Басты ақпарат

Бас қала – алып құрылыс алаңы

Елімізде, оның ішінде астанада құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазақстанның құрметті құрылысшысы, «Бәйтерек» астана құрылысшылары одағы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері Жамбыл МЕЛДЕБАЙ кірістің 30 пайызы құрылыс саласынан түседі дейді.

– Әңгімеге кірісер алдында Құрылысшылар одағының жұмысы туралы айтып өтсеңіз…

– «Бәйтерек» құрылысшылар одағы 2006 жылы құрылды. Ұйымның құрамында 75 кәсіпорын бар. Біз құрылыс саласында қордаланып келе жатқан мәселелерді мемлекеттік органдар алдында көтереміз, құрылысшылардың құқын қорғаймыз. Салынып жатқан құрылыстың сапасы, техника қауіпсіздігінің сақталуы сияқты шаруа­шылық жақтарын қадағалаймыз. 4-5 компанияның жұмысшылары айлықтарымызды ала алмай жатырмыз деген соң, соларды тексеріп бардық, мәселені оңтайлы шештік.
Сондай-ақ елордада жүргізілген құрылыстардың есебін жүргіземіз. Қандай құрылыстар салынды, қай кәсіпорын салды, мамандар, нысандар туралы деректер жинақталған 15 томдық «Жасампаздар» деген кітап шығардым. Оған қоса атақты құрылысшыларға, сәулетшілерге арнап 5 томдық «Құрмет» деген кітап шығардық. Енді 6-томын Тәуелсіздік күніне арнап шығарғалы отырмыз. Одан бөлек Үкіметке, әкімдіктерге, мемлекеттік органдарға хат жолдап, осы салаға ерекше еңбек сіңірген адамдардың марапатталуына ықпал еттік. Бүгінге дейін Қазақстан бойынша 1,5 мың адам «Құрметті құрылысшы» атағын иеленді, 3 мыңдай адам орден-медальдармен марапатталды.
– Жақында Құрылысшылар мен сәулетшілерге арнап ескерткіш тұрғыз­дыңыздар. Ескерткіш тұрғызудағы мақсатыңыз қандай? Жалпы, оған қандай ой итермеледі? Сол жайында айтсаңыз.

– Ескерткішті ­«Қазақстанның жасампаз құрылысшылары» деп атадық. Айта кетейін, құрылысшыларға арналған мұндай ескерткіш ТМД бойынша жоқ. Ондай идея 2014 жылы Дархан Мыңбай ұсынып, сол себеп болды. Сол кездегі қала әкімі Ә.Жақсыбековке, одан кейінгі Ә.Исекешевке де ескерткіш орнататын жер сұрап бардым. Ол үшін тіпті он шақты учаске де белгіленіп, бөлінді, бірақ жер беру кезінде істің бәрі сиырқұйымшақтанып аяқталмай қалады. Содан Бақыт Сұлтанов әкім болып тұрғанда әйтеуір жер бөлініп, аукцион арқылы тегін алдық. Қазіргі әкім Алтай Көлгінов оның рұқсат құжаттарының бәрін әзірлетіп, жобаны бекітіп берді. Осы екі әкімге және айрықша ұйымдастырушылық қолдау көрсеткен ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы ­Мархабат ­Жайымбетовке ризашылығым зор. Сондай-ақ құрылыстың басы-қасында жүрген Мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбайға, Шәкір Құсайынұлына алғыс айтамын. Маңғыстау, Түркістан, Ақмола облыстарынан және Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау қаласынан ешбір құрылыс мекемелері қатыспады. Өкініштісі сол.
Ескерткіш кешенінің құрылысына түрлі компаниялар қолдау көрсетті. Жалпы, 30-ға тарта компания­лардың демеу­шілігімен салынды. Оның мүсіні «Энергия тиімділігі саласындағы ынтымақтас­тық жөніндегі еуразиялық консорциум» ЖШС-ында жасалды. Директоры – Абай Жамбылұлы Мелдебай, мүсінші – Ернұр Абайұлы, сәулетші Серік Ақбаев.
Құрылыс 6 айдай жүрді. Алдыңғы 3 ай бойы жердің ой-шұңқырын тегістеп, көлшіктен, түрлі қоқыстан тазарттық. Қада тіреуін қағып, іргетасын құйдырдық. Стелла 25 метр ақ граниттен соғылды. Жетпеген ақшаны несиеге алып, өз қалтамнан қостым. Сөйтіп 8 тамыз – Құрылысшылар күні салып бітірдік. Енді ескерткіштің жанынан мұражай ашамыз, оның жобалық құжаттары дайын. Мұражайға құрылыс саласында қолданған техника, аспаптарды қою ойымызда бар.
Ал енді мақсатқа келсек, ол – Құрылысшыларға деген құрмет! Қазақстанда қаншама атақты құрылысшылар бар, солар туралы жақсы естелік қалса, аттары аталса деген ой. Есімдері кейінгі ұрпақтың жадында сақталуы керек, құрметтелуі тиіс. Одан бөлек жастардың құрылыс мамандығына деген қызығушылығын ояту. Әсіресе, өзіміздің ұлттың ұл-қыздарын осы мамандыққа тарту. Өйткені өзім көріп жүрмін, құрылыс инженері оқуын оқып келген жастардың көбісінің білімі төмен. Нивелир деген құралды танымайды, сызбаны оқи алмайды. Мамандықты жете меңгермеген.

– Тәжірибелі құрылысшы ретінде елімізде құрылыс саласының дамуына кедергі келтіріп отырған қандай факторларды айта аласыз? Оған қатысты қандай талаптарды өзгерту керек?
– Қазақстанда құрылыс саласы қарқынды дамуы үшін бірқатар өзгерістер енгізілуі қажет. Менің ойым­ша, 1,2,3 категория деген шарттарды алып тастаған дұрыс. Жаңа технологиялардың келуіне байланысты құрылыс нормалары мен ережелеріне өзгертулер керек (СНИП). Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау қызметтерін (ГАСК) қалалық әкімдіктердің құзырынан алып, министрлікке берген жөн сияқты.
Сондай-ақ жеке құрылыс министрлігі құрылғаны абзал. Ол құрылыс ісіне қатыс­ты мәселелердің оңтайлы және жедел шешім табуына тікелей ықпал етеді. Бүгінде жергілікті бюджеттен 30 пайыз кірісін осы құрылыс саласы береді. Құрылыс жұмыстары тіпті карантин кезінде де тоқтатылған жоқ.
Тағы бір маңызды нәрсе, әр облыстарда салынатын нысандардың құрылысына сол аумақта тіркелген компаниялардың қатыс­тырылуы заңдастырылса, басқа облыстардан бармаса жақсы болар еді. Мысалы, Жамбыл облысында мектеп, балабақша, аурухана, т.б. бой көтеретін болса, оған тек сол өңірдің компаниялары қатыстырылсын. Қазір ­Түркістан облысында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен барып жатыр. Ол жергілікті жердің адамдарын жұмыспен қамтамасыз ету жағдайын ұтымды шешуге септігін тигізеді. Ал егер маман тапшы болса немесе жергілікті компания­лардың қауқары жетпей жатса, сонда ғана сырттан шақыртуға болады.
Жоғарыда айтып өттім ғой, құрылыс саласында бізде категориялар жасап қойған, соны алып тастау керек деп. Себебі 3-категориялы кәсіпорын жекелеген жұмыстарды ғана істей алады, мысалы кірпіш құяды, бетон соғады, бірақ нысан салу үшін тендерге қатысуға құқы жоқ. 2-категориялы компаниялар 6 қабатты үй сала алады, ал одан жоғары үйлердің, күрделі құрылыс­тарды жүргізе алмайды. Күрделі нысандарды тек ірі құрылыс компаниялары ғана атқарады.

– Еуразиялық экономикалық одақ аясында оған мүше мемлекеттердің «тауарларының, қызметтерінің, жұмысшыларының еркін жүруіне» рұқсат беретін шарт бар. Соған байланысты Қазақстанда ресейлік, белорусьтік және т.б елдердің компанияларының жұмыс істеуіне жағдай жасалған емес пе?
– Шетелдік компанияларға қатысты да бәрі жақсы деп айта алмаймын. Ел ішіне келгенде олар осы жерден фирма ашып, лицензияны алуы тиіс, бірақ оларға 3-категория ғана беріледі. 1-категория беру үшін 10 жыл Қазақстанда тіркеліп тұруы керек. Мәселен, жол салайық, көпір салайық деп шетелдік инвесторлар келеді, өзіме Ираннан, Түркиядан келген инвесторлар жолықты. Бірақ олар тендерге қатыса алмайды, заңға қайшы. Қатысса да тек қосалқы мердігер ретінде ғана қатысады. Бұл жерде заң біздегі ірі компаниялардың мүддесін қорғап отыр деген сөз. Осыған байланыс­ты шағын кәсіпорындар техникалық-материалдық базасы сай, мамандары білікті бола тұра, тендерге қатыса алмайды. Бұл құрылыс саласында бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан категория деген талапты қайта қарау керек. Сол кезде шетелден де келіп, құрылыс саласын дамытуға қатыса алады. Мысалы, жаңа өзің айтқан Ресейде, Белоруссияда мұндай категорияға бөлу деген жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button