Басты ақпаратЖаңалықтар

Еліміздің әскери әлеуеті

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Дүниеде Отаннан артық қас­терлі сөз жоқ. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген Бауыржан Момышұлы бабамыз. Қазақстан азаттық алғаннан кейін қорғаныс саласы жаңадан қалыптасты. Бүгінде ол айбарлы ұғымға айналды. Мұздай қаруланған әскеріміз сап түзеді.

Қазіргі таңда еліміздің қорғаныс әлеуеті күшейді. Әлем бо­йынша 52-ші орынға көтерілді. Әрине, оның бәрі – ел мерейі. Бірақ соған жету үшін қаншама тер төгілді. Қорғаныс саласына қажетті қару-жарақтар мен техникаларды шығаратын ірі кәсіпорындардың іргесі қаланды. Осы ретте еліміздің әскери әлеуетін арттыру ба­ғытында ҚР Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министр­лігі жүйе­лі жұмыс жүргізіп жатқанын айтуға тиіспіз. Бүгінде әскери өнімдерді дайындайтын кәсіпорындардың бәрі де «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың құрамына кіреді. Алдымен елордада қазығын қаққан үш кәсіпорынға тоқталайық. «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы қорғаныс күштерін алдыңғы қатарлы техникалармен жабдықтайды. Негізінен, «Арлан», «Номад», «Барыс» атты броньдық көліктерді шығарады. Олардың барлығы да уақыт талабына толық жауап береді. Минаға қарсы қорғанысы мықты. Кез келген атыс қаруларына шыдайды. Онда сыртқы және ішкі байланыс радио­стансасы орнатылған. Сағатына 100-120 шақырымды алады. Климаттық жағдайға бейімделген. Бүгінде бұл бронтранспортерлер көптеген мемлекеттердің қызығушылығын туғызуда. Әлемдік нарыққа да қабілетті.

34523

Одан кейін бас қаладағы «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» кәсіпорнында құрастыратын ЕС-145 тікұшақтарын айтуға болады. Бұл – ТМД көлемінде осындай тікұшақтар құрастыратын жалғыз зауыт. Кәсіпорын жылына кемінде 8-10 тікұшақ шығарады. Олардың бәрі де мемлекеттік құрылымдарда пайдаланылады. Сөйтіп, Қазақстан өз тарихында әскери тікұшақтар құрастыратын елге айналды. Ал елордадағы үшінші кәсіп­орын… Оны кейін баяндаймыз. Оны өзіміз барып, көзімізбен көрдік.

565

Сондай-ақ, Алматы облысында радиолокациялық техника өндіретін «Гранит-Талес Электроникс» зауытын айт­сақ дейміз. Осындай жоба қазақстандық әскердің қажеттілігін, сондай-ақ, осы өңірлердегі мемлекеттерді қамтамасыз ету үшін Орта Азияда алғаш рет жүзеге асырылды. Елімізде өндіріске жоспарланған радиолокациялық стансалар өзінің техникалық сипаттамасы бойынша радиолокациялық барлауға және әуе кеңістігін бақылауға арналған әлемдегі ең үздіктердің бірі саналады.

vapy

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы «Зенит» Орал зауыты» кәсіпорны жуырда №4 «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесін Каспий теңізіне түсіруін жүзеге асырды. Бұл кәсіпорынның мемлекеттік қорғаныс тапсырысына сәйкес жасалған 26-шы кемесі болып табылады. Зауыттан шығатын кемелердің бәрі жаңа жүйемен жабдықталған. «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ заман талабына сай жаңғыртылған ЗУ-23-2 зениттік қондырғысын шығарады. Жаңғыртылған ЗУ-23-2 зениттік қондырғысы төмен биіктікті әуе нысаналарымен – әуе шабуылының заманауи құралдарымен күрес жүргізуге, соның ішінде ұшақтармен, тікұшақтармен, қанатты зымырандармен және қашықтықтан басқарылатын ұшатын аппараттарымен ұрыс­ты жүргізуге мүмкіндік береді. Ал «Семей инжиниринг» кәсіпорны броньды танк қару-жарағы мен техникаларын дайындау және оларды жөндеу жұмыстарымен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, бұлардың бәрі де отандық брендке айналған өнімдер деп ауыз толтырып айтамыз.

465
***
Дәл мереке қарсаңында қорғаныстық электронды-оптикалық өнімдерді шығаратын «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» қазақ-түрік бірлескен кәсіпорнына жолымыз түсті. Еңселі ғимарат есігін еппен аштық. Сырты сұсты болғанымен, іші жылылыққа толы екен. Бізді зауыттың коммерциялық директоры қарсы алды. Аты-жөні – Ерасыл Байжұманов. Бес тілді еркін меңгерген азамат.

546546

Одан кейін бас қаладағы «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» кәсіпорнында құрастыратын ЕС-145 тікұшақтарын айтуға болады. Бұл – ТМД көлемінде осындай тікұшақтар құрастыратын жалғыз  зауыт. Кәсіпорын жылына кемінде 8-10 тікұшақ шығарады. Олардың бәрі де мемлекеттік құрылымдарда пайдаланады.

Компанияның тарихы енді қалыптасып келеді. Қазақстан мен Түркия Президенттерінің келісімімен жүзеге асқан жоба. 2012 жылы зауыттың іргетасы қаланады. 2013 жылдың желтоқсан айында Елбасының қатысуымен іске қосылды. Содан бастап кәсіпорын жемісті жұмыс істейді. Бұл күнде зауыттың ауқымы ұзарып, қанаты кеңге жайыла бастаған. Кәсіп­орын алғашқы күннен әскерилердің түнде көру құралдарын, жылулық нысана, электрондық платалар және оптикалық линзаларды өндіруге мамандандырылған. Олардың бәрі отандық Қарулы Күштер мен арнайы мемлекеттік органдарда қолданады. Былтырдан бастап АРСО25 стандартындағы кәсіби радиобайланыс шығаруды бастаған. Бұл құралдар құқық қорғау органдарын, өрт және медициналық бригаданы, іздестіру-құтқару секілді топтарды тиімді және қауіпсіз байланыспен қамтамасыз етеді.

6546

Бүгінде уақыт талабына сай әскери тактикалар көп өзгерді. Әскери шабуылдың дені түнде жасалады. Қазір әлемде лаңкестік әрекеттер жиі орын алып жүргенін білеміз. Солардың көбі жоспарларын жұрт тыныш ұйқыда жатқан уақытқа құрады. Сондықтан біздің жауынгерлерге түн мезгілінде келеңсіз оқиғалардан қорғанатын әскери құралдар ауадай қажет. Оған аталмыш зауыттың өнімдері толық жауап береді. Қараңғыда көретін құралдар арқылы сарбаздар нысананы көздеп, кез келген операцияны жүзеге асырады. Оның бәрін бізге Ерасыл Төлеубайұлы жан-жақты түсіндіріп берді. Кәсіпорын ашылғаннан бері қанша өнім шығарылғаны көпке жария етілмейді. Құпия саналады, оны қазбаламадық.

3453452

Кәсіпорын алғашқы күннен әскерилердің түнде көру құралдарын, жылулық нысана, электрондық платалар және оптикалық линзаларды өндіруге мамандандырылған. Олардың бәрі отандық Қарулы Күштер мен арнайы мемлекеттік органдарда қолданады. Былтырдан бастап АРСО25 стандартындағы кәсіби радио­байланыс шығаруды бастаған

– Біздің өнімдеріміз мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында жүзеге асады. Қазір электронды-оптикалық өнімдерді шығарумен шектеліп қалмай, бірнеше жобаларды қолға алдық. Айталық, броньдық техникаларды модернизациялауды іске асырудамыз. Оларға электронды және оптикалық құрылғыларды орнатамыз. Мәселен, Т-72 А танкісінің кеңес дәуірінен қалған аспабы түнгі мезгілде әрі кетсе айналасындағы 400-500 метрді көретін. Ал біздің құрылғыларымыз арқылы түнгі мезгілде 15-20 шақырымға дейін көре алады және соларды радио­байланыс арқылы басқаларға хабарлайды. Мысалы, барлау көлігі алдағы шараны жоспарлау үшін ақпаратқа өте мұқтаж. Оны жинау қажет. Біз сол ақпаратты жинақтайтын барлау жүйесін жасадық. Соны «Арлан» броньды машинасына орнатып, құралдар арқылы орташа алғанда 15-20 шақырымға дейінгі жан-жағында болып жатқан оқиғаларды ақпаратпен қамтамасыз ете алады.

apav

Сондай ақ, өткен жылдан бастап АРСО25 стандартындағы радиобайланыс шығарамыз. Биыл біраз мекемелерден осы бағытта тапсырыс алдық. Енді өз елімізбен шектеліп қалмай, өнімдерімізді экспортқа шығарып жатырмыз. Мәселен, жыл басында 5,8 млн АҚШ долларына экспорттық келісімшарт жасалды. Әлі де келісім жалғасуда. Бастысы, құрылымдық күштердің тапсырысын толығымен орындап отырмыз, – деді Ерасыл Байжұманов.

3543545
Былтырдан бастап кәсіпорында тағы бір жаңа жоба жалғасын тапқан. Ол нанотехнологияларды қолданып, жылу визорларға арналған инфрақызыл линзаларды шығарады. Оны термолдық нысаналардағы камераларда пайдаланады. Бұл технологиямен әлемнің он шақты мемлекеті жұмыс істейді. Айталық, АҚШ, Франция, Түркия, Израиль секілді елдер ғана. Қазақстан да солардың қатарына қосылды. Әрине, инфрақызыл линзаларды алу оңай емес. Біріншіден, оны шығару үшін рұқсат болу керек; екіншіден, өте қымбат тұрады. Енді оны өзіміз өндіреміз. Алдағы таңда олар да экспортқа жол тартпақ. Содан кейін кәсіпорында әрбір технологияны дамытып, бірнеше жобаны жүзеге асыру үшін конструктивті бюро жұмыс істейді. Зауытта отандық үлестің де салмағы басым. Кейбір жиынтық құралдар сырттан тасымалданады. Ал зауыт мамандары аспаптарға керекті электрондық платаларды, линзаларды өздері жасайды.

Маман демекші, кәсіпорында 90-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың бәрі – жастар. Көбісі – «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқыған жігіттер мен қыздар. Солардың ішінде Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Ресейде білім алған қазақтың жасөрімдері көп. Мамандардың біліктілігіне компания өте маңыз береді. Біліктілік курстары жиі өтеді. Қызметкерлер Түркия, Сингапур, Канадаға барып, білімдерін жетілдіріп қайтқан. Өткен жылы кәсіпорын он екі маманға баспана алуға қолдау көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік жағдай жақсы жолға қойылған.

45654

Біз бас қаладағы С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетінің түлегі Ардақ Сақауов деген жас маманды сөзге тарттық. Кәсіп­орын ашылған күннен бастап жұмыс істеп келе жатыр. Мамандығы – инженер. «Өз ісімді өте жақсы көремін. Әрине, әскери құралдарды жинаудың өз қиындығы бар. Талап өте қатал. Мүлт кетуге болмайды. Аспаптарды құрастырудың технологиясымен жұмыс істейміз. Әуелі құралдарды техникалық бөлім жинайды. Содан кейін бір апта сынақтан өткіземіз. Суға саламыз, -50, +50 гр температурада ұстаймыз. Егер де бір прибордан ақау шықса, ол кері қайтарылып, жөнделеді. Бір құралды жасауға екі-үш күн уақыт кетеді» деді ол.
Бір айта кетерлігі, зауыттағы технологиялардың бәрі кәсіпорынның серіктесі саналған «Аселсан» компаниясы арқылы Түркиядан әкелінген. Ерасыл Байжұмановтың айтуынша, алдағы таңда онымен шектелмей, өзге де озық мемлекеттердің технологиясын пайдалану мен отандық технологияны дамыту жоспарда бар көрінеді. Айталық, радиобайланыс құрылғысын шығару бойынша әлемдегі осындай өнім жасайтын елдермен бір қатарда тұрмыз.

Тұжырып айтқанда, еліміздің қорғаныс саласының қанаты қатайып, биіктеп келеді. Әсіресе, осы бағыттағы өз өнімдеріміздің сапалылық жағынан әлемдік деңгейге көтерілуі – үлкен мақтаныш. Біртүрлі көңіліңізді қуаныш кернейді. Басқаны қайдам, өзіме солай көрінді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button