Басты ақпарат

Астана баршаны бауырына басты

«Қоғамдық сананы жаңғырту – қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізі» тақырыбында Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтті. ҚХА басқарушы органы – сессия жұмысын қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жүргізіп, атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталып өтті.

– 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға арналған кешенді шараларды жүзеге асырдық. Әсіресе, бас қаламыздың тарихи-мәдени ескерткіштерін біріктіретін «Қазақстанның киелі картасы» жобасы қызығушылық танытты. Көп шаралардың ішінен «Бозоқ» ғылыми-мәдени экспедициямызды бөліп айтар едік. Өткен жазда белгілі елордалық ғалымдар мен ассамблея мүшелері бірге көне қаланың орнына барып, атқарылуға тиісті жайттардың жайын анықтаған болатынбыз. Бүгінде осы бір көне мекенді қайта жаңғыртуға әзірлік жүріп жатыр, – деді Ермек Аманшаев.
Қала әкімінің орынбасары келесі жылдан бастап Достық үйінің құрылысы басталатынын айтты. Тағы бір елең етерлік жайт, елімізде тұрып жатқан барлық этнос өкілдерінің қазақ халқына алғысын білдіретін монумент орнату ретіне тоқталып өтті. Қала әкімдігі өткен жылы «Қазақ еліне мың алғыс!» жобасына ашық бәйге жариялаған болатын, ал Ермек Аманшаев «елордамызға мұндай ескерткіш керек» деп атап айтты.
– Келесі жыл атаулы даталарға толы болмақ. Бұл тек қана мәдени спорттық шаралар ғана емес, қайырымдылық саласында да айтулы шаралар қарастырылған. Қазір «рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 100 кәсіпкердің басын құраған меценаттар клубы құрылып, 80 ірі жоба ұсынылды. Елорданың 20 жылдығы мерекесі қарсаңында да ірі көлемді шаралар өткізілмек, бұл істерден де ассамблея мүшелері қалыс қалмайды» деп сендірді әкімінің орынбасары.
– Әкімдік ҚХА тығыз байланыста жұмыс істейді. Соңғы жылдары 34 млн теңгенің жобалары қолдау тапты. Мұндай жұмыстар алдағы жылдары да атқарыла бермек. Дегенмен, келесі жылы жұмыстың тиімді тұстарына басымдық беріп, жоғары екпініне мән беруіміз керек» деп сөзін қорытындылады Аманшаев.
Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай Астана қалалық ассамблеясының жұмысын оң бағалады. Ол: «еліміз үшін ерекше жыл болып саналатын биылғы 2017 жылы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу, Ассамблеяның Бейбітшілік пен келісім аллеясын ашу және Ұлттық музейде бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін таныстыру және басқа да маңызды стратегиялық жобалар мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жұмыстарының бел ортасында жүрді» деп атап өтті.


Бұл заңды да, елорда баршамызға үлгі болатын оның өзіндік орны мен рөлі де ерекше. Ассамблея мүшелеріне артылатын мұндай жауапкершілік жүгі жұмысты бұдан әрі жұмыла отырып, қоғамға жаңа серпін бермек. Сонымен бірге, Дархан Мыңбай алдағы жылы да басымдық берілетін игі істердің легіне тоқталды. Атап айтқанда, астаналық ассамблеяның ұйымдастыруымен өтетін «Этнос күнін» жаңа сапаға көтеріп, өнегелі мазмұнға толтыру қажеттігін айтты. Әр этнос өкілдері тек ұлттық дәстүрі мен мәдени мұрасын ғана насихаттап қоймай, еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына нақты қосқан үлесін де халыққа жеткізуі шарт. Этникалық БАҚ жұмысын жаңғыртып, этнос өкілдерінің шынайы тұлғасы сомдалуы тиіс. Бұл іске республикамыздың басқа өңірлерінде жасап жатқан белгілі ғалымдар мен кәсіпкерлерді тартып, жастарға үлге ете отырып, көрмелер мен кино қойылымдармен түрлендіру жөнінде ұсынысын айтты.
Сонымен бірге сессияда наурыздың басында өтетін дәстүрлі Алғыс айту күніне қарай «Қазақ еліне мың алғыс» жобасын ауқымды түрде атап өтіп, оны «Қайырымды көршіге рахмет!» атты шара мен тұтастыру мәні түсіндірілді. «Астана – Қазақстанның барлық түкпірінен келгендерді бауырына алды. Бұл – жаңа қоныстанған жұрттың елі, жасампаз қала! Сол үшін де бізге түрлі этностарды, жергілікті қауымдастықты жақындастыратын бастама қажет. Бұл барша Қазақстан үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы тың дәстүрге айналуы керек» деді Дархан Мыңбай.
Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Президент қазақстандықтардың рухани туыстығының іргетасын қалап берді. Бұл идея біздің халқымыздың одан әрі бірігуіне және мемлекетіміздің тұрақты дамуына негіз болады. Осылайша сессияға қатысушылар да бұл идеяның еліміздің тұтастығын біріктіруші ретіндегі маңызын атап өтіп, бірауыздан қолдау білдірді. Ұлт көшбасшысының аталмыш бағдарлама негізінде барлық этностар жаңа өзгерістерді сәтті орындау жолында одан әрі бірігетін болады деген ортақ мүддеге тоғысты. «Сессия соңында қарар қабылданды. Сессия барысында Астана қаласы әкімі атынан елордалық этномәдени орталықтарының белсенді мүшелеріне алғыс хат табыс етілді. Сонымен қатар, Астана қаласы ассамблеясының 2018 жылғы қоғамдық төраға орынбасарлары болып, армян қоғамдық бірлестігінен С. Салумян және Қазақстан күрдтері астаналық филиалының басшысы Ш.Фатоев сайланды.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button