Руханият

Тілдік орта қашан қалыптасады?

Биыл Тіл туралы заңның қабылданғанына отыз жыл толып отыр. Республика баспасөзінде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолдану аясының кеңейгені, Қазақ елін мекендеген этностардың тілі мен мәдениетіне жасалған қамқорлық туралы деректерден көз сүрінеді. Тіл мерекесіне арналған әлем-жәлем іс-шараларға барудан шаршайсың. Тіл фестивалдарының өткізілуіне қарсылығым жоқ, бірақ осы отыз жыл бойы мемлекеттік тілдің беделін еліміздің Ата Заңында жазылғандай дәрежеге жеткіздік пе, халықтың қалтасынан тиындап жиналған бюджеттен бөлінген миллиард қаражат ақталды ма деген сұрақ ұлтжанды жұртшылықты мазалайды. Неге қазақтың тілі өз жұртында жат жұрт тілінің күйін кешеді? Осы мәселелер жөнінде ой қозғағым келеді.

Өтпелі нарықтық экономика құру кезінде біз ана тілінің көкейкесті мәселелерін орындау жолында уақытты өткізіп алдық. «Ең алдымен экономика, содан кейін саясат» деген қағидаға бас идік. Жабайы нарықтық экономикадан өтіп, батыс үлгісіндегі нарықтық экономиканың негізін қаладық. Шетел инвестициясын тарту тәжірибесін игердік. Дүние­жүзілік кеңістікке шығып, Қазақ елі, қазақ ұлтының өмірде бар екендігін бекітуге арналған аса маңызды шаралар жүргіздік. Неше түрлі халықаралық форумдар, мемлекетаралық экономикалық және діни конференцияларды өткізуде көзге түсіп, бұрынғы ТМД елдерінің арасынан суырылып шықтық. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің маңызын айтпаса да болады. Отыз жылға жуық уақыт ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жұмыстары, мемлекеттік тілге көшудің арнау­лы бағдарламалары қағаз жүзінде қабылданды. Мемлекеттік тілге және басқа этнос өкілдерінің тілін дамытуға байланысты іс-шаралар молынан өткізілді. Қаншама миллиардтаған қаржы мемлекеттік тілді үйренуге жұмсалды. Атқарылған игі шаралардың бірін де жоққа шығара алмаймыз, бірақ та осы ширек ғасыр уақытында ұлттық рухани дүниеміздің сақталу қауіпсіздігіне, оның ішінде ана тіліміздің беделіне нұсқан болғанын кеш түсінудеміз. Әттеген-айы – мұндай іс-шаралар мемлекеттік тілдің дәрежесін көтере алған жоқ. Тәуелсіздік алып, жаһандану шеңберіне кіргеннен кейін батыс мәдениетінің жақсы жақтарын алсақ та, оның кертартпа, мәдениет деуге келмейтін, лас-лайлы қойыртпақ, жат идеологиясы біздің жастарымыздың бойына ене бастады.
Осы олқылықтарды жою мақсатында кештетіп қабылданса да, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи мақалалары ұлтымыздың қайта түлеп, жаңаруына бағыт берді. Мақалада айтылған тың ой-пікірлер мен нақты бағдарламалар ұмытыла бастаған ұлттық жадымызды қалпына келтіріп, ұлтымыздың ой-санасын жаңартуға, еліміздің болашағы – жас буынды ұлттық құндылықтармен патриоттық рухта тәрбиелеуге жаңа серпін беруде.
«Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы», «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген ғұламаларымыздың ескертпесін ауыз құрғатпай айтқанмен, іске келгенде ұлттық тәрбиеміз, оның ішінде ана тілді құрметтеуге тәрбиелеуде көп олқылық барын мойындау керек. Ал осы тәрбиенің бастауы жанұя мен білім мекемелеріндегі кемшін тұсы бүгінгі жағдайға, ана тіліміздің аяққа тапталуына әкеле жатыр. Қазақ жанұясында, қазақ дастарқанында Алла Тағаланың бізге берген ана тілімізде ғана сөйлесуді ұйымдастыру, «мен қазақпын, өз ұлтымды сүйемін, оның болашағын ойлаймын» дейтін ата-ана үнемі баласы мен немересіне үйде тек қана туған тілде сөйлеуін қатаң қадағалап отырса, жағдай тез түзелер еді.
Мен өзімді мақтайын деп отырған жоқпын, бірақ өз тәжірибемнен бір ғана мысал келтірейін. Қолымдағы екі немеремді бала күнінен бастап ана тілінде сөйлеуін қатаң бақыладым. Қазақтың атақты жазушы, этнограф-тарихшысы ­Ақселеу Сейдімбектің ана тілі мәселесі туралы берген бір сұхбатында: «Немерелерімді ана тілінде сөйлеуге үйрету үшін оларды үйде орысша сөйлеп қойғанда, унитазға барып түкіріп кел деп айтатынмын» дегені осы күнге дейін ойым­да. Мен де немерелеріме осы әдісті қолданам. Орыс және басқа тілдерді меңгерулеріне шек қойғаным жоқ, орыс тілін біл, оны жақсы көр деймін. Ағылшын, француз, түрік, қытай тілін үйренуге де кеңес бере отырсам да, бас­ты орынға ана тілін білу талабы қатаң қойылады. Үйде, қазақтың дастарқаны басында тек ана тілінде сөйлеуге дағдыландырдым. Олар екі тілді таза қатар меңгерген, сонымен қатар ағылшын, түрік тілдеріне әжептәуір бейімделіп келеді. Орыс тілін үйретпесек те, оны көше мен мектепте өзінен-өзі үйренеді. Біреулер бұған келіспеуі мүмкін, бірақ та дәл бүгінгі жағдайда бүкіл халық болып тілдік орта жасамасақ, ана тіліміз мемлекеттік тіл болуы екіталай. Мен сияқты ата-әжелер бар екенін білем, бірақ немересімен шүлдірлеп ресми тілде сайраған ата-әжелерді көргенде көңілім жабыр­қайды. Сондықтан тілдік орта жасаудың күрес жолына түскендер аздау ма деп қаласың. Оған дәлел – ірі қалалардағы күннен-күнге мемлекеттік тілден безіп бара жатқан жастар, бала арбасына салған сәбиімен, қолына жетектеген бүлдіршінді шүлдірлеткен жас аналарды көргенде жүрегің шаншып ауырады. Болашақта өз ана тілімен сусындамаған бұл балалар Отан-анамызға қызмет жасай алар ма екен деп ауыр ойға шомасың.
Ана тіліміздің осы күнге дейін қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік тіл дәрежесіне қөтеріле алмауының басты себептерінің бірін ерекше атағым келіп тұр. Ол – Қазақ елінде мемлекеттік тілге қажетті тілдік ортаның болмауы. Оның себебі білім беру ұйымдарының және оның ішінде балабақшадан бастап жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді қастерлеуге тәрбиелеу жұмысы өз дәрежесінде емес. Бұл жұмыстар терең жүргізілмей, үстіртін, сырты жылтыраған мән-мағынасы жас буынның жүрегін жаулап алатындай ұйымдастырылмауы. Білім және ғылым министрлігінен бастап мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері өз білім мекемелерінде қазақтілді ортаны осы күнге дейін қалыптастырмай отыр. Әсіресе, қазақ мектептерінде тілдік орта жартылай, пісіп жетілмеген деуге болады. Республика бойынша және Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты ірі қалаларда қазақ мектептерінің саны көбейіп, орыс тіліндегі мектептер азаюда деп мақтанамыз. Егер тексеріп қарасаңыздар, сол таза қазақ мектебіндегі оқитын балалардың 90-95 пайызы үзіліске шыққанда, көшеде тек ресми тілде сөйлейді. Қазақ мектептері ұстаздарының өзі мектеп басшысынан бастап тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына дейін ресми тілді үзілісте, көшеде көп қолданатын болса, бұған не айтуға болады? Мектеп ғимаратында, үзіліс кезінде, мектеп ауласында оқушылардың ана тілінде сөйлеуін бақылаушыларды неге ұйымдастырмаймыз? Ал аралас мектептер мен таза орыс мектептеріндегі оқушылардың мемлекеттік тілге деген қатынасын, оны үйренуге деген құлшынысы өте төмен екендігін айтпай-ақ қояйын.
Сондықтан мемлекеттік тілдің бейшара күйіне білім мекемелері жауапты екенін, білім мекемелеріне баға бергенде жалаң ҰБТ бойынша емес, мемлекеттік тілді жаппай білу көрсеткішімен және ұлттық тәрбиенің деңгейіне сәйкес бағалау қажет. Осы талап орындалмаса, біз мемлекеттік тілдің беделін көтере алмаймыз. Әрбір ұлтжанды қазақ тіл үшін күрестің барлық бейбіт тәсілдерін меңгеру арқылы үздіксіз жұмыс жүргізгенде ғана табысқа жетеміз.
Тағы бір айтарым, қазақстандықтардың бірлігін нығайту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық. Бұл біздің тарихи қалыптасқан жағдайға байланысты дұрыс шешім дедік, бірақ осы құрылым мемлекет құрушы ұлтқа қаншалықты тиімді жұмыс істеп көмектесіп келеді? Мәселе осында! Біздің байқағанымыз, Ассамблея өз этнобірлестіктерінің мәдени іс-шараларын өткізуден басқа жұмыспен айналыспайтын сияқты. Тіл фестивалі кезінде бірлі-жарымды мемлекеттік тілді білетін өкілдерін қатыстырады, аға буынды айтпай-ақ қояйын, тәуелсіздік жылдары өмірге келген барлық жас буын мемлекеттік тілде неге сайрап тұрмасқа?! Себебі олар мемлекеттік тілді үйренбей-ақ, ресми тілді білу арқылы мемлекеттік билікке де, оның барлық игілігіне қол жеткізуге болатындығын жақсы біледі. Талай рет өзіміздің орыс ұлтының өкілдеріне, әсіресе мектеп жасындағы оқушылар мен 16-18-дегі жастарымен кездесіп, оларды қазақша қарапайым сөздермен тілдесуге шақырсаң, жауап қайтармайды. «Сендер мектепте мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқисыңдар, неге білмейсің?» десең, үн қатпайды. Немесе үш-төрт қазақ баласы араларындағы бір орыс баласымен тек орыс тілінде сөйлесіп тұрғанын үнемі көреміз. Сол орыс баласына: «Мына қазақ балалары сенің ана тіліңде сөйлейді, олар сенің тіліңді құрметтейді, сен неге жолдастарыңды (қазақ балалары) сыйлап, мемлекеттік тілде сөйлеспейсің?» деп реніш білдіре бастасам, ол маған қазақ тілінің керегі қанша деген кейіпте сазарып, үн қатпайды.
Мен өзім ана тілінің жанашыры, ұстаз болғандықтан тұрғылықты жерімде, көшеде, автобустарда, қоғамдық орындарда тек мемлекеттік тілді қолданып, басқа жұрттан талап етемін. Тұрғылықты жердегі аула балаларын үйретудің арқасында олар менімен «ассалаумағалейкүм» деп қазақша сөйлеседі. Талай рет кейбір жас ата-аналарға жеккөрінішті болсам да, егде жасыма қарамастан, мемлекеттік тілді қорғауды тоқтатпай жүргізіп келем. Қазақ жастары орысша сөйлесіп тұрса, оларға «менің құлағымның орыс тіліне деген аллергия­сы бар, ауырып қаламын, орысша сөйлемей, қазақша сөйлеңдерші, мен қалың орысы бар, мәңгүрттеніп кеткен Солтүстік Қазақстан облысынан қашып келіп, бас қаладағы қазақи ортада өмір сүргім келді» деп қалжың аралас шындығымды айтамын. Бұл қалжыңым – ұлт­шылдықтан немесе орыс тілін жек көргеннен емес, ұлтжандылықтан туған, ана тілімнің беделін көтеруге бағытталған өз әдістерімнің бірі. Немерелерімен шүлдірлейтін өзіммен шамалас ата-әжелерді де мазалап айтатыным: «Бізді Алла Тағала қазақ қылып жаратты ма, дүниедегі ең бай тілдердің бірі қазақ тіліне бейімдеді ме, енді осы қасиетті тілімізден айырылмайық» деймін. Тілден айырылсақ, тәуелсіздіктен айырыламыз!

Қажымұрат НӘСИЕВ,
мұғалім, еңбек ардагері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button