Басты ақпаратТуризм

Астана туризмі әлі де ақсап тұр

Туризмнің көрігін қыз­дыруға болады екен, тәжірибе жоқ емес, бар. ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесі кезінде, қазақстандықтардың тайлы-таяғы қалмай Астананы бір көруге асыққан еді ғой. Әуежайдан да, теміржол вокзалдарынан да ағылып келіп жатқан жұртқа қарап, осындай деңгейде туризмді дамытуға болады екен-ау деп таң қалдық.

Былтырғы жаздың аптабы артта қалды, қала көшелері былтыр­ғыдай емес босап қалғандай. Шет тілде сөйлегендерді сирек кездес­тіреміз. Бәйтеректің айналасы кейде адамға толып қалады. Жайлы автобустардан түсіп жатқандарға қарап Бурабайдан келген түрлерін байқаймыз. «Астанаға ағылған жұрттың аяғы неге саябырсып қалды?» деген сұрақты Астаналық туризм қауымдас­тығының президенті Әйгерім Мұхамеджановаға қойған едік.
– Былтырғыдай емес әрине, дегенмен елордаға туристер келіп жатыр. Саяхатшыларды қарсы алып, шығарып салуға бар кү­шімізді салып жүрміз. Бірақ та, Астана туризмінің дамуына кедергі келтіретін мәселелер жоқ емес. Соның бастысы, гидтің, қаланы аралатып көрікті жерін көрсетіп, өткені мен кеткенін әсерлі жеткізетін мамандардың мәртебесі анықталмаған. Олардың туризмнің басты белгісі әрі беделі екенін ешкім ескермейді. Шын мәнінде шетелдік турист үшін гид – барған еліндегі ең жа­қын туысы, ақылшы жол бас­­таушысы. Оны құрметтеп, қызметін жоғары бағалайды. Ал бізде ше?! Гид-мамандардың жылап келгеніне талай куә болдық. Оның бір мысалын айтайын. Қаладағы мұражайға турист ертіп барып, еліміздің басты рәмізі туымыз туралы сұрағанға түсіндіріп жатқанда, есіктің жанында отыр­ған күзетші гидтің жағасынан алып, бөтен жұрттың көзінше сөгіп, ыңғайсыз жағдайға қалдыр­ғаны бар. Неге дегенде өз қыз­меткерлерінен басқа ешкімнің түсіндіруге құқысы жоқ екен. Ал мамандарың қайда дегенде шет тілін білетін ешкім болмапты.
Астана – мейрамханадан кенде емес. Десе де туристердің асығыс түстеніп, кешкі асын жылдам ішуге лайықталған орындар жоқ­тың қасы. Еуропалықтардың көбі вегетариандықтар, кейбірі халал сұрайды, олардың қала­уынша асқа тапсырыс беру жағынан да осал тұстарымыз бар. Айта кетелік, 40 адамды ер­тіп алған гид мейрамханаға түс­тенуге апарсын делік. Олар мей­­рам­хананың тәртібі бойынша үл­кен порция­лы тамақ алып ішуге мәжбүр. Ол астың жартысы желінбей қалады. Соған қарамастан ақшасын төлеп, екі сағат уақыты түстену­ге кетеді. Шетелдерде турис­терге арналған асығыс ас ішіп, жеңіл түстенетін мейрамханалар жеткілікті.
Тағы да айтатын жайт, турис­тер кешкілік асықпай отырып, кейде сырасы не шарабын сызылтып ішіп шаршағанын басып (мәдениеті ғой), елдің этникалық мәдени мұрасымен танысып, ерекшеліктерін білгісі келеді. Туристер баратын жерлерде бұл ескерілмеген. Өзге жұртқа белгілі қызмет болған соң, біздерде шетелдік қонақтарымыздың өтінішін орындағымыз келеді. Ондай жағдайда мейрамхананың бір залын жалға алып, әртіс­терді шақырып әлек боламыз. Мейрамхана болған соң ас мәзіріне тапсырыс беру керек, өнерін көрсеткендерге тағы ақысын төлейміз, сонымен өзімізді, өнерімізді таныту қымбатқа, әртіс іздеп әбігершілікке түсіп жатады. Туризмі дамыған елде қалай? Олар жай ғана сусынын ішіп, аздап тіске басатынын алып жайлы орынға жайғасып, барған елінің мәдениетін тамашалап, әсерін алып қайтады. Қанша тырыссақ та, аса қажет туризмнің осы қыз­метін жандандыра алмай жүр­міз. Үлкен концерт залдарына апаруға болады, бірақ бұл басқа жағдай.
Елімізге келген қонақты автобуспен алып жүреміз. Турис­тік автобустарға арналған тұ­рақ­тың стандарты бекітілді. Бірақ көліктің түрі, көлемінің мөлшері анықталып, бекітілмеген. Сол себепті қаланың көрікті жерле­рінің тұрағына тоқтағанымызда көлікті қайда қоярымыз­ды, қандай баға төлейтінімізді білмей қиналмыз. Осылайша жартылай біткен шаруа да діңкелетіп тұр.
Астана туризмінің бір тынысы Қорғалжын табиғи паркінің даңқын әсіресе еуропалықтар жақсы біледі және оған барғысы келеді. Бурабай да көрікті табиғатымен қонақтарымызды қызықтырады. Алайда ол жер­лерді әлі де болса туризмге тартымды етуге болар еді. Астананың төңірегінде Бозоқ бар деп жатамыз. Өкінішке қарай, оны туристік бағытқа айналдырып, тартымды ету үшін көп жұмыс­тар жасау керек. Қазылған топырақтың үйіндісімен ешкімді таң қалдыра алмаймыз.
Астананың он шақты қонақ­үйінің босағасындағы арнау­лы жерде жарнамалық дүниеле­рі­мізді апарып қойдық. Нәти­же­сіз емес, сол арқылы қала қо­нақ­тары уақытын бөліп, ақыры жол түскен соң, елорданың кө­рікті жерлерін бір көріп кетуге ынталы болады. Бұл – біздің қауымдас­тықтың ғана жұмысы. Ал егер мем­лекеттік деңгейде еліміздегі бар жауһарларды жарнамалай алсақ, онда туризм саласының кем-кетігін толтырып, оның дамуына даңғыл жол салар едік.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button