубы ойындар өткізеді. Спорт мау­сымы мамыр айында аяқталады. Осы уақытқа дейін барлық процедуралық жағдайларды біз де аяқтаймыз. Сосын жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Осы жұмыстардың бәрі, құжаттарды жинауды қосқанда 18 ай уақыт алады» деді басқарма басшысы.

«Шапағат» базары неге сатылды?

Жақында мәслихат депутаттары «Астана-Көгалдандыру құрылысы» кәсіпорнын аралағанда біраз түйткілді анықтады. Атап айтқанда, осы ұйымның еншісіне қаланы көгалдандыру жұмыстарының 30 пайызы ғана қалған. Сол себептен жұмысшылар да қысқарып, көптеген техника да қаңтарылған. Соның салдарынан қаладағы жасыл желекті күтіп ұстау құлдырады. Комиссия отырысында бұл мәселе қайта көтерілді.
Р.Қуанышбаевтың айтуынша, қазір «Астана Орманы», «Астана Тазалық» және «Астана-Көгалдандыру құрылысы» кәсіпорындарын біріктіру мәселесі қаралып жатыр. Жылдың аяғына дейін бұл мәселе шешілуі тиіс. Осы күндері әрқайсысының жеке кәсіпорын ретіндегі қызметі анықталу үстінде.
Қалалық мәслихат депутаты Еркеғали Есенжолов осы жылдың басында «Шапағат» коммуналдық базарының сатылғаны дұрыс болмады деп есептейді. «Шапағат» жылына бюджетке 60 млн теңге табыс әкелетін. Соған қарамай базарды сатып жібердік» деді депутат.
«Шапағатты» жекешелендіру жоспарынан алып тастауға бірнеше рет әрекеттендік. Корпорация­ның менің алдымдағы басқарма төрағасы да, өзім де, қаланың бұрынғы әкімдері де бұған қатыс­ты Үкіметке хат жазды. Бірақ нәтиже болмады. Базарды сатуға мәжбүр болдық. Осы жылдың наурыз айында үшінші рет базар аукционға шығарылып, сатылды» деді бұған қатысты Р.Қуанышбаев.
Отырыста жалпы аз сын айтылмады. «Astana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына нысандарды сенімді басқаруға бергенде, олардың даму векторы жоғары қарай өрлеп, бюджетке түсетін салмақ азая ма деп ойладық. Негізгі мақсатымыз да – сол. Бірақ бәрі керісінше болып отыр» деді мәслихат депутаты Мирас Шекенов.
«Astana» ӘКК» АҚ сенімді басқаруындағы әр нысанның мәселесі жеке-жеке қарауды қажет етеді. Бір кәсіпорын мәселесінің өзі біраз уақытты алады. Депутаттар енді корпорация жұмысын бақылауға алды. «Астана-Энергия» АҚ, т.б. осы секілді қала тіршілігінде маңыз­ды рөл атқаратын кәсіпорындардың жағдайы мәслихаттың алдағы отырыстарының бірінде қаралмақ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button