Басты ақпарат

Қала – біздің ортақ үйіміз

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласындағы №76 мектебінде өткен экосағатқа қатысып, жоғары сынып оқушыларына арнайы дәріс оқыды. Дәрістен соң мектеп ауласындағы «Жеңімпаздар аллеясында» жеңімпаз спортшы балалармен бірге көшет отырғызды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Алтай Көлгінов робототехника кабинетінде болып, робот үлгілерімен танысты. Ә.Бөкейханов атындағы музейді аралап, балалар таныстырған құнды мәліметтерге қанықты. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев: «6 қазан күні бүкіл дүние жүзінде халық­аралық тіршілікті қорғау күні аталып өтіледі, Қазақстан үкіметі де елордамыз Нұр-Сұлтан әкімдігімен мектептерде экосағатын өткізуде. Экосағаты еліміздің 7000 мектебінде ұйымдастырылып, оған 3 млн-ға жуық оқушы қатысады» дей келіп, баршаны табиғатқа немкетті қарамай, оны қорғауда азаматтық тұрғыдан белсенді болуға үндеді.
«Үнемділік үйден басталуы тиіс, сондықтан үйден шыққанда жарықты өшіріп, суды тиімді пайдалануға үйрену керек, қоқыс­ты қалай болса солай тастамау қажет. Қаланың тазалығы оның тұрғындарының мәдениетіне байланыс­ты» деп, оқушыларды қала тазалығын сақтауға шақырды. Тынық мұхитта пластик бөтелкелердің жиналған көлемінің бір жарым млн гектарға жеткенін, бұл үш Францияның жер көлемі болып есептелетінін, соңғы уақытта қала әкімшілігі, экология министрлігі ұйымдастырған тазалық шараларының нәтижесінде өзен-көлдер жағасы тазартылғанын айтқан Бердібек Мәшбекұлы сөз соңында мектеп бітіргелі отырған оқушыларға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Сейдірұлының «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға түсіп, елге қызмет етіп жатқандығын мысал етті.
Қала әкімі Алтай Көлгінов өз сөзінде экосағаттың мәні мен маңызы зор болғандықтан, бұл шараға 17 министрдің атсалысқанын келтірді. «Қала дегеніміз – ортақ үйіміз. Осы жазда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы экочелленджді бастады. Жастар белсенділік танытып, қаланың айналасындағы өзен-көлдерді тазалауға қатысты, сонда көргеніміз – су қоймаларының айналасы қоқысқа толған, оны басқа планетадан келіп ластаған жоқ, басқа облыстың адамдары әкеліп төккен жоқ, сіз бен біз ластадық, демалысты жақсы көреміз, бірақ артынан жинамаймыз. Жақында Швецияның кішкентай қызы үлкендерге: «Сіздер бізге қандай планетаны беріп жатырсыздар?» деп ұрысты. Экология – әлемдік тренд. Елбасымыз Н.Назарбаев елорданы осы жерге көшірген кезде бастаған үлкен жұмысы – жасыл белдеу болатын. Қазір Нұр-Сұлтан қаласының айналасы орманға айналды, Елбасы өзі қадағалап отырды. 90 мың гектар жерге ағаш егіліп, ол Бурабай жақтағы орманмен қосылды, еңбекпен келген орман – біздің тыныс алатын өкпеміз» деп табиғатты қорғау бүкіл тіршілікті қорғау екенін түсіндірді. «Ертең мемлекетті басқаратын сіздер, сіздер мәдениетті, парасатты жастар болсаңыздар, қоршаған ортаға деген көзқарас та өзгереді» деп, оқушыларды қалада ұйымдастырылатын игі шаралардан қалыс қалмауға шақырды.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button