Басты ақпаратЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігіҚоғам

АСТАНАДАН ӘСКЕРГЕ АТТАНДЫ

Астана қалалық әкімдігінің алдында «Қорғаушы атағына лайық бол!» деген атпен жас сарбаздарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада сарбаздарды жігерлендіретін сөздер айтылып, патриоттық әндер шырқалды.

Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Андрей Лукин, ҚР Қорғаныс министрлігі Ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің басшысы, генерал-майор Мүсілім Дайы­ров, Ақмола гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Данияр Жұмаділдаев бастаған әскери қызметкерлер қатысты. Сондай-ақ, жас сарбаздарды мектеп оқушылары мен орта және жоғары оқу орындарының студенттері шығарып салды. Ең бірінші болып Андрей Лукин сөз алып, сарбаздарға сәт-сапар тіледі.

5465

– Әскери қызмет ер-азаматтың өміріндегі ең маңызды міндет болып саналады. Өйт­кені сіздер Отан алдындағы борыштарыңызды өтеп, ел тыныштығын күзетейін деп отырсыздар. Дәл қазіргі кезде алаңда тұрған сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыс­тары қобалжып тұрғаны жасырын емес. Алайда сапта тұрған сарбаздардың әскерге барғаннан кейін шынығып, шымыр болып оралатынын қаперден шығармаған жөн. Сондықтан да сіздер әскерде жүрген кезде бір-бірлеріңізге қолдау көрсетіп, абыроймен оралыңыздар, – деді ол.
Сөз соңында ол көпшілікті 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 72 жылдығымен құттықтады. Ал генерал-майор Мүсілім Дайы­ров болса жас сарбаздарды жігерлендіретін сөздер айтып, өз ақыл-кеңестерін жеткізді. Оның айтуынша, әскерге барып, еліне қызмет ету – әрбір азаматтың міндеті.

– Құрметті шақырушылар! Сіздер әскери міндеттеріңізді атқару үшін аттанатын биылғы жыл – ерекше жыл. Өйткені Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Біздің қазіргі таңдағы Қарулы Күштеріміз – заман талабына сай, кәсіби деңгейі жоғары деңгейдегі армия. Әскер әрбір ер-азаматты тәртіпке және жауапкершілікке жетелейді. Сондықтан да алдағы қабылдайтын әс­кери анттарыңа берік болың­дар. Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен атқарып, ата-аналарыңа, туған-туысқандарыңа аман-есен оралуларыңа шын жүректен тілектеспін. Жолдарың ашық болсын! – деді генерал-майор.

534

Шара барысында Астана қаласының арнайы мақсаттағы десанттық-шабуыл бригадасы жұртшылыққа қоян-қолтық жекпе-жектен өнер көрсетті. Сондай-ақ, алаңда «Айбын-2015, 2016» республикалық әскери патриоттық жиынына қатысушы Нартай Нұрланұлы және №25 мектептің оқушылары мерекелік қойылым көрсетті.

Серік  ЖОЛДАСБАЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button