Денсаулық

Бала денсаулығының бағбаны

Тегінде балалар хирургтарының мінез-құлқы ерекше болады, олардың жан дүниелеріне қайырым мен мейірім қонақтайды. Олар қандай күйзеліске де шыдамды және міндетті түрде өзінің мықты және осал жақтарын жете білетін адам болуы керек. Осындай қасиеттердің бәрі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, елімізге және алыс-жақын шет елдерге белгілі балалар хирургі, медицина ғылымының докторы, профессор Бақытжан Майлыбаевқа дарыған деп кәміл сеніммен айта аламын.Бақытжан Мұратұлы Майлыбаев 1967 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түседі. Оқуға қабылданған 350 студенттің арасынан балалар хирургиясы мамандығына бар-жоғы 12-ақ жас түлек таңдап алынады. Солардың бірі Бақытжан болады. Балалар хирургі болам деген студенттер осы мамандыққа деген өздерінің икемі мен ынтасы барын оқытушыларына дәлелдеу үшін 3-4-курстан бастап әртүрлі ғылыми үйірмелерге қатысатын, ауруларды көру үшін қаладағы жалғыз балалар хирургиясы орталығы болып саналатын №1 қалалық клиникалық балалар ауруханасына ақысыз кезекшілікке баратын, егер кезекшілікке кіре алмаса, еден жуып жүріп науқастарға жақындасатын. Міне, Бақытжан Мұратұлы осы жолдардың бәрінен өткен. Сол еңбегінің нәтижесінде 1968 жылы студенттер арасында Тбилисиде өткен Бүкілодақтық конференцияда баяндама жасап, бірінші орын алды. Бұл жетістігіне ұстазы, балалар хирургиясының атасы, академик Камал Ормантаев балаша қуанған екен.
Балалар хирургиясы мамандығын меңгеріп, қолына дипломын алған соң, еңбек жолын №1 қалалық клиникалық балалар ауруханасында еңбек жолын бастаған жас дәрігер сегіз жыл ішінде балалар хирургиясының жалынына шарпылып, отына күйіп, тәжірибе жинап, кезекші дәрігерден бастап жауапты хирург дәрежесіне дейін көтеріледі. Осылайша жұртқа танымал балалар хирургі болып қалыптасады.
Оқу – білім азығы, білім – құдіретті күш екенін ерте түйсінген Бақытжан Мұратұлы аты дүркіреп тұрған әйгілі академик К.Ормантаевқа еліктеп әрі сол кісінің ұсынысымен балалар хирургиясы кафедрасына сырттай аспирантураға түседі. Ғылыми қабілет-қарымы зерделі жас маман зерттеу жұмыстары нәтижесінде бірнеше ғылыми мақала жариялап, 2 ғылыми жаңалық ашып, 1984 жылы Мәскеудегі Балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу институтында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады.
Бақытжан Мұратұлын қазіргі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу орталығында кіші ғылыми қызметкерінен бастап бөлім меңгерушісі дәрежесіне дейін көтеріледі. Бүйрек аурулары бөлімінің меңгерушісі және мемлекеттік ғылыми-техникалық зерттеулердің жетекшісі ретінде балаларда кездесетін бүйректің туа біткен кемістіктері мен зәр жолдарына тас жиналу ауруларының клиникалық ағымы мен анықтау және тиімді емдеу тәсілдерінің көкейкесті ерекшеліктерін зерттеп, ғылым мен білімге зор үлес қосты. Ол тәсілдердің кейбіреуі бүгінге дейін күнделікті тәжірибелік жұмыста кеңінен қолданылады.
Өзінің көпжылдық ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесінде Б.Майлыбаев 1996 жылы «Қуық қызметінің бұзылуын гелий-неон лазері арқылы емдеу тәсілдері» атты тақырып бойынша докторлық диссертация қорғайды. Кейіннен бұл іргелі ғылыми еңбектің нәтижесі академик К.Ормантаев пен профессор К.Мәжібаевтың қатысуымен бұрын-соңды Одақ көлемінде жазылмаған алғашқы ғылыми монография болып жарық көрді.
2003 жылы Білім және ғылым министрлігінің жоғары аттестациялау комиссиясының шешімімен Б.Майлыбаевқа профессор атағы берілді және сол жылы профессор А.Ерекешов
жетекшілік ететін Астанадағы мемлекеттік медицина академиясының балалар хирургиясы кафедрасына жұмысқа шақырылады. Ал 2007 жылы конкурс арқылы Астанада жаңадан ашылған Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының уронефрология және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады, қазір де сол ұжымда бас ғылыми қыз­меткер, кеңесші ретінде қызмет атқарып жүр.
Жалпы, ғылымға деген құш­тарлық пен ғылыми зерттеуге бейімділік – әр адамның басына қона бермейтін дарын, ал сол қасиеттер Бақытжан Мұратұлына ауып емес, тауып қонғанын барлық әріптестері мойындайды, мен де Бақытжан Мұратұлының ғылымда ерекше дарынды адам екеніне куәлік етемін. Профессор Б.Майлыбаев – 130 ғылыми мақалалардың, 7 ғылыми жаңалықтың, бірнеше әдістемелік және оқулық нұсқаулықтардың авторы.
Бақытжан Мұратұлының бойындағы адамгершілік әрі ғылыми қасиеттер жанында жүрген алғыр жас буын әріптестеріне үлгі болып, олардың кәсіби біліктілік пен білімге деген сенімділігіне ұйытқы болып, ғылымға ынталандырды десем артық айтқаным емес. Бақытжан Мұратұлының ерекше бір қасиеті, бұлақ көрсең көзін аш дегендей, білімге құштар жастарды қолтықтарынан демеп, ғылым атты үлкен жолға жетелей білуі де үлкен кісіліктің белгісі болса керек. Бақытжан Мұратұлының ғылыми жетекшілігімен 7 кандидаттық диссертация қорғалды.
Тұқым екпесе егін шықпайтыны, балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны алатыны аксиома ғой. Сол сияқты Бақытжан Мұратұлының өмір бойғы ғылымға деген құштарлығы әкесі мен анасынан дарыған десе болады. Әкесі Мұрат Бәкірұлы революциядан кейінгі жылдары ауылшаруашылық институтын бітірген, еліміздегі алғашқы жоғары білімді агроном, соғыс жылдары Қазақ КСР Халық комиссариатында, кейіннен Одақ көлеміндегі ең үлкен совхоз-техникумды басқарған. «Қазақстан мақтасы» атты іргелі монография және көптеген ғылыми мақалалар мен жаңалықтардың авторы болған. Ал Сәлима анасы Ташкенттегі жетім балаларға арналған интернатта тәрбиеленіп, С.Сейфуллиннен тәлім-тәрбие көрген, Орталық Азиядағы ұшқыштар дайындайтын училищені бітірген, қазақ әйелдерінің арасында алғашқылардың бірі болып парашюттен секірген батыл ана ретінде танылған.
Бақытжанның ағасы Марат Мұратұлы – Қазақстан мен шет елге белгілі, Алтай мен Маңғышлақ, Қостанай мен Ашхабад аралығындағы мұнай байлығын зерттеген білікті геолог ғалым.
Тегінде жаны таза адам мәдениетті болады дейді ғой, бұл қасиет Бәкеңнің қанынан сіңген дер едім. Жүзі жылы, пейілі таза, көңілі сәбидің көңіліндей кіршіксіз, қарапайым, мейірбандығы, сыпайылығы, кісілігіне жарасқан кішіпейілдігі, сәлемін бұлдамайтын ақкөңілдігі, дарынды ғалыммын деп бәзбіреулер сияқты міндетсімейтін, қадір-қасиетін бағалай білген, қисынсыз іске икемі де, солақай белсенділігі де жоқ, бір нәрседен өзінің бас пайдасын емес, әрдайым адал ар-ұятын ойлаған, пейіл-ықыласы түзу, игілікті істе пендешілігіне берік адам. Бұл – Бақытжан Мұратұлының өмірлік ұстанымы.
Өмірде ең құнды нәрсенің бірі парасаты жарасқан адам­дармен дос болу десем, тәубә, Бақытжан Мұратұлының айт­пай-ақ жанын ұғар, сырын айтар, төрінде отырар, басын дауға бермейтін нағыз достары баршылық, оларды өзі өмірдегі ең бір зор бақытым деп санайды. Ғалымдығы мен мәдениеті ұштасқан Бәкең достарын қалай сыйласа, достары да оны керемет құрметтейді.
Ғылымдағы шыққан шыңы – Бақытжан Мұратұлының басына қонған саналық дарынының, табанды ерік-жігерінің, шыдамды ғылыми ізденістерінің, маңдай тері және қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мыңдаған операция жасап жанын алып қалған болашақ ұрпақ пен олардың ата-аналарының құрметіне бөленген Бақытжан Мұратұлының еңбегі елімізде де бағаланды. Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Рес­публикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақ­тау ісіне қосқан үлесі», «Қазақ­стан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Өмірде қарапайым, ғылымда зерек, мамандығына адал азаматтың өмірі өнегеге толы болды, оның көрсеткіші, жоғарыда айтқанымыздай, алған асуы мен абыройынан көрінеді. Сондықтан аса құрметпен жасай беріңіз, мыңдаған баланың бағына туған Бақытжан дәрігер демекпін.

Қапан ТҰРСЫНОВ,
профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button