Қоғам

Награда иелерін тапты

Кеше Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі үйінде кезінде Ауғанстан соғысына қатысып ерлік танытқан қазақстандық жауынгерлерге салтанатты жағдайда наградалар тапсырылды.РФ Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин 1987 және 1989 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының жарлығымен жауынгерлік награда берілген, бірақ түрлі жағдайларға байланысты архивтарда қалып қойған медальдарын өз иелеріне тапсырды. Атап айтқанда, Жанат Абдрахманов пен Қалыбек Буралхиевке «За отвагу» медалін, Нағи Салиевке «За боевые заслуги» медалін табыс етті.
Көп жылдан кейін наградаларына қол жеткізіп, толқып тұрған жауынгер-интернационалистерді ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Парламент депутаты Бақытбек Смағұл және майдандас достары да құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
– Жерлестеріміздің жауынгерлік наградаларын іздестіруге, заңдылық негізін сәйкестендіруге көмек көрсеткен РФ Қорғаныс министрлігіне, ТМД Үкімет басшылары жанындағы жауынгер-интернационалис­тер істері жөніндегі комитетке, сондай-ақ награда іздестіру акция­сына материалдық қолдау білдірген Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлға алғысымызды білдіреміз. Біздің қоғамдық бірлестіктің атынан Ауғанстанда ерлік көрсеткен жерлестерімізді наградаларымен құттықтаймын. Ерлік пен елдікті қастерлейтін Қазақстан мен Ресей арасындағы достық әрі әріптестік байланысымыз нығая беруіне тілектеспіз, – дейді «ҚР Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шәріпбай Өтегенов.

Фарида КАРИМОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button