Басты ақпаратРуханият

Адамзаттың Абайы

Астанада Абай күні мерекесі кең ауқымда аталып өтті. Ұлы ақынның туған күніне арналған шараларды қаланың Тілдерді дамыту және архив ісі, Мәдениет, Білім басқармалары, бас қала аудандарының әкімдіктері ұйымдастырды. Сол күні ашық аспан астында да, мәдени ошақтар мен білім мекемелерінде де хакім ұлықталды.

Байқоңыр ауданының әкімдігі Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия­мен бірлесіп «Журналистер» аллеясында «Алдымда ақын Абай – темірқазық» атты мәдени-танымдық шара ұйымдас­тырды.

Шара барысында білім ошағының өнерлі ұстаздары мен оқушылары Абайдың әндерін шырқап, қара сөздері мен өлеңдерін оқыды. Осы мектептегі «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жетекшісі, ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызы Абай мұрасына тоқталып, тұлғасын толық тану үшін зерттейтін тұстарына назар аударды.

– Биылғы 2023 жылдың Абаймен байланысы ерекше. Абай ғұмырының соңында күрделі өмір кешті. 1903 жылы, осыдан 120 жыл бұрын Абай үйіне тінту жүргізілді. Оған басты себеп – ақынның Көкшетау және Ақмола өңірлерімен байланысы. Биыл осы оқиғаға бір күн арнап талдасақ, тарихшы мұғалімдерге үлкен жұмыс болар еді. Абайды тек қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдері ғана емес, барлық пән мұғалімдері танып, таныту керек. Абай үйіне тінту – тарих пәні мұғалімдеріне өте таптыр­майтын тақырып. Неге тінту жүргізілді? Оған себеп болған не? Шәймерден Қосшығұлов деген кім? Астананың іргесіндегі Қосшы қаласы неге Қосшы аталды? Бұл сұрақтарға жауап Абаймен тікелей байланысты. Біз «Абай – дана», «Абай – данышпан», «Абай – хакім» деп құр үстірт мақтай бергенше, нақты деректерге сүйеніп, не істеуіміз керек деген бағытта зерттеуіміз қажет деп ойлаймын, – деді Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйе­сінің ұйымдастыруымен №5 балалар кітапханасы және «Kitap qala» ашық аспан астындағы кітапханада «Абай әлеміне ­саяхат» атты театрландырылған көрініс пен «Құлақтан кіріп, бойды алар» тақырыбында Абай оқулары өтті. Оған №23, №49 орта мектеп оқушылары мен жас маман кітапханашылары қатысты. Абай өлеңдері оқылып, әндері шырқалды, қара сөздерінен ғибрат алу мәселесі көтерілді, «Жүректен өлең төгіп, қосқан жырға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің маманы Қайыржан Күзембаев «Абайдың қуғын-­сүргінге ұшыраған туыстары мен ұрпақтары» дәрісін өткізді.

Оның айтуынша, Абайдың ұлы Тұрағұл 1927 жылы тұтқынға алынған. Түрмеден шыққан соң мал-мүлкі тәркіленіп, Шымкентке жер аударылды. Хакімнің тағы бір перзенті Мекайыл 1931 жылы Семейдегі «Полковничий» аралында атылды. Ағасы Құдайбердінің ұлы, Абайдың ақын шәкірттерінің бірі Шәкәрімнің де атылып, денесі құдыққа тас­талғаны тарихтан белгілі. Ал ақынның інісі Ысқақтың ұрпағы Ахметбек 1931 жылы тұтқындалып, хабар-ошарсыз кеткен.

«Жастар» театрында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдас­тыруымен «Адамзаттың Абайы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеш барысында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры­ның «Абай» трагедиясынан үзінділер көрсетілді. Аға Абайды Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов сомдады. Сахналық қойылымда Абайдың бала кезінен бастап жасы ұлғайғанға дейінгі көріністер, тұлға тартысы бейнеленді. Аталмыш қойылымды заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармасы желісімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков сахналаған. Сондай-ақ кеш барысында Абай арқылы ұйымдастырушылар жастардың классикалық әдебиетті оқуға деген қызығушылығын ояту және Абай шығармаларында тұлғаның эстетикалық талғамы мен қасиетін насихаттауды көздеді. Кеш барысында Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндері шырқалды.

Астананың Нұра ауданының әкімдігі ұйымдастырған шара барысында елорданың көрікті жерлерінде «Көзімнің қарасы» әні әуеледі. №1 өнер мектебінің оқытушысы Әйгерім Мұханбетжан және оқушылар Айым Әбдірахманова мен Ясмин Асхатқызы құрған қобызшылар триосы осылайша Абай әнін насихаттады.

Елорданың Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, соның ішінде ұйымның жастар қанатының өкілдері әлеуметтік желілерде Абайдың шығармаларын жатқа оқу бойынша челлендж бастады. Түрлі этнос өкілдері әлеуметтік желіде #abaychallenge хештегімен бейнероликтер жариялады.

Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Арман» және «Боровичок» балалар сауықтыру лагерлерінде «Абай – дана, Абай дара қазақта» поэтикалық кеш, Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен «Қорғалжын» сая­бағында «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» әдеби-сазды кеш өтіп, М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Абайдың соңғы күндері» деректі фильмі көрсетілді.

Ал Ұлттық академиялық кітапханада Абай күніне арналған «Абай әлемі» шарасы өтті. Оның аясында «Абай – тұтас бір әлем» атты кітап көрмесі, «Адамшылықтың алды – ма­хаббат, ғаділет, сезім» атауымен халықаралық дөңгелек үстел отырысы, «Сен де бір кірпіш дүниеге…» поэзия сағаты, журналист, аудармашы, «Ағылшынша тіл сындыру» кітабының авторы Ернат Қашқынов «Абай арқылы ағылшынша үйрен» атты шеберлік сағатын өткізді. Ақынның туған күніне орай алдын ала әлеуметтік желіде ұйымдастырылған «Абай менің жүрегімде» бейне-reels-тер байқауы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button