Басты ақпаратҚоғам

«РЕЗЕҢКЕ ПӘТЕР» ИЕЛЕРІ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Жақында өткен «ЭКСПО-2017»  халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жөніндегі арнайы кеңесте Елбасының қатаң ескертуінен кейін тиісті органдар Астана қаласындағы «резеңке пәтерлерді» анықтап, нақты шаралар қолдана бастады. Осы мәселені біздің газетіміз үстіміздегі жылғы 25 сәуір күнгі нөмірінде қозғаған болатын.

v-moskve-rezinovye-kvartiry-mnogo-35384-large-kopirovat

Жүйелі жүргізілген рейдтердің нәтижесінде заңсыздыққа жол берген 200-ден аса пәтер иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіркеусіз жүрген 100000-нан аса азамат есепке алынған еді.

Бұл жұмыс одан әрі қарқынды жалғасуда. Өткен аптада Астана қаласының прокуратурасы қала әкімдігімен және құқық қорғау органы қызметкерлерімен бірлесе отырып, тұрғын үйлер мен уақытша баспаналарды аралаған еді. Нәтижесінде 30-дан 2500-ге дейін адам заңсыз тіркелген ондаған пәтер мен жекеменшік үй анықталды. Алайда осыншама адам тіркелгенімен, ол үйлерде бірде-бірі тұрмайтын болып шықты.

«Бүгінгі таңда жергілікті полиция қызметі осындай құқық бұзушылыққа жол берген 88 пәтер иесін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ал заңсыз тіркелген 4000-нан аса адам тіркеуден шығарылды. Бір айта кетерлігі, олардың арасында шетелдік азаматтар да бар. Алдағы уақытта мұндай тәртіп бұзған азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету түрі шектеледі. Атап айтқанда, олар енді мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер ала алмайды.

Сондай-ақ, «резеңке пәтерлерде» тіркелген адам санына байланысты коммуналдық қыз­мет (жарық, газ, сумен жабдықтау, қоқыс шығару) көрсету бағалары қайта есептелетін болады» деді қалалық прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазір қалада криминогендік жағдайды сауықтыру мақсатында жүріп жатқан «Құқықтық тәртіп» шұғыл-алдын алу іс-шарасының алғашқы он күнінде түрлі бап бойынша 10000-нан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, белгілі тұрағы жоқ 336 адам уақытша бейімдеу орталығына орналас­тырылған.

Көші-қон ережесін бұзған 1320 адамға айыппұл салынса, 73 шетелдік елден шығарылды.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button