Басты ақпаратМәслихат

iKOMEK109 бәріңізге көмектеседі

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталыққа күн сайын қала тіршілігіне қатысты 5 мыңнан астам өтініш келіп түседі. Оның дені қоғамдық көлік қозғалысымен байланысты екен. Атап айтқанда, жыл басынан бері 1 млн 278 мың өтініш қабылданса, соның 230 мыңы автобустардың қалада қатынауы туралы болды.

БАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРДІ БІР ЖҮЙЕГЕ ЖИНАҚТАДЫ

– Орталық қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және қалалық ортаны дамыту мақсатында құрылды. Шаһарда сервистің сапасын көтеруді, қалада қабылданатын шешімдерге тұрғындарды тартуды, «кері байланысты» жақсартуды, жүзеге асырылып жатқан жобалардың ашықтығын қамтамасыз етуді көздедік. Қалада 17 басқарма, 38 коммуналдық-апаттық қызмет, 81 лифт компаниясы, 488 ПИК, 31 мемлекеттік медициналық мекеме жұмыс істейді. Тұрғындар мәселелері туындағанда, кейбір коммуналдық қызметтермен байланыса алмай қиналатын. Біз барлық қызметтерді бір жүйеге жинақтадық. iKOMEK109 үш мекеменің қосылуынан пайда болды. Бюджет те, қызметкерлер де содан жасақталды, – дейді орталық басшысы Жаннат Дүбірова.Орталықты құрудан бұрын Оңтүстік Корея, Сингапур, Ұлыбритания, АҚШ сияқты бірнеше елдердің үздік тәжірибелері зерттелді. Сарапшыларға бәрінен АҚШ-тың «911» қызметінің үлгісі ұнаған. Бұл мемлекетте «311» қызметі де бар. Америкалықтар және осы елге барған туристер белгілі бір мәселелері бойынша осы екі қызметке хабарласа алады. Яғни, осы екі телефон нөмірін білсе, жеткілікті.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДА «112» НӨМІРІ КӨМЕКТЕСЕДІ

iKOMEK109-ға тұрғындар, негізінен, коммуналдық мәселелер туындағанда хабарласады. Сонымен қатар қазір қалада пилот­тық режимде төтенше жағдайлар және жедел жәрдем қыз­меттерімен бірге «112» нөмірі сынақтан өткізіліп жатыр. Жақында бұл нөмір толықтай іске қосылуы тиіс. Ал iKOMEK-ке тоғыз байланыс құралы, соның ішінде «Smart Astana» арқылы хабарласуға болады. Оның бәрі бірыңғай автоматтық жүйеге қосылған. Осыған дейін келіп түскен өтініштердің 78 пайызы «бірінші қоңыраудан» шешімін тапқан.
Мәселенің шешілуіне қарай қала әкімі орынбасарларының, аудан әкімдерінің, басқарма басшыларының рейтингі жасалады. Бірыңғай байланыс орталығының қызметкерлері бейнебақылау залы арқылы қала көшелеріндегі тәртіпті де қадағалайды. Рұқсат етілмеген орындарда алкогольді ішімдіктерді ішу, басқа да осы сияқты тәртіп бұзушылықтар орын алғанда дереу полицияға хабарлайды. Өткен жылы орталық құқық қорғау органдарына осындай 4 мыңнан аса хабарлама жіберген.

«ШҰБАРҒА» БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ КЕРЕК

Осы орайда қалалық мәслихат депутаты Рамзия Өмірбаева «Шұбар» шағын ауданында бейне­бақылау камераларын орнату керектігін айтты. «Шағын аудан тұрғындарынан маған осындай өтініш келіп түсті. Бұл мәселені бірнеше рет көтердім. Аудан 30 пайызға ғана жарықтандырылған. Маңайдағы мектепке екінші ауысымда баратын балалар үйлеріне сағат кешкі 7-8-де қайтады. Қазір бұл уақытта қараңғылық түседі. Сондықтан оқушылар үшін алаңдайтын жағдай туып отыр. «Шұбарда» жол апаттары да жиі орын алады. Көлік иелері бұған келгенде жылдамдық режимін сақтамайды. Шағын ауданда бейнебақылау камералардың болмағаны оларға тиімді болып отыр. Патруль де онда тұрмайды» дейді депутат.
«Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары ­Мейрам Дюсюковтың айтуынша, қалада бейнебақылау камераларын көбейту бойынша аудандардың әкімдіктерінен өтініштер түсіп жатыр. «Осы күнге дейін қалада 7 мың камера орнатылды. Бірақ бұл аздық етіп тұр. «Шұбарға», «Көктал», «Үркер» тұрғын алаптарына олардың қажеттілігін білеміз. Негізі қаланы түгел қамту үшін 15 мың бейнебақылау камера керек. Қала әкімдігіне сәйкес өтінішті жібердік. Қазір бірлесіп осы мәселені қараудамыз. Бастапқыда біз Мәскеу, Гете көшелері сияқты қылмыс жиі орын алатын көшелерді қамтуға тырыстық. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарт аясында жұмыс істеп жатырмыз» дейді ол.

«СЕРГЕК» ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ДЕ ҚАДАҒАЛАЙДЫ

Қаладағы «Сергек» бейнебақылау жүйесімен «Көркем Телеком» ЖШС айналысып отыр. Мәслихат депутаттары осы ұйым жұмысымен де танысты. «Көпшілігі «Сергек» бейнебақылау камералары көлік қозғалысын ғана қадағалайды деп ойлайды. Шындығында, олай емес. 4 мың камера халық көп жиналатын орындар мен аулаларда, 6 мың камера жолдарда орнатылған. Бұған қоса, жол тәртібін қадағалаушыларға 1 мың планшет берілді» дейді серіктестік директоры Әсет Ахметов.
Оның сөзінше, қазір қалада жол апаттары азайды. Жыл басынан бері 21 жол апаты адам өлімімен аяқталып, 25 адам қайғылы қазаға ұшыраған. Жолдағы қауіпсіздікті бағалауға арналған Vision Zerо жүйе­сі шаһарда жаяу жүргіншілерге емес, көліктерге жақсы жағдайлар жасалғанын көрсетті. Көлік кептелісі таңертең және кешкі уақыттарда орын алатынын байқаймыз. Оқушылардың каникулы кезінде немесе демалыс күндері кептеліс азаятын көрінеді.

КЕПТЕЛІСТІ ҚАЛАЙ АЗАЙТАМЫЗ?

«Біз тиісті талдау жасадық. Кептеліс таңғы сағат 07.40-08.40 аралығында қатты болады. Сосын бірте-бірте азаяды. Жұмыс күндері 170-180 мың көлік қала жолдарына шығады. Каникул болғанда олар 150-160 мыңға түседі. Кептелісті азайту үшін қалада мектеп авто­бустарын көбейту керек деп есептейміз. Кем дегенде 200-300 сондай автобус болуы тиіс. Қазір қалада осы жұмыспен айналысатын «Скулбас» компаниясы бар. Бірақ олардың көліктерінің саны проблеманы 1-2 пайызға ғана шешіп отыр. Яғни, көліктер қозғалысына әсерін тигізбейді. Қабанбай батыр даңғылын кеңейту жоспары жасалды. Жолдарды кеңейткеннен гөрі автобус­тарды көбейту тиімдірек болады деп ойлаймыз» деген Ә.Ахметов «Сергек» бейнебақылау жүйесі мен жол қауіпсіздігіне қатысты әртүрлі ақпарат берді.
29 қазан күні өтетін қалалық мәслихаттың көпшілік тыңдауына қаладағы фото-бейнетіркеу және бейне-талдау жүйесінің жұмысы шығарылады. Сол кезде мәселе жан-жақты қаралады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button