Қоғам

ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІМІЗ – БЕРІК ҚАЛҚАН

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республика сының Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Рес­публикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы» 1992 жылдың 7 мамыр­дағы №738 Жарлығының негізінде Қазақстан Респуб­ликасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.

Бауыржан ЛЕКЕРОВ,
Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник

ekue

Қазақстандық армия құру барысында барлық әскери құрылымдарды взводтан дивизияға дейін офицер кадрларының жетіспеушілігі өткір мәселе болды.Ел Президентінің Жарлықтарымен және өкімдерімен Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы белгіленді. Тұңғыш министр болып КСРО Қарулы Күштерінің сапында Ұлы Отан соғысын бастан кешкен, Кеңес Одағының Батыры атанған танымал командир әрі жоғары басшылық құрамында болған қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Көптеген офицерлер нағыз патриот ретінде Отан үніне құлақ түріп, ұлттық армияның қатарын толықтырды.Отанына қызмет етуге әзір екендіктерін іс жүзінде дәлелдеп, туған елге бет түзеді.

1992 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Республикасы қорғанысын ұйымдастыратын негіздемені белгілейтін, мемлекеттік билік пен басқарушы органдарға өкілеттік беретін «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің әскери антының мәтіні жасалып, Президенттің 1992 жылғы 25 тамыздағы Жарлығымен іске асырылды.Осы кездерден әскери комиссариат өкілдеріне қойылатын талап пен тапсырмалар ұлғая бастады.Әскери комиссариат азаматтарды Қарулы Күштер қатарына шақыру, сарбаз, сержант пен запастағы офицерлерді және әскери техникаларды есепке қоюмен қатар, бірқатар әлеуметтік саладағы істерге де етене араласты.

2004 жылғы 10 мамырдан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің нұсқауымен Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департамент болып аталып, жаңа штат бекітілді.
Жыл сайын Департамент тарапынан 30-дан аса әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар атқарылады. Астана қаласының Білім басқармасымен бірлесе көптеген әскери-патриоттық және спорттық клубтар құрылуда. Бүгінгі таңда олардың саны 60-қа жетеді.

Алдағы уақытта да Департаменттің алдында қорғаныс істер сипатында қыруар шаруалар күтіп тұр. Әкімшілік-аймақтық аумағында жергілікті атқарушы органдармен бірлес­кен жұмылдыру және жұмылдыруды өріс­тету іс-шаралары атқарылуда. Осыдан әскери есепке алу, көліктік техникаларды есепке қою, азаматтарды әскери қыз­метке шақыру және келісімшарт бойынша шақырылуға үміткерлерді Қарулы Күштер мен басқа да әскери құралымдар қатарына әскери қызметке іріктеу, сонымен қатар жастарды әскери-патриоттық санада тәрбиелеу сияқты маңызды тапсырмалары бой көтерді.

ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник С.Жасұзақов атап өткендей, Қазақстан Респуб­ликасының жаңа тарихының 25 жылы ішінде Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының тікелей қолдау көрсетуінің арқасында бүгінде Қазақстанның жауынгерлік қабілетті әскері бар.Қазіргі таңда әскерге шақырылушылар қатарының арта түсуі Қарулы Күштердегі командирлер мен басшылардың кәсіби деңгейінің артуы, әлеуметтік жағдайлардың жақсаруы мен жас жеткіншектер арасындағы әскери-патриоттық іс-шаралардың өз деңгейінде жүргізіліп жатқандығынан деп білемін.

Заманның талабына сәйкес, ертеңгі күнімізді ойлау мақсатында белгіленген жауынгерлік даярлықтың бағыттары бойынша барлық әскери салада заманауи соғыс пен қарулы шиеленіс­тердің сипатына сәйкес әскери бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру бойынша жұмыстар жігерлі жалғасуда.Биылғы 2017 оқу жылы «Қарулы Күштердің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік әзірлік!» ұранымен өтіп жатқандығын атап өткім келеді. Барша отандастарымды айбынды әскеріміздің мерейлі мерекесімен құттықтаймын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button