Басты ақпарат

«Астана» қаржы орталығы әлем инвесторларын қызықтырады

Астана 20 жылдың ішінде еліміздің экономикалық өсімінің драйвері болып, инвестициялар тартатын орталық ретінде қалыптасып үлгерді. Астананың астана болып кетуіне күмәнмен қарағандар бүгінде бұл тарихи шешімнің қаншалықты дұрыс екендігіне баға беріп жатыр. Біз әрқашан әлемдік деңгейдегі қаланың қалыптасқанын мақтанышпен айтып отырамыз. Қаржы орталығының тұсаукесері Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс өткелі отыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы елордамыздың дамуына елеулі үлесін қосады деген сенімдеміз. Мемлекет басшысы Үкімет пен Астана қаласының әкімдігіне «Ақылды қала» жобасын жасау мен бағалы қағаздарды шығаруды тапсырған болатын. Бұл кешенді істер қаржы орталығымен бірге жүзеге асырылатын болады, – деді «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов кеше Үкімет үйінде өткен брифингте. 

ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫ

Елордада бір ай бұрын іске қосылған «Астана» халық­аралық қаржы орталығының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов кеше Үкімет үйі­нің баспасөз орталығында өткен брифингте Президент Жолдауындағы «қаржы секторын «қайта жаңғырту» міндеттері қалай жүзеге асыры­лып жат­қандығы туралы баян­дады.
1 қаңтардан халықаралық қаржы орталығы аумағында ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген тәуелсіз қаржылық соты, арбитраж орталығы, визалық орталығы және биржа жұмысын бастады. Қайрат Келімбетовтің айтуынша, бүгінде АХҚО-ның барлық институттарын заңмен реттес­тіру жұмыстары талқыланып жатыр. 2019 жылдың 1 қаңтарына таман жобалық қуатқа жету мақсатында орталықтың құрылымдарын өрістету жұ­мыс­тары қарқынды жүруде.
Басқарма төрағасы әлемдегі ірі Goldman Sachs инвести­ция­лық банкі мен Silk Road компаниясы «Астана» халық­аралық қаржы орталығына инвестиция құюға қызығу­шы­лық танытуда дейді. «Давоста өткен Дүниежүзілік эко­номикалық форум аясында Caspian Week конференциясы өтті. Оның аясында көптеген кездесулерге қатыстық. Аталған екі компаниядан бө­лек өзге де инвес­торлардан түрлі ұсыныстар келіп түсуде. Шетелдік маман­дардың пікірінше, мұндай орталықты Орта Азия аумағында құрудың өзі – революцияға тең» деді басқарма басшысы. Айта кетейік, Goldman Sachs банкі – инвес­тициялық банкинг, бағалы қағаздар нарығы, инвестициялық менеджмент және көптеген қаржылық қыз­мет көрсететін америкалық қаржылық конгломерат.

«ASTANA FINANCE DAYS»

Қайрат Келімбетов Мемлекет басшысының АҚШ-қа жасаған ресми сапары кезінде қаржы элиталарын 5 шілдеде өтетін «Астана» халықаралық қаржы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне шақыр­ғанын айтты. «АХҚО алаңында «Astana finance days» атты үшкүндік конференция ұйым­дастырылады. Оның аясында исламдық қаржы орталығы, блокчейн технологиясын енгізу, сандық технологияны дамытуға арналған форумдар өтеді» деген Қайрат Келімбетов бұл шаралар әкімдікпен бірлесіп атқарылатынын атап өтті.
Бастапқыда «Астана» қаржы орталығы ЭКСПО аумағына көшіріледі делінген болатын. Әзірше қалашықтағы қайта жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. Шамамен осы жылдың соңына қарай ЭКСПО аумағының үшінші және төртінші  павильондарында орналасатын болады.
Қайрат Келімбетов орталықтың 20 жылдық кешендік жоспары әзірленгенін айтты. «Осы уақыт аралығында біз әлемдегі ең ірі 30 қаржы орталықтарының тізіміне кіруге ниеттіміз» деді ол.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы 3-5 жыл ішінде өзін-өзі өтейді деген үміт бар. Әзірге мекеменің инфрақұрылымы салынып, толық іске қосылуы үшін 2018 жылға 20 млрд теңге бөлінді. Жалпы, қаржы институттарын дамытуға үш жылдың ішінде 60 млрд қаржы жұмсалады. Ал биржа табыс әкеле бастағаннан кейін бюджет көлемі азаяды. Біздің болжам бойынша, қаржы институттарының есебінен 3-5 жыл ішінде елімізге 3-5 млрд доллар пайда келіп түседі. Ал 2027 жылға қарай бұл қаржының көлемін 40 млрд долларға дейін ұлғайту көзделген, – деген басқарма төрағасы орталықтың қаншалықты тиімді екендігіне баса назар аударды.

2018 ЖЫЛҒА –  20 МЛРД ТЕҢГЕ

«Астана» халықаралық қар­жы орталығы өзінің ресми ақпараттық серіктесі ретінде Bloomberg компаниясы мен отандық Atameken Business Channel телеарнасын таңдап, олармен келісімшартқа отырды. Сондай-ақ, ҚР Қаржы министрлігі, қаржы орталығының биржасы (AIX) және Euroclear банкі арасында ынтымақтас­тық туралы меморандумға қол қойылды. Екі тарап Қазақ­стандағы халықаралық клиринг (қолма-қол ақшасыз есеп айырысу) жүйесін дамытуға келісті. Меморандум нарықтық ортаны қалыптастыру мақсатында жұмыс істеу ниетін білдіреді. Соның арқасында қазақстандық бағалы қағаздар Euroclear жүйесі бойынша шетелдік инвесторларға қолжетімді болады. Одан бөлек Waves блокчейн-платформасымен келісім жасалды. Waves-пен жұмыс істеу арқылы АХҚО отандық стартаптарға жобаларды жаңа технология­лық деңгейде дамытудың бірегей мүмкіндігін береді. Яғни, бұл бастама елімізде блок­чейн-технологияларын дамытуға ықпалдасады. Мұның барлығын Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапарының жемісі деп бағалау керек.

 

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button