Басты ақпаратҚоғамМәдениет

Балалардың сән көрсетілімін бағалаңыз

Тура бір аптадан кейін, 19 қараша күні Тәуелсіздік сарайында «Kazakhstan Kids Fashion Show-2016» атты балалар сән көрсетілімі өтеді. Жоба неден бастау алды? Оған дайындық қалай өтуде? Сұрақтардың түйінін төмендегіше тарқатып көруге тырыстық.

5

ТӨРТ ЖАСЫНАН ТАЛПЫНЫП ЖҮР

– Бұл жобаны біз 2014 жылдан бастап қолға алдық. Алғашқыда киім дүкендерімен жұмыс жасадық. Сол уақытта «Балаларды қайдан киіндіреміз?» деген мәселе алдымыздан шықты. Себебі балаларға арналған сән топтамалары жоқтың қасы болатын. Ал бүгінде Айдархан Қалиев, Майя Жұманбекова, Динара Чакарова, Зарина Акшулакова сынды майталмандар және Samidel, ILATI, Vesta, Glasman, KaroMeli, LOGOVO сән үйлері балаларға арнап киім үлгілерін ұсына бастады, – деп сән көрсетілімінің бас продюсері, белгілі журналист Махаббат Есен әңгімесін бастады.

Бірінші жылы шоуға 70-ке жуық бала қатысты. Қазіргі таңда жобаға қатысуға ниет білдіргендердің қарасы көбейді. Осы жылы 318 баладан 111-ін іріктеп алды. Жобаға төрт жастан бастап, он алты жасқа дейінгі балалар қатысады. «Маңыздысы – әркімнің аталмыш шараға өз құлқымен келуінде» дейді жобаның креатив продюсері, кастинг директоры Жұлдыз Сейсенбекова. Иә, көрсетілімге жолдама алған күннен бастап бала жауапкершілікті сезінеді. Жай ғана сахнаға шығып, ойын көрсетемін деген ой болмайды. «Kids Fashion Show» балаларды кішкентайынан жан-жақты болуға жетелейді. Керек болса, сұрақтарға жауап беріп, өзін әр қырынан танытуға дайын болады. Бала сахнаға шыққан кезде белгілі бір образға еніп, театрландырылған қойылым қояды. Сондай-ақ, би билеп, 20 метрлік сән шеруінен өтіп үлгереді. Әрине, нөмірді тастай етіп жасау үшін кәсіби мамандардың көмегі қажет, сол себепті балалармен екі ай бойы жұмыс жүреді. Осы тұста бәрі баланың еңбегіне байланысты екенін түсіну қажет. Егер бала қаламаса, әке-шеше оның шешіміне әсер ете алмайды.

– Бір қуантарлығы, әр жыл сайын ер балалар жобамызға көптеп қатысып жатыр. Бүгінде ұлдардан 40 қатысушымыз бар. Көбі бұл жобаны уақытша мүмкіндік деп қабылдамайтынын байқауға болады. Алған білімдерін әрі қарай жалғастырып, дипломатиялық мектебімізге жазылады. Бойындағы сенімділікті арттырып, оқу үлгерімін жақсартады. Уақыттың қадірін түсінеді, – дейді Жұлдыз.

КАСТИНГТЕ ТАҢҒАЛДЫРУДАН ТАРТЫНБАЙДЫ

Балалар кастингтен сүрінбей өту үшін таңқалдырудан жалықпайды. Осы жолы іріктеуге бір қыз қағаздан жасалған көйлекті киіп келген екен. Кейбір жағдайда қатысушылар күмәнмен келеді, қазылар алқасына сұрақ қоюдан тайынбайды. «Қойылымның маған берер пайдасы қандай?» деген сауал көкейлерінде жүреді.

fashion-kids

«Екінші талап – түр-әлпеттің келісуі» дейді ұйымдастырушылар. «Баланың аты бала. Қатты әрлемей-ақ, жалт-жұлт еткен киімді кигізбей-ақ бала бойындағы жалынды көрсетуге болады. Біздің мақсатымыз да соған саяды. Тек қана балаларға емес, кәсіби мамандарға да талап қатаң. Үздіктерді таңдап алдық. Мәселен, «KaroMeli» атты сән үйі балалардың киім-кешегінен бастап, аяқ-киіміне дейін тігеді. Ал Айдархан есімді жігіт отандық жүн мен кашемирмен жұмыс істейді» деп сөзін сабақтады Жұлдыз.

САХНА ЖІГЕР БЕРЕДІ

Балалар киімімен бәрі түсінікті болған сияқты. Енді би жағына кім жауапты? Дайындық барысын өз көзімізбен көру үшін студияға беттедік. Тәп-тәтті балалар хореографпен бірге билеп жатқанның үстінен түстік. Әркім ұстаздарының айтқан нұсқаулығын, жасаған қимылдарын барынша айнытпай қайталауға тырысып жатыр. Әр қимылды балаға ойын арқылы жеткізіп жатқанын байқадық. «Нарұл, сен тигрді сал», «…Енді көлік айдағандай бол» деген сөздер естіліп жатты.

kbb_1284

Баланы биге үйретудің өз ерекшелігі барын хореограф жасырмады. Би мұғалімі Тұрсынай Еркенбаева жетістікке жетудің жолы – балаға сенім білдіру дейді. Өмірге жаңа қадам басқандарға «Қолыңнан барлығы келеді!» деген сөз кәдімгідей жігер беретін болып шықты.

Кішкентайлар барын салып, би билеп жатқан кезде, бөлменің ар жағында олардың әке-шешесін көрдік. Солардың бірі – алты жасар Ерсұлтанның анасы Ақтотымен әңгімелесудің сәті түсті. «Бұл жобаға біз алғаш рет қатысып отырмыз. Біз үшін осынау шара үлкен жаңалық деуге болады» деп бастады ол. – Ұлым үш жасынан бастап барлық үйірмелерге үйір: би билеп, ән айтады, спортпен айналысады. Мұның барлығы баламның дамуына оң әсер ететініне сенемін. Ол бірден «Мама, теледидардан көрінгім келеді» деді. Айтқанына құлақ астым. Бұл жоба бала арманының орындалуына сеп боларына сенемін. Жобада басқа да балалармен танысып, қоғам белсендісіне айналып жатыр. Кейбіреулері бесіктен белі шықпаған баланы танымалдыққа әуестендірме деп сөгуі мүмкін. Алайда баламыз өз уақытын тиімді өткізеді, табиғатынан ұқыпты, тәрбиелі. Беріп жатқан мүмкіндіктің де сұрауы барын біледі. Әкесі де темірдей тәртіптің адамы» деп қайырды сөзін жас ана.

Иә, «болар бала – бесіктен» дейді қазақ. «Kazakhstan Kids Fashion Show» жобасы көптеген бүлдіршіндердің жұлдызын жандырғаны талай рет дәлелденді. Ұл-қыздардың дауыстарын радиодан естіп, жүздерін жарнамалық билбордтан көрген боларсыз. Бұның барлығы бала еңбегін пайдаланып, қаржы жинақтау мақсатында еместігін Махаббат баса айтты. Өзі де 7 жасарлық ұлды тәрбиелеп отырған ана. «Идеяны әу бастан-ақ балам үшін жүзеге асырдым. Ол менің барлық бастамаларыма атсалысып, басы-қасымда жүреді» деп ағынан жарылды ол.

Биылғы шоу Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналып, «Қазақстанда жасалған» ұранымен өтеді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button