Құқық

Баланы құтқарып, мерейі өсті

Астана қаласы ІІД Жедел қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция капитаны Өміржан Темірбеков 12 жастағы баланы судан құтқарып қалды.

Оқиға 9 маусым сағат шамамен 12.30-да 187-көшесі бойындағы Сарыбұлақ өзенінде болған. Жұмысқа кетіп бара жатқан полицей өзен бо­йында топтанып, жиналып тұрған балаларды көреді. Олардың қасына келгенде суға батып бара жатқан баланы байқайды. Бірден өзенге «күмп» берген полиция жеткіншекті судан алып шығады. Оған жасанды дем беріп, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Баланы көте­ріп алып, денесін тізесіне қойып, басын төмен қаратып, денесіндегі суды сыртқа шығарған. Бірден көрсетілген көмектен кейін бала есін жиып, тыныс алады.
Оқиға орнына келіп жеткен жедел жәрдем дәрігерлері баланың дер кезінде құтқа­рылғанын және алғашқы көмек дұрыс жасалғанын айтады.
Суға кетіп қала жаздаған баланың аты – Батухан екен. Оның анасы Жанар Айтөреева баласын аман алып қалған полиция капитаны Өміржан Темірбековке алғысын жаудырып, қызметіне табыс тіледі.
Ал Өміржан Темірбеков дәрі­герлер рұқсат берген соң, Бату­ханның халін білуге барып шық­пақшы. «Менің орнымдағы кез келген адам солай жасар еді. Өйт­кені, қиындыққа тап болған адамды құтқару – кез келген азаматтың адами парызы» дейді ол.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button