Әлеумет

БАЛАЛАР ҮЙІНДЕГІ БАЛАЛАР АЗАЙДЫ

Астана қалалық мәслихатының депутаттары елордадағы әлеуметтік мекемелерде болып, ондағы тыныс-тіршілікпен танысты. Ең әуелі депутаттар Астана қаласы әкімдігінің мамандандырылған балалар үйінде болды. 

erm_8362-kopirovat

Мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері Сәуле Кенжебаеваның айтуынша, мекеме 100 балаға арналған. Алайда қазіргі таңда балалар үйінде 79 бала тәрбиеленіп жатыр. Балалардың 34-інен ата-аналары бас тартса, 31 тастанды, ал 1 жетім бала болып саналады. Сондай-ақ, 13 баланы ата-аналары осы мекемеге уақытша қарауға қалдырған. Бір қуантарлық жағдай, аталған мекемеде тәрбиеленуші балалардың саны жыл өткен сайын азайып келе жатыр. Мәселен, балалар үйінде 2015 жылы 82 бала болса, өткен жылы 88 бала мекен еткен. Өйткені еліміздің азаматтары аталған мекемеден бала асырап алуға қызығушылық танытып отыр.

Бұдан кейін мәслихат депутаттары Астана қаласы әкімдігінің Балалар үйінде болып, тәрбиеленушілермен кездесті. Директордың міндетін атқарушы Оксана Дзюба балалар үйінің 170 балаға арналғанын айтады. Алайда дәл қазіргі таңда мекемеде 116 бала тәрбиеленіп жатыр. Сондай-ақ ол бала­лар үйінде тәрбиеленіп жат­қан жеткіншектердің мемлекеттік тілде еркін сөйлейтінін мақтанышпен айтып өтті. Иә, елімізде тұратын диаспора өкілдерінің қазақ тілін меңгергені – мақтануға тұрарлық жайт. Себебі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп тектен тек айтқан жоқ.

Бүгінде «Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығы» көптеген адамдарға пана болып отыр. Айталық, 50 адамға арналған орталыққа 18 бен 58 жас аралығындағы әйелдер келіп, уақытша көмек алады. Мекеме басшысы Ғалия Нуридің айтуынша, жылдан жылға орталыққа келіп көмек алғысы келетін жандардың саны артқан. Мәселен, 2013 жылы 2 әйел,

7 бала, яғни, барлығы 9 адам орталықтың көмегіне жүгінген. Сондай-ақ, 2014 жылы орталықты 110, 2015 жылы 148, 2016 жылы 237 адам паналаған. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында 134 адам көмек сұрап келген.

Мәслихат депутаттары көп­шілік қауым осындай орта­лықтың бар екенін білмейтінін, сондықтан да мекеменің мекен-жайын әртүрлі жерлерге жариялау керек екенін ескертті. Алайда Ғалия Нури орталықтың мекен-жайын жарияласақ, кейбір әйелдердің күйеулері іздеп келіп, мазаны алатынын алға тартып отыр.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button