МәдениетСұхбат

«БАСТЫ КӨРЕРМЕНІМІЗ БАЛАЛАР»

Астана қуыршақ театры

Бала жүрегі сенгіш болғандықтан, қуыршақтар қойылымының тәрбиелік мағынасы зор. Өскелең ұрпақтың бойында патриоттық, отансүйгіштік мінез қалыптастырып жүрген, ашылғанына көп бола қоймаса да біраз асуды бағындырған өнер ұжымдарының бірі – Астана қуыршақ театры. Ұлттық рухани мұрамыздың белсенді насихаттаушысы, Астана қуыршақ театры директорының орынбасары, ҚР мәдениет қайраткері Досымхан Бейсенбайұлымен сұхбат құрудың сәті түсті.

– Биыл Қазақстанның біраз қалаларында гастрольдік сапарда болған екенсіздер. Ол жақтағы көрермендер қалай қарсы алды? Өнерлеріңіздің өресін қаншалықты бағалады?

– Өте жақсы көңіл-күймен қарсы алып, қошеметтеп шығарып салды. Біз сәуір айының 21-22 аралығында Көкшетау қаласында «Қаңбақ шал», мамыр айының 14-20 аралығында «Сиқырлы сөздер» қойылымдарымен Қарағанды және Балқаш қалаларында гас-трольде болдық. Біздің ең бас-ты көрермендеріміз – балалар. Сондықтан, мектептермен арнайы келісім жасалып, әлі оң-солын танымаған балаларға тәрбиелік мәні зор қойылымдар тарту етеміз. Мәселен, патриотизм, қазақ тілін қадірлеу тақырыбына арналған М.Тойбаевтың «Сиқырлы сөздер» қойылымында мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар көп айтылады. Қуыршақтардың сырт келбеті, көңілді әуендер көрермендердің көңіл-күйін көтереді. Әрбір сахналық шарамыздан соң үнемі алғыс пен марапаттауларға ие болатынымыз сондықтан.

– Қайырымдылық шараларына келгенде белсенді екендеріңізді көп естиміз. Әртүрлі дертке ұшыраған балалардың көңілін аулайтын қойылымдарыңыз жайлы не айтар едіңіз?

– Балаларға қолымыздан келгенше күлкі сыйлап, шаттыққа бөлеу – біздің мақсатымыз. Көбіне тәрбиелік мәні бар, балалардың өмірге деген құштарлығын оятуға арналған дүниелер қоямыз. Атап айтсақ, балаларға жол ережелерін үйрету мақсатындағы А.Салаеваның «Байқа жолда, балақай» немесе ертегі желісіндегі «Қаңбақ шал» және «Арыстан патша» мюзикілдері бар. Театр – қалалық, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларға әр уақытта белсенді қатысады. Біздің жылдық жоспарымызда міндетті түрде кемі бес-алты қайырымдылық акциясы орын алады. Тіпті, кейде жекелей де көмек сұрайды. Ешкімнің көңілін қалдырмай, баруға тырысамыз.

– Қуыршақ театрының бүгінге дейінгі белесі мен болашақ еншісіндегі жоспарлары туралы айта отырсаңыз...

– Өздеріңізге белгілі, ең алғаш біз 2007 жылы Астана қаласындағы Жас көрермендер театры жанынан қуыршақ бөлімі ретінде ашылдық. Кейін 2010 жылы қала әкімінің қаулысы бойынша өз алдымызға отау құрып, Астана қаласы әкімдігі «Қуыршақ театры» МКҚК-ның дәрежесін алдық. Міне, осы уақыттан бері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеміз. Ал, жеткен жетістігімізге келер болсақ, 2012 жылдың 11-18 сәуір аралығында Душанбе қаласында өткен «Чодари хаёл» ІІІ халықаралық қуыршақ театрлар фестиваліне «Менің салған суретім» атты қойылыммен қатысып, 1-орын алдық. Былтыр 1-6 қазан аралығында Ақтөбе қаласында өткен «Ассалаумағалейкум» ІІІ халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне қатысып, шетелдік, халықаралық деңгейдегі әріптестермен танысып, тәжірибе алмастық, біршама жоғары дәрежелі фестивальдерге шақыртулар алдық. Тағы да мақтана айтатын жетістігіміз, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Ортеке» ІІІ халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде «Үздік спектакль» және «Ең үздік актерлік жұмыс» аталымдарымен марапатталдық. Онда И.Миччи, Дж.Робертс, Л.Вульертонның «Арыстан патша» мюзиклін қойған болатынбыз. Жалпы, театрымызда өз ісін жетік меңгерген, білікті мамандар қызмет істейді. Сондықтан, біздің алар асуымыз әлі де алда деп білемін.

– Репертуар қаншалықты жаңарып тұрады? Сіздерге арнайы жазатын авторлар бар ма?

– Театр репертуарын әртүрлі жанрмен толықтырып, заманауи ағымда жұмыс атқарып келеміз. Дегенмен, балаларға арнап, оның ішінде қуыршақ театрларына жазатын авторлар жоқтың қасы. Біздің қойылымдарымыздың көбін қолда бар дүниелерден қуыршақ театрына икемдеп шығарып жатқан – театрымыздың көркемдік жетекшісі Құралай Ешмұратова.

Репертуарымызда он шақты қойылым бар. Солардың арасында мақтанышпен айтуға болатыны – «Менің салған суретім» атты туынды. Бұл шығарманың режиссері – өзіміздің актеріміз, жас та болса жасындай ойнаған Айжан Кәрібайқызы. Сонымен бірге, Т.Хасанғалиеваның «Орманда болған оқиға» және «Ана құдіреті» атты қойылымдары да көрермендердің оң бағасын алып келеді. Балалар назарына ұсынылып жүрген «Атамекен», «Самұрық туралы ертегі» және «Махаббат туралы аңыз» атты спектакльдердің рухани тәрбиелік мәні зор.

– Өнер болған соң даму болмаса, шеберлік ұшталмайды. Шетелдік әріптестеріңізбен тәжірибе алмасу жағы қарастырылған ба? Әлде отандық театр майталмандарымен байланыс көбірек орнатылған ба?

– Шетелдік әріптестерімізбен арнайы фестивальдарда бас қосамыз. Сонда бір-бірімізден үйренетін кездер болады. Дей тұрғанмен, көбіне біз отандық театр әртістермен тығыз байланыстамыз. Гастрольдік сапармен еліміздің көптеген аймақтарына шыққанда өз өнерімізді дәріптеумен қатар, тәжірибе алмасатын жайымыз бар. Елімізде қуыршақ театрлары саусақпен санарлық болса да, мақтанышпен айтатын театрлар көп. Олар – Алматы, Ақтөбе, Жезқазған, Ақтау, Шымкент, Қостанай мен Петропавлдағы қалалық қуыршақ театрлары. Жасыратын несі бар, ара-тұра бізді де алаңдататын кемшіліктер жоқ емес. Мәселен, қуыршақ театрларында режиссер, сценарист, суретші жоқтың қасы. Оған қоса, біздің театр ғимаратқа зәру. Сол себептен де театр ұжымы қойылымдарын мектептер мен балабақшаларды аралап насихаттауға мәжбүр. Астананың мәдениет саласының басы-қасындағылар құлағына іле жүретін, қадірлі көрерменіміз, шынайы жанашырымыз біле жүретін бар сырымыз осы.

Гүлжәмила ЗАЙЫРОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button