Қала тіршілігі

Бірлесіп шешуге келісті

Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев «Железнодорожный», «Промышленный», «Күйгенжар», «Мичурино» және «Интернациональный» тұрғын алаптарының тұрғындары арасында есепті кездесуін өткізді. Әдеттегідей әкім ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды.

Кездесуге келген азаматтар бірқатар мәселелердің шешіміне әкімнің тікелей араласуын сұрады. Соның бастысы – мектеп оқушыларына білім беру сапасы, тұрғын алабында кітапхана ашу, аялдамалар салу, балаларға арналған спорт алаңдарының жұмысын жандандыру мәселесіне көңіл бөлінді.
Мәселен, «Промышленный» тұрғын  алабында 600 шәкіртке арналған №57 орта мектепте 1408 оқушы оқып жатыр. Бұл, әрине, тұрғындарды алаңдатуда.
Аудан басшысы бұл мәселенің күн тәр­тібінде тұрғанын, алдағы уақытта мектептің жанынан қосымша ғимарат салынып, оқушылардың жағдайы біршама жақсаратынын айтты.
Сонымен бірге, елді мекеннің тұрғындары қаңтардың ортасындағы аязды күндердің салдарын да сөз етіп, көмек көрсетуін сұрады. Лұқпанов 9 мекен-жайындағы тұрғын үйдің жайы қаладағы қызмет көрсетуші компаниялардың шұғыл араласуын қажет етеді. Ескі үй болған себепті, басқарушы компаниялар да бас тартқан. Аязды күндері ыстық, суық су желісі, жарық беру тораптары істен шыққан. Үйдің шатыры жарылып, жаз болса тұрғындардың мазасы кетеді. Әкімнің өзі бұл үйдің тұрғындармен жеке кездесіп, бар жағдайды бірлесіп шешу қажеттігін айтты.
Аудан әкімі кездесуге келгендерге «Э-ПИК» мобильдік қосымшасын қолданысқа енгізуге атсалысу қажеттігін айтты. Бұл – тұрғын үй қоры мәселелері бойынша тікелей өтініш беріп, олардың орындалуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін жаңа жүйе. Негізінде бүгінгі күнге дейін аудандағы 205 ПИК ішінен 160 кооператив аталған қондырғыны орнатқан. Ауданда орналасқан 1138 тұрғын үйдің 700-ден астамына орнатылып, ПИК жұмысының сапасы мен қызметінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік болып отыр. Тұрғындар жеке үйлеріне ұры түсу оқиғаларына арызданып, бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарын қолға алуды өтінді. Бүгінгі таңда ауданның 507 тұрғын үйге 2 374 камера орнатылған екен. Осындай кездесу Иманбаева көшесінде орналасқан №54 орта мектепте өтті. «Азаттық» ПИК төрайымы Татьяна Горусина аулаларды абаттандыру бойынша мәселе көтерді. Өйткені көптеген үйдің аймағы қаңтарылған мәшинелермен толып, жүргіншілер жолы салынбағаны көбін алаңдатады. Бүгінгі күнде Алматы ауданында 603 аула болса, өткен жылы 150 ауланың аумағы, балалардың 116 жаңа ойын алаңы абаттандырылған. Жоғарыда аталған жайттардың шешімі алдағы уақыттың еншісінде қалып отыр.
Сонымен бірге аудан әкімі аудандағы кейбір пәтерлердің суықтан тоңған тұрғындардың мәселесін шешіп беруге «Теплотранзит» жылыту компаниясына бір апта уақыт берді. Астаналықтар «Астана су арнасы» мекемесінің қызметіне де сын айтты. Кездесуге келіп отырған Ш.Уәлиханов, Жәнібек Тархан, Республика даңғылы, М.Ғабдуллин, А.Иманов, Абай даңғылы мен С.Сейфуллин көшелерінің бойындағы үйлердің кейбір пәтерлерінде судың қысымы төмен болып, сусыз қалып отырған жайлары бар.
Осы компаниялардың жұмысын үйлестіру үшін және басқа да жеке өтініш талаптар ескеріліп, аудан әкімі халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға күш салатынын айтты.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button