Sport

Марафоншы ардагер

Салтанат Түйтебаев – қарттық жасқа жетіп қалғанына қарамастан спортты жанына серік етіп жүрген жан. Ол жақында ғана Нидерланды астанасы Амстердамда халықаралық марафонға қатысып келді. Осы жарыста астаналық марафоншы Нью-Йорк марафонына 75 жастан асқандар тобында қатысу нормативін орындады.

Жыл сайын өтетін «Алтын Лейбл» мәртебесі бар Амстердам марафонына биыл 13480 спортшы қатысқан. Алғаш рет бұл марафон 1928 жылы 5 тамыз­да жазғы Олимпиада аясында ұйымдастырылған екен.
Салтанат аға бұған дейін 70 жастағылар арасында жүгіріп жүрген еді. Соңғы бес жылдың ішінде ол талай жетістіктерді бағындырды. Австралияда марафоннан ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды, Жаңа Зеландия­да ардагерлер арасындағы олимпиада чемпионы болды. Сингапурдағы халықаралық марафонның жеңіс тұғырына көтерілді. Дубай, Анталия, Дохада марафондарында бас жүлдені қанжығасына байласа, Испанияда өткен жарыстың күміс жүлдесін иеленді.
Қарт спортшының осы жетістіктерімен тоқталып қалатын түрі жоқ. Енді Нью-Йорк марафонында 75 жастан асқан ардагерлер арасында бағын сынап көрмекші. Бұл жарысқа 52 мың адам қатысады деп күтіліп отыр. Бұл да – атағы алысқа жайылған жарыс. Нью-Йорк марафоны 1896 жылы басталған. С.Түйтебаев осы марафонда жақсы нәтиже көрсетіп, 2021 жылы Жапонияда өтетін ардагерлер арасында Олимпиадаға қатысуды қазірден-ақ жоспарлап жүр.
Салауатты өмір салтын өмірінің өзегіне айналдырған, халықаралық дәрежедегі спорт шебері марафон жарыстарына қатысуға әрдайым қолдау көрсетіп жүрген Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Берік Маржықпаевқа алғыс айтқым келеді дейді жеңістеріне марқайып.

 

Расул АЙТҚОЖА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button