Басты ақпаратҚала тіршілігі

Ауызсудың сапасына неге алаңдаймыз?

Нұр-Сұлтан тұрғындарының көбі үйдегі құбыр шүмегінен ағып тұрған судың сапасына сенбей, дүкеннен су сатып алады немесе үйіне су сүзгіш қойып, әуреге түсіп жатады. Сонда елорда тұрғындары тұтынып жүрген ауызсудың сапасы шынымен де нашар ма? Шүмектен ағып тұрған суды су сүзгіштен өткізбей-ақ тіке ішуге болмай ма? Біз осы мәселелердің жауабын іздеп көрдік.Соңғы уақытта бас қаладағы құбыр суының сапасы қызу пікірталастардың түйініне айналғаны белгілі. Осыған орай елорда әкімі Алтай Көлгінов те кезекті жиналыстарда тұрғындар тарапынан келіп түскен шағымдарға байланысты ауызсудың сапасына қатысты мәселені көтеріп, қатысты мекемелерге ауызсудың сапасын қатаң бақылап отыруды тапсырған болатын.
Қазіргі таңда елорда тұрғындарының күйі жеткені тазартылған ауызсуларды тұтынуды әдетке айналдырған. Осыған сәйкес, бас қаламызда тазартылған су жеткізумен айналысатын компаниялар да көбейіп, «Таза», «Кристал», «Халал», «Aura su», «Altai su» секілді дайын судың түрі де молайған. Алайда олар суды қайдан алып, қалай тазартып жатыр, аналар айтқандай, таза минерал су ма? Онымен санасып жатқан ешкім жоқ. Бәрі пластик торсықтарға құйылып, аузы мықтап жабылса, қауіпсіз, денсаулыққа залалсыз су деп қарайды. Дей тұрғанмен, пластик торсықтарда құйылған сулардың да сапасы ойдағыдағыдай еместігін айтқан кейбір дамыған елдердің ғалымдары торсықпен сатылатын таза сулардың да күмәнді тұстары барлығын айтып дабыл қағуда. Олардың пікіріне жүгінсек, пластик торсықта көп тұрып қалған судан гөрі, үйдегі құбыр суын қайнатып ішкен әлдеқайда тиімді көрінеді.
Қала халқы тұтынып отырған ауызсу мен техникалық судың түгелге жуығы қаламыздың оңтүстік шығысында орналасқан жобалық көлемі 403 млн м3 болатын «Астана су қоймасы» арқылы қамтамасыз етіледі. Ал одан шыққан суды неше рет сүзгіден өткізіп тазарту, залалсыздандыру жұмыстарына «Астана су аранасы» ШЖҚ мекемесі жауапты. Атап айтқанда, астана су қоймасынан келіп жеткен су алдымен сорғы-сүзгі стансасына келіп құйылғаннан кейін, ол арадан техникалық қоймаға жөнелтіледі. Ол жердегі су толықтай күрделі залалсыздандыру кезеңдерінен өтеді. «Сорғы-сүзгіш станциясында тоқтаусыз жұмыс жүргізіледі: су хлорланады, коагуляцияланады, тұндырады, сүзіледі, қайтадан хлорланады. Құбыр суының сапасы өңдеудің барлық кезеңдерінде үнемі тексерулерден өтеді» деді «Астана су арнасы»-ның мамандары.
Ауызсу, су көздері және минералды судың сапасын бақылау сынақ зертханасының жетекшісі Уасила Ауезованың айтуынша, микробиологиялық көрсеткіштері тәулігіне 1 рет, органолептикалық көрсеткіштері (иісі, лайлығы, түсі) – тәулігіне 6-12 рет, қалдық хлор сағат сайын анықталады. Сонымен қатар сорғы-сүзу станциясында күн сайын 800 химиялық және 100 бактериологиялық талдау жүргізіледі екен. «Зертханалық зерттеу нәтижелері құбыр суы №209 санитарлық ережелердің талаптарын шын мәнінде қанағаттандыратынын көрсетті. Біздің суларымыздың сапасын сараптаған ҚР Санитарлық қызметі мен Мемлекеттік стандарты елорданың суы қауіпсіз деген шешім жасаған».
Қала тұрғындарының ауызсу сапасы жөнінде «құбырдан келетін судың сапасы ойдағыдай емес, үнемі хлордың иісі шығып тұрады» деген мәселені көп айтады. Бұл мәселе төңірегінде де арнаулы тоқталған маман құбыр суының сапасы тұрғындар ойлағандай нашар емес екендігін жеткізді. Судан хлор иісі шыққанымен, бұл су – бактериологиялық ластанудан тазаланған стандарттарға сай су. Хлордың қоспасы денсаулыққа зиян келтірмейді. Егер хлордың иісі бар суды ішкісі келмесе, оны беті ашық ыдысқа құйып, тұндырса болғаны, иісі аз уақытта жоғалып кетеді екен. Алайда мамандар осылай деп, ішіп отырған суымыздың сапалы екеніне сендіргенімен, қала тұрғындардың көбі үйіне сусүзгішті міндетті түрде орнатады. Елордадағы «Сауран» көшесінің бойындағы 5 ғимаратта 532 пәтер орналасса, сол пәтерлердің 70 пайыздан астамы үйлеріне арнайы су тазарту жабдықтарын орнатқаны әне соның айғағы.
Демек, мамандар пікіріне жүгінсек, бас қаламыздағы суды алаңсыз тұтына беруге болады. Қатты қажет болмаса үйге қымбат сусүзгіш (фильтрлер) орнатудың немесе дүкендегі дайын суды сатып алып қаражат шығындаудың қажеті жоқ. Үйге келетін суды қайнатып алса да жеткілікті.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button