Басты ақпаратРуханият

2015 жыл

2015 жыл еліміздегі басты саяси оқиға кезектен тыс президент сайлауының өтуі болса және бұл жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына ресми түрде кірді. Елбасының шешімімен қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекеленді. Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа ұшып, «Қазақстанның Халық Қаһарманы» атанды. Осы жылы Астана ақшамы газетінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осындай еліміздегі және елордадағы елеулі оқиғалар мен айтулы күндер басылымның әр нөмірінде жарық көрді.

ХАЛЫҚ ТАҢДАУЫ

2015 жылдың басты оқиғаларының біріне кезектен тыс өткен Президент сайлауын да жатқызуға болады. Қазақстан халық Ассамблеясы бас болып, Парламент бірауыздан мақұлдап, сол жылы сәуір айында ел Президентін қайта сайладық. 28 сәуірдегі басылымда «Белсеніп келді бұқара бұл сайлауға» тақырыбымен айқара бет арналған. Сайлауға елордада барлығы 254 сайлау учаскесі тіркелген. Оның 189-ы жергілікті жерде болса, 65-і шетелдік елшіліктерде ашылған. Жалпы, сол жылы бас шаһарда 400 434 сайлаушы тіркелген және дауыс беру барысына тұңғыш рет біздің елімізден 10 мыңға жуық бақылаушы қатысқандығы мәлім болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаушылардың 97,75% дауысын жинап, айқын жеңіске жетті. Мерзімінен бұрын өткен сайлауға дайындық барысы, сайлаудың өтуі басылымның әр нөмірінде үзбей жарияланып отырған.

КЕДЕРГІСІЗ КЕДЕН

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, (№1) Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерің арасында Еуразиялық экономикалық Одақ туралы келісімшарт күшіне енді. Қазақстандықтарға экономикалық мүмкіндіктер мен тың серпін беретін тарихи құжат туралы журналист Таңатар Төлеуғалиев жаңа жылдағы алғашқы №6 санында бірнеше мамандардың да пікірін берген. Мамандардың пікірінше, бұл – үлкен нарық. Тауар мен жұмыс күшіне мемлекеттік шекарадан аттағанда ешқандай кедергі жоқ. Сонымен қатар білім мен ғылымды дамытуға игі қадамдар жасауға ықпал етеді делінген.ЭЛЕКТРОНДЫ КАРТА ЕНГІЗІЛДІ

2015 жылы қоғамдық көлікке арналған электронды карта туралы алғаш мәселе қозғалған. Бұл шараны елордадағы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Astana LRT» компаниясы бірлесіп ұйымдастырып бастаған. Сарыарқа, Есіл және Алматы аудандары бойынша 25 фототіркеу пункті ашылған.
Жол жүру құнын электронды карта арқылы төлеу қоғамдық көліктегі бірнеше мәселелерді жою мақсаты қойылған еді. Бүгінге дейін бұл жүйе өз нәтижесін беріп келеді. Бұл тәртіпке қала тұрғындары да әбден үйренді.

АЙДЫННЫҢ АРМАН САПАРЫ

«Айдынның арман сапары» немесе «Айдын арман сапарынан оралды» тақырыбындағы мақала ғарышкер Айдын Айымбетовтың ғарыш әлеміндегі сапарынан сыр шертеді. Қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов пен оның серіктестері – ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка мен даниялық астронавт Андреас Могенсен ғарыштағы он күндік сапарынан аман-есен оралды. «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінен бөлініп шыққан капсула Жезқазған қаласынан оңтүстік шығысындағы 146 шақырымдық қашықтыққа қонған. Артынша Астана халықаралық әуежайынан ғарышкерлерді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қарсы алған.ТАРИХ ТОЙЫ

Ел көлемінде тойланған қазақ хандығының 550 жылдығы басылым бетінде қатталды. Алдымен астана төрінде оздырылған тарихи шарадан мақала дайындалса, кейін «Талайғы Тараздағы тарих тойы» деген атпен тағы бір тұшымды материал жарық көрді. Осы мақаладан Талас жағасындағы тамаша қалада «Қазақ хандығы» монументінің ашылғанын, Алаш жұрты ардақ тұтар алғашқы хандарымыз Керей мен Жәнібектің тақта отырған тамаша ескерткіштері қоныс тепкенін оқырман оқып білді.

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ – 70 ЖЫЛ

«Соғысқа қатысқан Ақмолалық дивизиялар» тақырыбымен ғалым Қ.Еңсеновтың көлемді мақаласы басылымның №5 санында жарық көрген. Соғыс басталған 1941 жылдың 25 шілдесінде Ақмолада 310-атқыштар дивизиясы жасақталған. Олар Ленинград майданында жан аямай фашис­терге қарсы ұрысқан. Мақалада дивизия жауынгерлерінің ерлікке толы жорықтарын баяндайды. 2015 жылғы басылымның әр нөмірі Жеңістің 70 жылдығына арналған деректі материалдармен қамтылып отырды.

«АҚШАМҒА» – 25 ЖЫЛ

2015 жыл астаналық қос басылымының 25 жылдығы аталды. Басылымның атаулы жылында өткен күндер естелігі қайтадан оқырманға жол тартты. Журналист Азамат Есенжол «Ақмола ақиқатынан» «Астана ақшамына» дейін атты көлемді мақаласында басылым тарихын толғайды. Әрине, ең басты міндет – астаналық мәртебеге сай жұмыс жүргізу, газетті республикалық деңгейге көтеру болды. Осы кезеңде газеттің шығармашылық ұжымы да жастармен толығып, толысқан. 1998 жылы елорда тарихының дамуымен байланысты түрлі айдарлармен газет бетінің кеңейгенін жазған. Сондай-ақ газеттің мерейтойлық санында Елбасының құттықтауы жарияланды.ҰЛТ ҰЙЫТҚЫСЫ

«Ұлт аңсарының ұйытқысы» деген атпен өркениет тарихы мен мәдениетіне ерекше үлес қосқан қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің шығармашылығы, өмірі, қайраткерлігі туралы зерттеп жүрген, көзі тірісінде жақын араласқан жазушы Тұрсын Жұртбайдың сұхбаты берілген. 205 жылы Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толды. Есенберлинді Мұхтар Әуезовтен кейінгі Алаш идеясының кепілі болған ұлттық тұлға деп дәріптеген жазушы аса тегеурінді, қазақ көркем сөзі мен көркем өнерінің көсемі болған талай тұлғалардың ішінде Есенберлин жолы бөлек дейді. Өйткені ұлттық иірім тұрғысынан алғанда, Мұхтар Әуезовтей ұлы суреткер дүниеден көшкен соң, біраз жыл, қашан Ілияс Есенберлин тұлғаланып шыққанша, оның орны ойсырап тұрды дей келіп, жазушының шығармашылықтағы соны жолына тоқталған.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button