Басты ақпаратҚала мен Сала

Астана – алып құрылыс алаңы

Қазақстанда жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде кәсіби мереке – Құрылыс саласы қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бүгінде елімізде құрылыс саласындағы 53 мың кәсіпорында 620 мыңнан аса адам еңбек етеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өніміндегі құрылыс саласының үлесі 6 пайыздан асқан.

Құрылыс саласы ел экономикасында ерекше орын алады. Инженер, жобалаушы және саланың басқа да мыңдаған мамандары еңбегінің арқасында елімізде қалалар мен ауылдар бой көтеріп, энергетикалық, әлеуметтік, көліктік инфрақұрылымдар құрылып, ірі өндіріс кешендері іске қосылды. 2023 жылдың бірінші тоқсанында еліміздің жалпы ішкі өнімі құрылымындағы құрылыстың үлесі 4 пайызды құрады. Соңғы 5 жылда құрылыс жұмыстары мен қызмет көрсету көлемі бойынша да оң өсу үрдісі байқалды, жыл сайынғы өсім шамамен 10-14% құрайды. Елімізде 2023 жылдың бірінші тоқсанында 73 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс саласы қыз­меткерлерін мерекесімен құттықтады. Салтанатты жиын барысында ведомство қызметкерлеріне министрдің құрмет грамоталары мен «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші», «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгілері табыс етілді. «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен сала ардагерлері Александра Бобко, Бекбосын Ахамбеков, Мизанбек Еламанов, Жәкентай Қожабергенов, Бекболат Шукужанов, Ерлан Бегалин, «Құрметті сәулетші» төсбелгісімен Гүлнәр Шалабекова, Нығымет Алпысбаев, ал «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгісімен Данияр Исаев мен Нұрлыбай Бабасов, сондай-ақ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің 12 қызметкері министрдің құрмет грамоталарымен марапатталды.

Бұл мерекенің тойланып келе жатқанына 60 жылдан асты. Құрылысшылар күні алғаш рет Кеңес одағы кезінде 1956 жылы 12 тамызда атап өтілді. Күнтізбеге тұрақты енген Құрылысшылар күнінің бірінші рет атап өтілуі Мәскеуде «Лужники» стадионының ашылуымен тұспа-тұс келді. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін де бұл күнді Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь, Армения елдері атап өтіп келеді. Қазақстанда бұл күн 1998 жылы ресми түрде кәсіби мерекелер тізіміне енді. Ашық  дереккөздеріне сүйенсек,
Қазақстанда бүгінгі таңда
2 282 499 үй болса, соның
1 946 649-ы – жеке, 335 850-і – көппәтерлі үйлер. Соның ішінде ең көбі Алматыда – 509 872 пәтер, 129 270 жеке үй бар. Ал Астанада 259 236 көппәтерлі тұрғын үй мен 30 476 жер үй салынған. Қазақстандағы пәтерлердің орташа ауданы – 56.8 шаршы метр.

Астана қаласының әкімі
Жеңіс Қасымбек биыл 6 мыңға жуық әлеуметтік пәтер салу, құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй кешенін аяқтау, бірқатар тұрғын үй кешеніне жөндеу жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізген болатын. Алдағы үш жылда апатты жағдайдағы ескі үйлердің тұрғындары үшін 2,5 мыңнан 3 мыңға дейін пәтер салынады. Сонымен қатар ол елордада 2 жыл ішінде 40 мектеп салу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, 11 мектеп жаңа оқу жылы ішінде пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы 24 мектеп салынады. Аталған ұлттық жоба аясында Есіл және Нұра аудандарында 15 мектеп бой көтереді. Мәселен, «Хан-шатырдың» артында осы бағдарлама бойынша 3 мектеп салу жоспарланып отыр, олар 12 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев 2023 жылы Астанада құрылыс көлемі 50%-ға дейін қысқартылатынын айтты. Баспана құрылысының азаю себебі «қолжетімді ипотекалық бағдарламалардың жоқтығы».

– Елімізде тұрғын үй сатып алушылардың жалпы үлесінің шамамен 82%-ы ипотекалық несие алушылар, ал қолда бар ипотекалық бағдарламалардың қысқаруы тұрғын үй сатып алуды жоспарлап отырған азаматтардың айтарлықтай бөлігінің мұны жасай алмайтындығына әкеледі. 7-20-25 бағдарламасы бойынша 2023 жылға бөлінген 100 млрд теңге, 2022 жылға бөлінген сомадан үш есе аз. Мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, бөлінген қаражат қысқартылды. Бұл сома азаматтардың тұрғын үйге мұқтаждығымен салыстыруға келмейді, – деді төраға.

Соңғы жарты жылда шаршы метрге сұраныстың төмендеуінен елордадағы ірі құрылыс компаниялары қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болды. Астананың құрылыс салушыларының болжамы бойынша осыған орай елорданың құрылысында және онымен байланыс­ты салаларда 30 мыңға дейін адам жұмыстан босатылады. Ел бойынша құрылыс индустрия­сы мен онымен байланысты салаларда бір жарым миллионға жуық адам айналысады. Бұл – жарты миллионға жуық маманның табыссыз қалу қаупі бар деген сөз.

Құрылысшы – адамзат өркениетiнiң бастауында тұрған мәртебелі мамандықтардың бірі. Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Тәуелсiздiк жылдары елiмiзде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндiрiс орындары көбейдi. Әсіресе, елордамыз – Астана қаласының бүгінгі келбетімен әлемді таңқалдыруына құрылысшылардың сіңірген еңбегі орасан зор.

Астана қаласының  құрылысына миллиондаған доллар инвестиция тартылды. 50 миллион долларға «Бейбітшілік және келісім сарайы», 30 миллион долларға «Астана-Арена» стадионы, 300 миллион долларға «Хан шатыр» сауда орталығы салынды. Астананы салуға Қазақстанның 71 қаласы, 432 құрылыс компаниялары, оның ішінде «BI GROUP», «Қуат», «Базис» құрылыс компаниясы қатысты, 135 зауыт құрылысты материалдармен жабдықтап отырды. Жергілікті фирмалармен бірге қала құрылысына түріктің – «Джейлан», «Сембол», «Окан», «Аксель», корейдің «HIGH WILL», итальян, француз, швейцар компаниялары да үлес қосты. Жыл сайын 60-тан 100-ге дейін орташа және ірі нысандар беріліп отырды. Астанадағы ауқымы мен шапшаңдығы жағынан бұрын-соңды болып көрмеген аса күрделі құрылыс жұмыстары құрылыс үрдісіне қызмет көрсететін барлық саланы дамытты және Қазақстанның өндірістік кәсіпорындарын да жандандырды. Құрылыс жүргізу ісіндегі әлемдік озық теория мен тәжірибенің жетістіктерін пайдалана отырып құрылысшылар мен жобалаушыларға барынша жоғары талап қойып, күрделі міндеттер жүктелді. Астана нысандарын жобалауға әлемдік сәулет шеберлерін тарту туралы нұсқау берілді, ал құрылыс жұмыстарына тартылатын мердігерлер әлемнің жетекші құрылыс компанияларының қатысуымен өтетін тендерлердің нәтижелері бойынша анықталды.

Құрылыс ел экономикасында жетекші орын алады. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда 169 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынды, 1,5 млн азамат тұрғын үй жағдайын жақсартты. Тек соңғы 12 жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 2,8 есеге 1,7-ден 4,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Елімізде тұрғын үймен қамтамасыз ету әрбір тұрғынға 22,6 шаршы метрге жетті, оның ішінде қалалық жерлерде – 25,0 шаршы метр, ауылдық жерлерде – 19,3 шаршы метр. Қазіргі Қазақстан қалаларының сәулеті өмір сүру үшін неғұрлым заманауи және жайлы болды, жаңа теміржол және автомобиль магистральдары, өндірістік кешендер мен зауыттар, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеу­меттік объектілер салынды, инфрақұрылымдық желілер дамып, жаңғыртылуда.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button