ИмантаразыСұхбат

Үкіжан Садуақасқызы ҒЫЛМАНИ: ӘКЕМНІҢ ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ РУХЫ КҮШТІ БОЛДЫ

Биыл елордамызда «Садуақас Ғылмани мешіті» жанынан аталған дін тұлғасының қайраткерлігі мен шығармашылығын айғақтайтын музей ашылды. Білуімізше, бұл елімізде және таяу шетелде бұрын-соңды болмаған музей. Оған кеңестік қиын жылдары көп қуғын көріп, ақылымен және сабырымен сол жүйені жеңген қоғам қайраткерінің түпнұсқа жазбалары, жеке заттары қойылған. Рухани-мәдени құтхана С.Ғылмани имам болған ескі мешіт орнына тұрғызылуының да рәміздік мәні бар. Музейді ашу мен оған жәдігерліктер жинау ісіне Садуақас қазіреттің туған перзенттері – жасы 90-нан асқан Үкіжан және 70-тен асқан Әмина апаларымыз көп атсалысты.
Газет оқырмандарын қасиетті Рамазан айымен құттықтай отырып, төменде қуғын-сүргін жылдардағы діндар отбасының қилы тағдыры туралы абыз ана деңгейіндегі Үкіжан (Мумина) қажы Садуақасқызының естелік-сұхбатын ұсынамыз.

– Үкіжан апа, әйгілі тұлғаның перзентісіз. Өскен ортаңыз, туған мекеніңіз туралы не айтасыз?

– Аллаға мың шүкір дейін, мен 1923 жылы Ерейменнің Қызылшілік деген жеріндегі Төре ауылында, халық «Сәкен қалпе» деп атап кеткен кісінің отбасында туыппын. Әкемнің шын есімі – Садуақас. Атамның ныспысы – Ғылман яки Ығылман. Әкем он жеті жасынан бастап бала оқытыпты. Содан мешіт, медресе ұстаған. Ол кісінің ұстазы – халық «Ақтамақ қалпе» деп атаған, сүйегі төлеңгіт Ахмет Ғұсманұлы. Әкем сол әйгілі молданың қолында 6 жыл оқып, үздік бітіргені үшін шапаны мен сәлдесін сыйға алыпты. Елдегі өлшеусіз рухани қызметі бір бөлек, өмірінің соңғы күндеріне дейін 20 жыл Алматы қаласында қази қызметін атқарып, 1972 жылы 24 сәуірде дүние салды. 26-сына арулап Кеңсайға жерледік. Өз анам Дәмелі Ержанқызы 1902 жылы туып, 1927 жылы қайтыс болған. Мен сонда 5 жаста екенмін. Марқұм үш баланың анасы еді. Әкеміз заманына сай екі әйел алғандықтан, Мәкен анамыздың тәрбиесінде болдық. Екінші анамыз 7 бала туған көрінеді. Кейін ұлдан тірі қалған Хамат бауырымды осы кісі туыпты. Балалық шағым біршама жақсы өтті. Содан тұрмыс соқпағымен елден ауып Омбыға барған 1933 жылы 33 жасында екінші шешеміз бақиға аттанды. Бұдан соң әкеміз үшінші рет үйленді. Жалғыз бауырым Хаматты Төлебай ағам Орынборға оқуға алып кетті. Мен Ақмолада нағашы апамның қолында 7-сыныпты бітірдім.

1928 жылдан әкеміздің басына қара бұлт үйірілді. Қиын шақта атам, аналарым ол кісіге сүйеніш болды. Екінші анам Мәкен маған ақ сүтін берсе, өз анам Дәмелі Хаматты емізіпті. Екеуінің сыйластығы апалы-сіңілідей екен. Дәм жазып, 1974 жылы жазда 38 жасымда елге барып, туып-өскен жерді көзбен көрдім. Төре ауылындағы Төрежалында ата-бабамыздың қорымы тұр. Сонда анам Дәмелі зиратын барып көрдім.

Ауыл – таудың бауырында, бірінші – медресе, оған тақала – атам үйі, сонан соң – біздің үй. Кейін үшеуін қосып төбесін ашып қора қып, біздің үйде қойшылар тұрыпты. Қоралар тастан қаланған, есік алдында – құдық, ну қалың ағаш. Ағаштар неше түрге бөлініп, түрлі қарақат қой­бүлдірген, ағашбүлдірген, итмұрын, қымыздық, дала жуасы, айтып тіл жетпейтін қайран толықсыған ел, жер, сылдырап аққан бұлақ өзендері. Сол сыңсыған ауылдарда ескі көзден – Зикен, Жүніс сынды немере ағалар, Ордабай есімді азамат, бізді оқытқан Ақыш деген мұғалім, Қалимаш апайым, Темірғали нағашым, Байзақтың Омары бала-шағаларымен тұрып жатты. Бәрі үйіне шақырды, Ерейменде де біраз күн қондым. Ақылы кеніш Әтек, Қамзе нағашылардың, Әбубәкір бөлемнің үйінде болдым. Бестөбеден Дәмелі анамның інісі Қапан нағашым жұбайы Төкішпен келіп алып кетті. Сәбира, Әмина нағашы жеңгелерім қандай салиқалы адамдар еді. Тап-таза, отбасы өте жинақы болатын. Әтек нағашым сөзін аңдап, даналықпен сөйлеп, әр сөзінен ақыл алатындай зор дана адам еді. Қамзе нағашым – Мәкен апамның інісі. Сол Ерейменде сот болып істеді. Нұрмағамбетұлы Ғабдулла бөлем балалы-шағалы, кеңпейілді адам еді. Бірақ, Алла нәубаты ерте жетіп, екеуі де қырық жас шамасында қайтыс болды. Алла имандарын саламат қылсын!..

Қазір есіме ауылым түссе, аруағы риза болғыр әлгі кісілерім жадымда жаңғырады. Балалық шағымда, қыз күнімде Алла Ерейменнің қадірін сезінуге, жақсы мен жайсаңынан тағылым алуға жазыпты. Соған шүкір деймін.

– Әкеңіз Садуақас Ғылмани 30-жылдары қуғын-сүргінге ұшы­рады. Осы жағдай қабырғаңыз қат­паған сізге қалай әсер етті?

– Алаш зиялыларын, оқығандарды жаппай тұтқындап, отбасын әуре-сарсаңға салған жылдар бізді де айналып өткен жоқ. Көп қиындықты бастан өткердік. Әкеміз «Дін-апиынды елге таратушы», «халық жауы» деген жалған айыппен қудаланды. Біз ата-анамыздың қызығын да, азапты жолын да көрдік.

Әлі есімде, үстімде – ұзын көйлек, аяғымда – күмістен шегелеген кебіс, оюлаған мәсі, басымда – оқалы тақия киген қазақтың қызы болып жүретінмін. 1928-1929 жылдары кәмпеске деген пәле шығып, бізді титықтатып жіберді. Шолақ белсенділерге біз көзге шыққан сүйелдейміз. Салықтан салық болып, көтерем болуға айналдық. Тіпті, соңында «салыққа 57 ірі қара бер» дегенде, әкем шын қиналды. Оны қайдан, кімнен алмақпыз? Бір күні мешіт-медресенің есігін жіппен байлап, үй-затымыздан ештеңе алмай, 9 жан Ақмола қаласына қарай шықтық.

Бұл – 1930 жыл. Әкем «Қали» деген өтірік атта, енді 4 баласы бармыз. Әкеме бір «жолдасы» ілесті. Екі атымыз, аздаған ғана дүниеміз бар. Әлгі кісі сынға шыдамады. Екі атты бағам деп кетіп жүріп ұрлық жасапты. Оны далада ұстайды, «ат сол үйдікі» деп келіп, әкемді де ұстап екеуін де түрмеге қамап тастады. Бұған, әрине, әкемнің діндар болғаны қоса жамылса керек. Бірақ, осы түрмеде қызық оқиға болады. Абақты күзетшісінің бірі әкемді сырттай таниды екен және намазхандығына, тазалығына риза болып жүріпті. 57 күн дегенде сонда Мусимов Әбдікәрім есімді шал қайтыс болады. Ана кісінің жанашырлығы арқасында әкем өлген ақсақалдың құжатымен «босатылады». Осы уақытта арып-ашыған әжеміз Ғимадиден деген ұлымен, Жәмила деген қызымен аштан өледі.

Бақыттымыз, дәулеттіміз деп жүргенде, бір үзім нанға зәру халге жеттік. Әкемнің түрмеге түскенін естіп, Жаңарқада тұратын әкемнің немере інісі Ілияс ағамыз бауырым Хамат екеумізді бір арба жүкпен «аман шыққанша бізде болсын» деп алып кетті. Мәкен апам екі кішкене баламен қала берді. Біз кеткен соң анамыз ашығады, денесі іседі, екі бала аштан өледі. Әкем аман-есен түрмеден шығып, апам екеуі пойызға отырып Омбының Москеленке деген жеріндегі ағайындарымызға барып паналайды.

Біз де танымайтын жат елге бардық. Әлі баламыз. Бұрынғыдай маңдайдан сипайтын ата-анаң жоқ, қадірлейтін елің жоқ, еркелететін бауырың жоқ. Енді өзімізге сенуге тура келді. Хаматым онда, мен тоғыздамын. Танымайтын ел, бейтаныс үй, жаны ашып айтатын әкең мен шешең жоқ. Қайда жұмсаса соны істеп, тезек жағатын үйдің тезегін теріп, үйін жинаса бастадық. Бірақ, біз тұрған ауылдағы үй тоқшылық, ал ниеттері тар. Ақыры, біз сол үйден ашықтық жағдайға душар болдық. Ол уақытта ел сиырды бұзаумен сауады. Қалақтай ғана ағам әр үйдің бұзауын ұстап тұрып, сиырын сауғызып бір күрешкесін өзі ішіп, бір күрешкесін маған әкеп беруші еді. Сөйтіп жүргенде Хаматым тышқақтап ауырды. Күн де суыта бастады. Ілияс ағамыз аңқұмар кісі екен, бір кетсе он күндеп кетеді. Отбасы іздемейді, өзі пысық, келбетті, бірақ мінезі жеңілдеу адам екен. «Ағатай, әкем мен апама апаршы!» десек, күнде «ертеңмен» талай айлар өтіп те кетті. Өзіміз де ашығып жүдей бастадық. Жеңгеміз сол елдің қызы екен, көшкісі келмейді. Бір күні ағамыз жеңіп, көшетін болды. Хамат екеуміз іштей жүрегіміз жарылардай қуанып жүрміз. Ол уақытта айдың, күннің не екенін анық білетін кез емес. Жаспыз, бәрін анық білу қайда, әйтеуір, арбамен көштік. Әжептәуір малы бар сияқты, түсінбейтініміз – ағамыз екеуміз ашпыз. Хамат екеумізді бір түйеге мінгізді.

Біз бес-алты қонып, Ақмола қала­сының шетін көре бастадық. Қалада байлар көп болғандықтан шығар, онда көбі ағаш үйлер, арасында екі қабатты үйлер де көрінеді. Суықтау кез болса керек, бәрінің мұржасынан будақ-будақ түтін шықанын көргенімізде, «жеттік-ау!» деп жүрегіміз жарылғандай қуанышта едік. Көзден жас та шығып жатыр, «әкем мен апамды көретін болдық-ау» деп өз басымыз жеткенге қуандық. Ақмолада апамның Рахима деген туған жалғыз апасы, Сұлтанбек деген жездесі тұратын. Бізді солардың есігінің алдына әкеп түсірді. Апамыз бізді көріп, бұл қалада әкем мен апамның жоқтығын, ашыққан елдің бәрі пойызбен Омбы жаққа кетіп жатқанын айтты. «Онда баратын кісі болса, біліп келем» деп бізді аппақ қып жуындырды да, тамақ берді. Сонда анамыздың қолына келгендей зор қуандық.

Біреудің қолына қарау деген жақсы емес. Жаңарқада өле жаздадық, мұнда маң­дайымыздан сипап жатыр. Бала екеш бала да кімнің кім екенін біледі ғой.

– Енді сол Ақмолада қала бер­діңіздер ме?..

– Жоқ-ә, заман қиын. Әркім өз әке-шешесімен болғанға не жетсін! Оның үстіне біз ана жақтан жамыраған қозыдай ашығып ата-анамызды аңсап шыққан жоқпыз ба?

Ақмолаға жеткенде, бір күні Рахима апамыз әкемнің туған інісі Кәкен ағаймен бірге үйге кіріп келді. Біз де, ол да жылап, бір-бірімізді құшақтап көрістік. Ол ағайды «кішкентай ағатай» деп айтатын едік. Көзінде болмаса, көкірегінде бір алалық жоқ адам еді-ау. Аман көргеніне шүкіршілік қылып, «боталарым, тез киініңдер, бүгін кешке пойызбен кетеміз» дейді. Ауру, жүдеу Хаматта қозғалатын хал жоқ. Ағатайым оны көріп жылап жіберді. Сөйтіп, Хаматты көтеріп, мені жетектеп, нағашы апам екеуі бізді вокзалға алып барды.

Жасы 75-ке келіп бәйбішесінен айырылып қалған атам, менен екі жас үлкен атамның кенже қызы Қалимаш, жас жеңгем Қазкей алдымыздан шығып, жылап көрістік. Қарт атам бізді аман көргенге шүкірлік қылып жатыр. Халықтың бәрі аш, жылаған, шулаған нөпір. Пойызға отыратын уақыт жетті. Жалғыз кішкене ағатайым жан ұшырып бәрімізді жайғастырып отырғызып, нағашы апам сәлемін айтып жылап қала берді. Міне, пойыз да қозғалды, көбі оған бірінші рет мінген. Халық «астағпиралла!» десіп жатты. Атам да намазын оқыды.

Біздің қуанышымызда шек жоқ, ойламаған жерден атамды, ел адамдарын көріп, қуаныштан қанша күн жүргенімізді білмейміз. Бір шамада Қызылжарға келдік, ағатайым түсе­ті­німізді хабарлап қойды. Бізде ешқандай қорқыныш жоқ, жанымызда ағатайым, атам, Қазкей, Қалимаш бар. Сонан бәріміз түстік. Ағатайым өте шебер, қолынан бәрі келетін, он саусағынан өнер тамған адам еді.
Бізге бір ағаш үй берді. Ағатайым зауытта жұмыс істейді, біз де тіріліп оңала бастадық. Кәрі шалмын деп отырмай, атам да ағаштан астау, табақ, аяқ, қасық, ожау, ертоқым, доға, қамыт жасауға кірісті. Ағатайым арба, шана, шабадан, сағат, өзінше белесепет жасайды. Калимаш пен Қазкей апатайым екеуі шөлке, нәски тоқып базарға апарып сатып, адал еңбекпен тамақ тойдырып, жақсы бола бастадық.

Біздің Қызылжарға келгенімізді естіп әкем мен Сейітшапан атам екеуі іздеп келді. Біздің өте жүдегенімізді көріп қапаланса да, тірі көргенге шүкіршілік қылып, біраз күн жатып мауқын басты. Сонда өзі Омбының Москеленкесінде тұрады екен. Алда қандай өткел бар – оны бір Алла біледі.

Әкесін, екі ботасын алып Москеленкеге бардық. Апам алдымыздан жылап шығып, құшағын жайып қарсы алды. Бес жан бармыз, апамның қуанышында да, біздің қуанышымызда да шек болмады. Салатын төсегі, ішетін тамағы жетсе болды. Бір үйде үш төрт отбасы тұрамыз. Бәрі ішетін тамаққа қанағат етеді. Ниеттері кең, біріне бірінің беретіні жоқ. Өздері аш, қайсына қалай өкпе болмақ.

Сонан біз Мырзаболат ауылына көштік. Әкемді де, атамды да халық сыйлайды. Атамның қолы шебер, қолдан келген өнерін қайда барса да қалдырмайды. Сондағы атамның сайманы – ағаш шабатын шоты, сүргісі, кездігі, кішкене қол арасы. Сонымен бәрін қолмен істейді. Үйде отырса кітабын оқиды. Қабағын шытып бір нәрсеге ашуланбайды, сондай сүйкімді жан еді. Тату отбасы болып, жаңа көзіміз ашылды ма дегенде, Мәкен анамыз қайтыс болды. Зор қайғыға тағы душар болып, екі көздің жасынан басқа қолдан келер дәрмен жоқ, бір үйлі жан жетім қала бердік.

Біздің бұл халымызға жаны ашып, қаладан кішкене ағатайым үш жан болып көшіп келді. Енді екі үй бір үйдеміз. Әлгі Казкен апатайым екіқабат. Бір күні уақыты жетіп толғатып, атам бізді оятты «келін ауырып жүр» деп. Қалимаш, Хамат, мен – үшеуміз, ағатайым бізді асыраймын деп жұмыста. Әкем қағаз жазады, атам ол кісіні өте ардақтап ұстайды. Сол үшін бізге «екі елі өңештен өткен тамақ – ас» дейді. Ата не айтса – заңды, бір адам ауыз ашпаймыз, сыйлаймыз.

Апатайым күн шыға босанып, ұл тапты. Амал не, көп кешікпей ол баладан қайтып, артынан бөпесі де шетінеп, екі адамды жерлеп, бір үй жан сорлап жылап қала бердік. «Жығылған үстіне – жұдырық», Мәкен апам, Қазкен апатайым бөпесімен сол Мырзаболат ауылының зиратына қалды. Қандай қайғы десеңізші, Алла салды, біз көндік.

Әкем 1934 жылы Бөгенбайдың Барлыбайының қызы Мәрбәнді бізге шеше қып алып келді. Хамат Орын­борға оқуға кетті. Жаңа шешеміз байдың қызы болғандықтан ба, жоқ шаруаға қыры жоқ па – әйтеуір, атам, Қалимаш үшеумізге ұнамады.

Біздікі де қисық, ол енді Мәкен апам бола ма? Баяғы тату үй ала көзбен атысып, атам біз үшін араға түсіп, қырғи қабақ болдық та қалдық. Әлгі шешеміз ауырып жатады. Ауырғанға ол кінәлі емес қой. «Тұрып бізді күтпеді, үстінен әйел ал» дей бастадық. Қазақтың әуелден шылығын пайдаланып ақымақ болдық.

Ол шешеміз жап-жас, келбеті де бар. Бейшараға обал жасадық. Әкем оның үстіне атамның Шәкен атты балдызын алды. Ол кісі бізге жайлы болды, бірақ әкем әйелім бар демеді.

1935 жылы сол елден 20 шақты үй көштік. Әкем әйелімен қалды. Біз, әлгі алған тоқал шешемізбен бес жан, кішкене ағатайым отбасы болып көштік. Ат пен сиыр аяңымен бір ай жүріп алтын шығатын зауыт ашылып жатқан Дәукен деген жерге көшіп келдік. Бәрі сол жерге ор­наласып, жап-жақсы үй болдық. Әлгі шешеміз күйеуге шығып кетті. Кішкене ағатайым сол жерден жасы 15-16-дағы Мархаба деген бір қызға үйленді. Ол өзі­міздей бала, ойнап-күліп жүріп жат­тық. 29 жастағы кішкене ағатайым от­басы басшысы, шахтада жұмыс істеп бізді асырайды, киіндіреді. Біз тұрған жерден 45 шақырым Торғайда алтын шығып, біз сонда көшеміз деп жатқанда, әкем де келді. Ол кісі Торғайдан 35-40 шақырым «Еңбек» колхозына көшіпті. Әйелі екіқабат, өзі ұста болып істеп жүріп жатты. Біз кішкене ағатайымның отбасымен Торғайға көштік. Жеңгеміз өте жақсы кісі-тін. 1936 жылы астық өте бітік шықты да, халық кешегі келген аштығын ұмытып, тұрмыс жақсарды. Әлгі шешеміз босанып, ұл тапты. Амал нешік, бала туған соң бір айдан кейін жеңгеміз, 20 шақты күннен соң сәбиі қайтыс болды.

Атам екеуміз үйге кеттік, менің демалысым бітті. Оқуымнан қалғанды әкем дұрыс көрмейді, мен 5-сынып оқимын. Кішкене ағатайымды сағынам, оны көрмесем тұра алмаймын. Оқу бітісімен әкежанымның жанында екеуміз тұрып жаттық. Әкем – ұста. Ол уақытта егіннің арам шөбін ауыл балаларына таңнан жұлғызады. Күн батқан соң ауылға алып келеді. Ол уақытта сағат жоқ, күн шығып күн батқанша жұмыс істейді.

Сөйтіп жүргенде «Сәкен қалпені газетке шығарыпты» деген сөзді ести бастадық. Күндегідей жұмыстан үйге келсем, әкем өңі қашқан, бірдеңе айтқысы келетін сияқты, бірақ үнде­мейді. Екеуміз шай ішіп отырғанда, Әшірбек деген досы келді. Әкем оның келгеніне қуанып қалды. Шай ішіп болған соң, мен төсек салуға кеттім. Әкем әйнекті қараңғылап жауып, досынан газетті алып оқи бастады. Мен де жүгіріп келіп оқыдым: әкемді қаралап, «ол қалай әлі ел ішінде жүр» деп жазыпты. Үрейден жылап жібердім. Әкем «Сын ғой, балам, Алланың салғанын көрерміз» деп, сабырға шықырды. Әлгі досы да көңілі бұзылып, шығып кетті. Маған әкем: «Таңнан кетем, кім сұраса да «әйел әкелем» деп кеткен, басқасын білмеймін де» деп ақыл айтып, салт атқа мініп кете барды. Мені таңда күндегідей бригадир оятып, жұмысқа кеттім. Кешке үйге келсем, күндегідей алдымнан шығатын әкем жоқ. Әшірбек атам інісі Қыздарбекті біздің ауыз үйге кіргізіп қойыпты. Жалғыз қорқады деп, жайыма қам жеп, ол кісілер жеңіл тамақ жасап, сиырды сауып, үйді жинапты. Балалары да бар. Содан көңілім көтеріліп, тамақ іштім.

Қас қарая әлгі Әшірбек атам келіп «әкең өзеннің қабағында күтіп тұр» деп шығып кетті. Жүгіріп барсам, әлі кете алмай жүрген жан әкем екен. Екеуміз көптен көрмегендей құшақтасып жылап алдық. Мен «сізді іздеп жатыр» деп, тез кетуіне рұқсат бердім. Ол кісі «ақылды бол, біреу сұраса айтпа» деп кетуге ыңғайланды. Мен өзімді зорға ұстап тұрмын. Енді бұл жағдай екеумізге де ауыр тиетін болды. Мен 13-ақ жастамын, әкем 50-де, Хамат Орынборда, біздің бұл халімізден ол хабарсыз. Күздің күні де, түні де салқын, басына түскен ащы-тұщысы мынау, салт атпен жүру, уақытында тамақ ішіп ұйықтамау осы жастағы кісіге қанша қиындыққа түсері белгілі. Іштей аяймын, бірақ «халқына қадірлі адам, сондықтан, жұрт тамағына, атына көмектеседі» деп ойлап қоямын.

Әкем жарықтықтың бір асыл ісі – өзіне де, ұрпағына да, басқаларға да сабақ, өнеге болсын деп, қуғындағы халін, ел тағдырын, имандылық сынын өлеңге түсіре берген ғой. Біз оның бәрін сол кезде білмедік. Қазір оқып отырсаң, көз жасыңа ерік бересің.

– Сонда Сәкен қалпе басқа кісінің атымен жүр ғой…

– Иә, Мусимов Әбдікәрім деген атпен жүрді. Жақындары, сауатты адамдар, шәкірттері біледі, былайғы жұрт шын сол адам деп ойлайды.

Айтқандайын, мен де «Мусимовамын». 1999 жылға дейін осы фамилия­мен жүрдім. Қажылыққа барарда бір жолың болғыр жігітке өтініш жасап едім, көмектесті. Сөйтіп 76 жасымда өз әкемнің атын алдым…

Әкеммен өзеннің жарқабағында қош­тасатын күні мен бір бөлмеде жалғыз ұйықтай алмай дөңбекшіп жаттым. Таң ата біреу әйнек қақты. Қыздарбек ағай әйнекке барды. Ана кісі «есік аш» деді. Кім екенін танып тұрмыз. Ол кіріп келді де «қайда Сәкен?» деді. Мен де тұрдым. Маған «әкең қайда кетті?» деді. Мен «әйел әкелемін деп кетіпті, өзім көргенім де жоқ, мына хатта жазып кетіпті» деп хатты қолына бердім. Ол «киін, қазір өзің айтасың» деді. Біз далаға шықтық. Әлгі үйдің адамдары жылап қала берді. Сол келген кісілер – күнде үйден дәм ішіп жүрген адамдар. Мәшинеге мінгізіп аудан орталығы «Еркіншілікке» апарып, бір жаман үйге кіргізіп, сырттан кілт салып кете барды. Түн болса қорқамын. Күз таңы ағарып, күн де шықты. Келіп есік ашып «шық» деді. Бір үйге бардық. Күржиген адам үстел басында отыр екен. «Иә, бала, әкеңнің қайда кеткенін айтсаң, біз сенен ештеңе сұрамаймыз, үйіңе барасың, айтпасаң түрмеге қамап қоямыз» деп қорқытты. Бірақ, не істесе де әкемді айтайын деген ойым жоқ. Маған да астыртын ақыл айтатындар көп. Мен «білмеймін» дегеннен басқасын білмедім. Бір кезде «жарайды, үйіңе бар, тағы шақырып аламыз» деді. Іштей қуанып шығып кеттім. Сол ауданда әкемнің бақуатты немере ағасы тұрады. Жалғыз қызы бар. «Менің жағдайымды естіп келмеді» деп оған да өкпелеп, жолдағы «Еңбек» колхозына бармастан, аудандағы бөлем екеуміз жаяу шығып Торғайдағы әкемнің жалғыз інісінің үйіне қарай кеттім. Жолда жүргінші кездеспеді. Балалық та шығар, жаяу демалуды білместен күн бата Торғайға жеттік. Атам үйі көшіп кетіпті. Барлыбай, Олжабай қонысы – Қоржынкөлде. Онда да алтын шығыпты. Кішкене ағатайым еңбекқор адам, тағы да шахтада істейді, жанында немере інілері Жүніс, Зикен бар, екі үй бір жерде тұрады, өйткені екеуінің де әйелі өлген.

Жүніс ағамыздың бір ұлы, Зикен ағамыздың бір қызы бар. Соңғы ағамыз Жәмила деген әйел алыпты. Енді мен сол үйге бардым. Бәрі «қалай жаяу келген» деп таңғалысып жатыр. Мен де болған уақиғаны баяндағаным сол, ағаларымыз әкемнің осы ауылда жүргенін айтты. Әкем әлгі бөлемнің үйінде екен. Менің жайымды естіп түнде өзі келіп маңдайымнан сүйіп, көңілі босап амандасты. Әңгімеме қаныққан соң, тез түсінгіш данышпаным ағайындарымен ақылдасып мені осында көшіріп әкелуді сұрап, тез қоштасып кете барды. Біраз демалып, Жүніс ағам екеуміз жолға шықтық. Атымыз желе жортып «Еңбек» колхозына үйіме келіп есіктің алдына тоқтағанда, алдымыздан бір адам шықпады. Біреу келіп халымызды білмеді. Үйде отырған ағайын малдарды колхозға алғанын, бірсыпыра дүниені жазып кеткенін айтты. Сол күні қонып, таңертең өзім ауылдық кеңес басшысына бардым. Ол маған «неге келдің?» дей бастады, мен «оқуға барам, еңбек күнімді беріңіз» дедім. Ол маған «ешнәрсе берілмейді, дүниеңді де аламыз» деді.

Ол уақыттағы Сталиннің «әке үшін бала күймейді» деген заңын айтып, еңбеккүн мен дүниені екіге бөліп, әкеме тиістіні колхозға алып, маған тиістіні мен алып, бір арба жүкпен астығымызды артып, Жүкең ағай екеуміз жолға шықтық. Сол үйімізде Қыздарбек қалды. Солар ғана қош айтысып, өзге бір адамды көрмедік. Кешегі халықтың сыйлы кісісі «құбыжық» болдық та шықтық. Міне – тағдыр. Жүкең ағай көп жыл шахтада жұмыс істеген, өзі момын, қызыл шырайлы кісі еді, жол үстінде маған «әкем үшін 16-жылы әскерге бардым» деп, күліп те қойды. Торғайда Зикен ағай үйіне келдік.

Бұл жолы да осы ағатайымнан бас­қасы көзге түсуге қорықты. Заттың жақсы дегенін бір арбаға салып, «әкең қайда болса, соған жеткізіп берем» деп Секен деген нағашым алып кетті. Не деген ерлік? Айтқанын істеп, барып орналасқан жеріне апарып қолына табыс етіпті. Әкемнен хат алып тұрамын. Ол кісі «Ақмолаға барып оқы» деп ақыл берді. Онда апамның жалғыз бауыры – ел «Бөлке» дейтін Рахима бар. Киетін киімді, ұсақ-түйек заттарды сол Зикен ағайдың үйіне тастап, өзім бір жүк машинасына мініп, Ақмолаға бардым. Мені келді деп үй ішімен қуанып, өзінің туған баласы келгендей, мен де туған анамды тапқандай зор қуанышта болдым. Мені үйінің жанындағы мектептің 5-сыныбына орналастырып, киім кигізіп, тамағын беріп, шын ықыласымен тәрбиеледі. Сонда оқып, жүріп жаттым.

– Әкеңізбен қалайша хабарласып тұрдыңыз?

– Жанашыр туыстың үйінде тұрудың өзі дәтке қуат қой. Қараша айында әкем мені іздеп келді. Ол қалада әкемнің Мұстафа деген ағасы, Зәйніл деген немере інісі, Садуақас деген нағашысы бар. Әр үйде қонақтап жүріп, мені көзімен көріп екі жасап қалды. Ол кісі сол кеткенде Нобойсел деген ауылда қарындасы бар, соны паналап барса, жездеміз құстың көлеңкесінен қорқатын кісі екен. Оның ағайындары Бөгенбай деген кісі халсыз сырқат болып, әкеміз күндіз сол үйде, түнде далада үйген мая арасында жасырынып жүріпті. Осы уақытта қанпезер билік талай жазықсыз жандарды ұстап әкеткені белгілі. Бірде досы, Бөгенбайдың баласы Барлыбайды ұстап әкеткенде, әкемізді Алла сақтап аман қалған. Сол үйіне паналатқан Барлыбай ақын да қайтыпты. Әкем енді жөнімен соның жесірі Жәмиланы алмақ көрінеді. Ақмолада 10 шақты күн болатынын, осыдан барысымен «Мокшын» колхозындағы көп ағайын арасына көшетінін айтып, жүріп кетті.

Хат алып, хат жазып тұрамын. «Мусимов Абдыкарим» атына. Жаз болды, оқуым бітіп, әкеме барып, шешемізді көргім келді. Күн жаманы кетіп, жадыраған жаз шықты. 1938 жылы мен 6-сыныпқа көштім. Енді әкемді сағынып жүрген атамды алып барып қуантайын деген оймен гүрзабой мәшинемен баяғы болыс болған Барлыбай, Олжабай ауылы Қоржынкөлге бардым. Онда алтын кені бар, халық жағдайы жаман емес.

Осында атам, кішкене ағатайым, төрт бас жақсы тұрады екен. Бір ұлы бар, аты – Ғабдусамат, барғаныма қуанғандарында шек жоқ. Менің туған нағашым Қапан дүкенде істейді. Бәрінде үлкен кісідей қонақ болып, жолға шықпақпыз. Ауыл жанында әдемі көл бар. Маңында екі ағаш үй тұр. Оны «Барлыбай, Олжабайдың үйі» деп атамның айтуынан білдім. Жердің әдемісі. Кішкене ағатайым тағы жүргінші гүрзобайға мінгізіп, қоштасып қала берді. Сол мәшине атамды сыйлап бізді вокзалға алып барып жайғастырды.

Бұл сапар маған бір сын болды. Хат арқылы жолға шығуым, жаныма белі шойырылған қарт атамды ертуім, бұзық орыс өлтірем десе, не істейтінімді білмеуім – жүрек жұтқанның ісі сияқты. Билет алып, екеуміз Омбы бағытындағы бір пойызға отырдық. Атам 82 жаста. Жолда Қызылжарға, онан Омбыға түсіп билет ауыстыратынымызды айтып едім, қиналып қалды. Жолда түсе беруге белі жарамайды. Ұзақ жолға шыққан соң көнуіміз керек. Атамның екі шабадан киім-кешегі, күпісі, шапаны бар. Сол жүкпен бір Қызылжарға түсіп, онан Омбыда билетімізді ауыстырып, «уһ» деп Любин пойызына отырғанда атам «енді мен түспеймін, осы пойыз Сәкеніме апарады» деп, балаша қуанды. Пойыз тоқтады, біз түстік. Түсерде халықтан айналайын, орыс-қазақ демей көмектесіп жатыр. Станса жанында бір сүт таситын мәшине бүйірінен «Мокшын» деген жазуды оқып қап, бізді алып кетуін сұрап едім, оның сөзіне мен, менің сөзіме ол түсіне алмадық. Жүгіріп көшеден бір қазақ кездесер ме екен десек, орыстан басқаны көре алмадық. Солай сандалып тұрғанда бір қазақ жігітін атам айғайлап тоқтатты. Атам амандасып бізді мәшинеге мінгізіп жіберуін өтінді. Өзін «атым – Қасым, «Казахский» колхозында мұғаліммін» таныстырған жігіт бізді мәшинеге отырғызып, өзі сонда қала берді. Ал бізде мынау орыс апара ма, апармай ма деген қорқыныш жоқ. Күн батар уақытта ол бір орыстың есігінің алдына қалдырып, өзі кетіп қалды. Мен қаладан бір қазақ кездесер деген үмітпен жолға шықтым. Екі арбамен кетіп бара жатқан жүргіншіні тоқтатып қайда баратынын сұрадым. «Екінші бригадаға барамыз, онда қазақтар тұрады, сонда күн батпай жетеміз» деді бір шал. Мен «мына Мокшын колхозында атам бар, соны алып келейік» деп едім, шал асығыстығын айтты. «Ендеше сол ауылға мені ала кетіңіз» деп, сол кісіге ілесіп кете бардым. Атам жалғыз қалада қалды. Мына шал жолда «үйге балама алып кетем» деп қорқытып қояды.

Біз қалай тез келгеніміз білмей қалдық. Әр мұржада түтін, әріде малдарын сауған, айдаған қазақтардың даусы шығады. Олар мені бір үйдің жанына тастап кете барды. Арбаның жанында тұр едім, әлгі үйден жасы елулер шамасында бір қара торы кісі шығып, бір жас әйел жылап келіп бетімнен сүйіп, ішке алып барды. «Мен Айтжамал тәтеңмін, даусыңнан таныдым» деп өзінің қалай танығанын айтты. Үйде бәрі мені қоршап алып сұрап жатыр. Мен атамның қалада жалғыз қалғанын айттым. Тәтем тез шай әкеліп әлдендірді де, далада ат жегіліп дайын тұрғанын айтып, Қалел, Имақан деген жезделеріммен қалаға аттандырды. Келсек, әлгі орыстың есігінің алдында атам жоқ. Енді сол үйден сұрап едік, сол орыс мен кеткен соң атамды үйге кір шақырыпты, оны ол кісі түсінбеген. Ол орыс қаланың шет жағында тұратын бір ноғайды алып келіп түсіндіреді.

Содан ноғай үйіне апарады. Атамды сол үйден тауып, бәріміз шүкіршілік қылдық. Әлгі ноғайдың екі бөлме ағаш үйі бар екен. Үйдің іші де, сырты да тап-таза, атамды аппақ төсекке жатқызып қойыпты…

Түн қараңғы, атамды киіндіріп арбаға отырғызып, жолға шықтық. Екі арбада – атам екеуміз, арбалар бірінен бірі озып, әкемді қуанту үшін асығып келеміз. Ауыл жанына жақындағанда адамдар у-шу боп алдымыздан шықты. Атам екеуміз қалай естіді деп таң қалдық. Біз былай кеткенде, бір адам салт атпен сүйінші сұрап барады. Сол топтың ішінде екі қолында екі балдағы бар аппақ болып әкем тұр. Арбадан секіріп түсіп құшақтасып жатырмыз. Атам жылап «аман көргеніне шүкіршілік» дейді. Жаңа анамыз Жәмила күмістен шашу шашып жатыр. «Осы кішкентай балам алып келді. Атқосшым да осы. Айналайын қызым Сәкеніме алып келді. Шүкірәнә, тәуба!» деп жолдағы болған-көргендерін айтып, сөз жеткізе алмай жатты. Ол уақытта Ақмола алыс деп есептелінеді. «Ой, құдай-ау, қалай келді?» деп таңданып жатыр. Мен де өзімді үлкен кісідей сезініп тұрмын. 14-ақ жастағы баланың 82-дегі қарияны алып келуі – бір мақтаныш-ақ.

– Омбы жағындағы ел әкеңіздің қадірін білді ме? Бағалай алды ма?

– Ой, айналайын, білмегенде ше?! Қанша қиын болса да, иманды адамның аты – иманды адам, сауатты адамның аты – сауатты адам. Оның үстіне бұл кезде әкемнің аты, білімінің дабысы біраз жерге барып қалған. Бірақ, «білмегендей» болады. Сол арқылы әкемді сыйлайтынын аңғартады.

Атам жаңа жерде белі жарамаса да, қарап отыруды ұнатпады. Есіктің алдына жайғасып, ағаштан қасық, аяқ, ожау, астау жасайды, бес уақыт намазын үзбейді, қолында – кітабы, жүріс-тұрысы байсалды.

«Мокшын» колхозында баласының амандығына көзі жетіп, біраз мауқын басқан соң, атам «енді ұзатқан екі қызым бар, соларға барайын» деп рұқсат сұрады. Әкем: «Қыс болып қалды, жазда барармыз» деп еді, атам: «Ажал нәубаты жақын сияқты, соларды да бір көріп қалайын» деп бір кесті.

Әкем бірсыпыра жасқа келсе де атама «мынауыңыз дұрыс емес» деп бірауыз қарсы келмеген. «Енді жолдасың кім болды?» деп еді, атам: «маған Үкіжаным жолдас болады» деді.

1938 жылы қараша айында жолға шықтық. Әкем разъезден бізді бір пойызға мінгізіп, қоштасып кете бардық. Омбыға түнде жеттік. Вокзалға аялдап, таң ата трамбайға отырып Омбының Казачи базарына түстік.

Күн жексенбі. Жан-жақтан колхоздан ет, ағаш, шөп сата келген қазақтар көрінеді. Солармен атам таяққа сүйене жүріп сөйлесіп, бір пар ат жеккен қазақпен Қараталға жететін болып келісіпті. Он шақты пар ат жеккендер бірінен бірі озып таң салқынымен жүріп келеміз. Бірде әлгі атқосшымыз «Ақсақал, әңгіме айтыңыз жол қысқарсын. Қайдан келесіз?» деді. Атам көп сөйлегенді ұнатпайды. «Ақмоладан! Атқосшым, жанымдағы жолдасым – мына балам» деп қойды. Күн суық, қыс жақындығын сездіріп тұр. Әр арба әр ауылға бөлініп, біз тағы 2-3 пар аттымен Сағынай ауылын басып Қараталға күн батқанда жеттік. Әлгі біз отырған арба бір үйдің жанына тоқтап, «ақсақал іздеп келе жатқан үйіңіз осы» деді. Үйден «ой, жарықтық, қалай келді» деп құдалар түсіріп алды. Үйден жылаған дауыс шықты. Әлгі іздеп келген тәтем алдымен атама, сосын маған көрісіп, жылап амандасты. Атамның үлкен қызы – Рахима, жездеміз – Қожахмет. Ол – сол колхозда бастық. Кәрі әке-шешесі, ауылдың бірсыпыра адамдары жиналып, аяғын басалмай жүріп қалай келген деп атама таң қалысып жатты. Біз біраз отырған соң бір үлкен қойды алып бата жасатып әкетті. Қазақ дәстүрімен қой сойылып, бауырсақ пісіріліп, шай келді. Мен шай ішкен соң ұйықтап қалыппын. Атамдар қашан жатқанын білмеймін.

Ол ауылда әр күнде бір үйде қонақ болып, әкемді, атамды өте жақсы көретін Сағынай ауылындағы Дөскейдің үйінен шақырту алдық. Олар да жаны қалмай күтті. Сол тәтемде екі ай болып, атам енді кіші қызының үйіне апаруды өтінді. Әлгі апайдың жасы 60-тарға келген қайнағасы Қажахмет бізге атқосшы болып, пар ат жегіп шанамен күн суықта талай ауылдардан өтіп Есенгелді ауылына бардық. Қалың киінгенбіз. Күн екенті кезі болу керек, ауылдың орта тұсындағы екі бөлмелі ағаш үйге тоқтадық. Ол – Махмет жездеміздің үйі, апайдың аты – Қалимаш. 17 жаста-ақ. Алдымызда ғана босаныпты.

Ана ауылдай мұнда бізді ешкім шақырған жоқ. Халық пешке сабан жағады. Нанды да, етті де сабанмен пісіреді. Уақыттарының көбі соған кетеді, тезекті анда-санда ғана жағады екен. Сол ауылдан бір ай шамасында қайтпақ болып едік, жездем күнде ертеңмен уақытты соза берді. Өзі – мұғалім, маған «үйіңе хат жазба, хат жазсаң сол хат арқылы тауып алады» деп кетеді. Атам маған «лау жалда» дейді. Менің тілімді кім алады, қыс ішінде бізді кім апарады? Солай жүргенде, атам ауырды. Мен бір күні жасырынып хат жаздым. Ол уақытта пошта жаман, менің жазған хатымды бір ай дегенде алады. Сарахметті киіз төсек салып жалдап жібереді, мен тағы хат жаздым. Атам күнде мазасын алған соң, әлгі жездеміздің інісі Қырықбес деген кісі шана-саймандарын даярлап, төсек салып, үстін шатырлап жолға даярлап, наурызда жолға шықтық. Атамда хал жоқ, сырқат жеңген. Әлгі үлкен апайдың үйіне келдік. Атам кейде есін біледі, кейде есін білмейді, есіл-дерті – әкемді бір көріп өлу. Оған жету-жетпеуін бір тәңірі біледі. Әлгі кісі 2-3 күн қонып, бізбен қоштасып кете барды. Хал білушілер азаймады: Сағынай ауылы ағылып жатты. Әлгі Дөскей ағай күні-түні атамның жанында болды. Атам 1939 жылы 10 наурызда, жұманың таңында қайтыс болды. Сағынай ауылында жерледік. Әкемді (баласын) көруге Алла нәсіп етпеді. Жерлеп қойғанда, әкем де, әлгі Сарахмет те келді. Жетісін берген соң ауылға қайттық.

– Бұдан кейін соғыс жылдар да жақындап қалды емес пе? Сол кезде қайттіңіздер?

– Мен үшін ол уақыттың әрбір жылы сан жылға татиды. Өйткені, әкем де, біз де қашып-пысып жүрдік қой. Атам екеуміз кеткенде «Мокшын» колхозындағы туыстар «Жаңажол» деген колхоз ашып, бәрі сонда көшеді. Жанында ауыл «Казахский», онда 90 үй керей тұрады. Үшінші ауылда Саназар Қанжығалысы тұрады. Біз Қанжығалы ішінде Қожымбыз. Дөскей деген кісінің екі бөлме үйінің үлкен бөлмесінде біз тұрамыз. Сарахмет деген кісі – үш бас, біз де үш баспыз. Ол кісінің екі әйелі бар. Үлкенінің аты – Айша. Ол өмірі пұшпағы қанамаған адам екен. Екіншісінің аты – Шарбан. Ол кісінің Айтбақы деген баласы бар. Ол менің Хамат бауырыммен бірге Орынборда оқиды. Шарбанның келіні бар, аты – Шахатан, оның жалғыз қызы – Шайкен. Бұлар – Қаратон келіндері. Айналасының бірін аштық жалмап, күйеулері өліп, өздері сол «Жаңажолда» тұрады. Әкеме туған бауырларынан артық жаны ашиды. Айша сол Дөскейдің әйелі өлген бір ұлына күйеуге шықты. Өзі сондай пысық еді, 44 жасында ұл туды.

Қаншама жан бір үйде тұрдық. Мен солардың ниетінің кеңдігіне таңғалам, «мынау менікі, мынау сенікі» деген жоқ, сондай тату-тәтті жүріп жаттық. Сол үйде 1939 жылы көктемде Әмина сіңілім дүниеге келді. Кіндік шешесі – сол Айша нағашы апам.
Әкем сол колхозда қайда жұмсаса, соны істейді, қолынан бәрі келеді. Әминаның соңынан інісі дүниеге келіп, қуанышымызда шек жоқ. Сол жылы мен оқуға бармай бауырларымды күттім. Әкем қамыт, арба, шана дайындайтын ұста да болды, етік те тікті. Сол жылы 10 сыныпты бітірген Ахмет деген жалғыз бауырын жіберіп, Орынбордан Хамат пен Айтбақыны алдырды. Екеуі де сүйріктей жігіт болып өсіпті. Хамат колхозда бухгалтер болып істеді. Өкінішке қарай, Айтбақы өкпесіне суық тиіп жастай қайтты.

Мен сағындырып келген сәбиді күтіп, еңбегім жанды. Ол аяғын басты, сөйлеп те кетті. 6 жыл көрмеген сағынған бауырым келіп, үй де, дала да қуаныш кернеген жыл болды.

Тамыз айында мені оқуға Хамат апарып салмақ болды. Әкем бізді пойызға мінгізіп жіберді. Біз Ақмолаға кеттік. Жалғыз бауырым жанымда, менде ешқандай ой жоқ. Мұнда нағашы апамның қолында 7-сыныпқа оқуға кірдім. Бауырым ауылға кеткен соң біртүрлі жүрегім ауырып жүрді. Туыстарымның көзінде алалық болмаса, көкірегінде алалық жоқ. Басқаны білмеймін, менің нағашы апам үйі тоқшылық. Солай жүргенде Қамзе жездемізге повеске келіп, Фин соғысына алынды.

Ақмолада Зәйніл Айтжамал тәтемнің ағасы, немере ағай тұрды. «Мені де әскерге алып кетсе, жеңгең жалғыз қалады» деп, мені шақырды. Мен сол үйге бардым. Ол ағай наубайханада істейді, мен барған соң ол да әскерге алынды.

Уақыты келіп Кәкімді әскерге жөнелттік. Артында жас жеңгеміз қала берді. Үйі оны қызындай қылып ұстап отырды. Соғыстан ағамыз келмеді. Шәрбан 1946 жылы ғана күйеуге шықты. 1941 жылы көше толған әскер. Біздің мектепте мұғалімдер мен ұлдар әскерге шақырылып, қыздарды ФЗУ-ға алла бастады. Мен Омбыдағы үйге кеттім. Шешем талай адамдар құда түсеміз деп келіп жатқанын айтты. Әкем «балам өзі біледі» депті. Тұспалдап «мына ауылда Кәрім деген жиеніміз тұрады, негізі – Сақал Керей, баласы – жақсы жігіт» деп хабар жеткізді. «Оқуға бармай-ақ қой» деді. Соғыстан түңіліп, қорқу сөз айтқандар көбейе бастады. Екі ауыл жақын, болашақ қайын атам күнде әкеммен сөйлесіп, ақылдасып, отбасымызды да, мені де ұнатқанға ұқсайды. Бірақ жаз шыға маған «жалғыз інім – кішкене ағатайыңа барып кел» деп, пойызға мінгізіп салды. Мен Ақмола бардым, туыстарда болдым, бәрі жылаған-сықтаған, қабағы ашық, күлген бір адамды көрмедім. 1942 жылдың басында кішкене ағатайым әскерге алынды. Алда не қиындық тұрғанын білмейміз, алты айлық қызы мен жиырма жастағы жеңгем үшеуіміз қала бердік. Күні-түні жылау. Жалғыз біз емес, ел жылаулы. Үйден де, кішкене ағатайымнан да хат алып жатамыз. Тамақ жоқтың қасы, киіміміз де жұқа, күн суық. Содан әлі соғысқа аттана қоймаған кішкене ағатайымды іздеп шықтық. Жолықтық. Ағатайым бір станса шығарып салам деп бірге шықты. Мені үлкен кісіні шығарып салғандай жылап қала берді. Алдағы стансаға келдік, ағатайым өкіріп жылап тағы екінші стансаға келдік, жылағанда адам шыдап тұрар емес. Ол кісінің сол күні қоштасып жылағаны менің көз алдымда тұр. Ол біздің ең соңғы көрісуіміз болды.

Балалық шақта адам ештеңеден тайсалмайды екен ғой. Мен солай келе жатып үсуге жақындағанда өз стансам Догогинді тани кетіп, секіріп түстім. Жан-жағыма қарасам, мені күткен кісі көрінбейді. Бір орыстың қатыны мені көріп, үйіне алып барып Хаматтың хатын берді. Мен ала сап оқыдым. Ағам менің алдымда ғана кетіпті. «Біз Ғалымжан үйінде боламыз, бүгін түнде жөнелтеді» депті. Ол хатта схема сызып, жолда қандай қаланы баспайтынынын, ескі мая, жаңа мая, қандай ағаштарға дейін барын суретшідей жазып кетіпті. Ертесіне қолымда кішкене шабаданым бар, Әминаға деп Ақмоладан алған бір сиыр ойыншығым бар, жолға шықтым. Күн боран. Адасам деген ойда жоқ. Үлкен Домбай деген мекенге жеттім, көшеден ұн үктіруге бара жатқан екі шанада қазақтарды көріп тоқтаттым. Зор денелі шалға «Мен Есілден келемін. «Жаңа жолдағы» Әбдікәрім деген кісінің қызымын» дедім. Ол: «Отыр шанаға, күн боран, ешқайда кетпе, қазір осындағы бір тамырыма ұн үктіріп алған соң бірге кетеміз» деді. Бітірген соң жолға шықтық. Жолда қарасақ, соңымыздан бір шана қуып келеді. Ауылдағы Сәкен деген кісі екен. Әйтеуір не керек, ақыры әкем, апам, Хаматым, Әминәм – бәрімен көрісіп, мауқымыз басылды. Хамат екеуміз үлкен бөлмеде, мен – кереуетте, ол жерде жатты. Әминәм менің қойыныма жатты. Әңгімеміз таусылмайды. Сол кезде әкемнің қуғындағы халінен сәл босадық, өзара көрістік деп жүрсек, Хаматымызбен соңғы бір дидарласулар екенін сезбеппіз ғой…

Әңгіменің бір ұшы Керейдегі Ғалымжанға, менің болашақ жұбайыма барып тиіп жатады. Мен алдағы оқиғаны шын сезіндім дей алмаймын. Хаматым ол туралы «өзі өте пысық, ашық сөйлейді, бірақ мынандай қызықтары бар» деп күліп те қояды. Сонда Хаматым екеуміз бала болып қағысуды білмедік. Екеуміз оңаша қалсақ, сырласып, түсінісіп, осы бақытымыздан біреу айыратындай мұңдасушы едік. Ағам көзі ашық болса да, менің айтқанымды «заң» деп, «біздің Сталин айтты – болды» деп отыратын. Қайран бауырым-ай, қарындасын, туғанын сендей бағалаған жан туар ма екен?.. Иманы саламат болсын, жаны пейіште шалқысын!

– Қуғындағы Ғылманидың көңілі жайланған кезі де болғанын жұрт білсін, апа, осы Ғалымжан атамызға тұрмысқа шығатын кездегі қайталанбас жайларды айтыңызшы.

– Қазақтың салт-дәстүрі қай заманда болсын елдіктің арқауы ғой. Шынында сол уақытта әкем дәстүрге сай «қыз – өріс» деп, болашақ құдаларының ниетін қолдады.

1942 жылы 7 сәуірде кешке күйеу жақ келетіні хабарланды. Апам үстіме ақтан екі жерден желбіреуік салынған көйлек, күміспен көмкерілген қамзол кигізді. Бұл бой жеткелі бірі алғаш қазақша көйлек-камзол киюім. Құлдыраңдаған Әминәм жанымнан шықпайды. Тұрмыстың талай соқпағына түскен ата-анам бәрін маған берер еді, бірақ өздерінде жоқтың қасы.

Кәрім атам да жиі-жиі келе бастады. Ғалымжан Любинде әскери бөлімде. Атам оны үш күнге сұрап алып, мені қайтсе де алып кетуді ойлапты. Ол кісі «бүгін кешке алып кетеміз» деп апаммен келісіп кетіпті.

Сол екі арада «қызымызды Керейге бермейміз» деп өз ауылымыздан пысықтар шығады. «Бермесе әкесін ұстап береміз» деген өсек те айтылады. Күйеулер сол ауылда Сейтшапан атамның үйіне түседі. Сонда біраз қанжығалылар жиналып айтысып-тартысып жатқанда, менің Мүбәрәк деген қу қайным шығып кетіп, біздің үйге келіп, апам мен Әмина үшеумізді үйдің жанындағы қалың ағашқа шығарды. Сонда тұрғанда әлгі қайным ат шанасымен ағызып келіп бізді мінгізді де ала жөнелді. Оның кеткенін сезіп бұлар да шығады. Бәрінің шанасында менің Қанжығалымның бір-бір жігіті отырып, ауылдан шыққан соң түсіп қалады. Олар енді таң атқанша біздің үйді күзетеді. Келін алғандарда ес жоқ, жарысып отырып Керей ауылына келдік. «Келін келеді» деп ұйқы жоқ, уда-шу. Біз шанадан түстік, менің басыма пайы шапан жауып, бәрі шашу шашып жатыр. Үйге кірген соң отқа май құйғызып ойындарын жасап, мәре-сәре болды. Атам «таң ата ат жегіп қоямын» деп хабарлапты. Өте ақылды, сақ кісі еді. Бойы ұзын, аққұба жүзіне денесі сай ел ақылшысы болатын. Сол атамның кеңесі бойынша екі жағымда екі қыз бар, бірге шығып жегулі атқа отырдық. Содан бес-алты ат жеккен шана бірімен-бірімен жарысып жолға түсті. Осы кезде жылқышы Мұса мені танып, ауылға хабарлайды. Ол арада біз Шулаевкаға жетіп, жергілікті кеңестің загсіне тіркеліп, ауылға қайттық.

Атам 5-6 ай жүріп бронмен колхоз төрағасы ретінде аман қалды. Бұлай қалған оған да оңай соққан жоқ. Техника кем, бәрін қолмен істейді, елде азаматтар жоқ. Барлық жұмысты шалдар, балалар, әйелдер істейді. Бақытымызға сол жылы бидай жақсы шығып, нормасын бірінші болып орындап, Омбыдан үкіметтің сый-сияпатын алып келді.

Біз «Есімсейіттен» көшіп, 1943 жылы ағаш үйге шықтық. Сол жылы көктемде Күлбайса деген қызымыз дүниеге келді. Бейшара бір жарым ай тұрып шетінеді. Кіші енем де босанып, Қайырбек деген ұл тапты. Мен түскендегі ұлы да, мына Қайырбек те қызылшадан қайтты.

1942 жылы тамызда жалғыз бауырым Хаматты әскерге алды. Хат келіп тұрды. Сталинградқа тоқтағанын білдік. 1943 жылы кішкене ағатайымнан «қара қағаз» келді. Міне, тағдырдың ісі. Екі рет жараланып госпитальге түсіп, үшіншісінде хабар-ошарсыз кетті. Солай-солай қимас бауырлардан айырылдым. Хаматым 19-ақ жаста ғана еді. Кішкене ағатайымды 40 жасында жоғалттық. Қайран бауыр, «өлді» деуге ауыз қимайды.

Сол жылы егіз қозыдай болып жүрген Қорлығайынды жоғалттым, қыршын айырылып Мүбәрәк қайным қалды. Рухына Алла рахмет етсін! Сол уақытта асыл кимедік-ау деп ойға да келмейді. Менің бұл қайным да Алла берсе осыған беретіндей адам еді. Мен асыл қайындарымды мақтап тілімді жеткізе алмаймын. Бір ауыз сөзге келмей сыйластық. Ел бұл қайнымды «Указ атамның өзі» деп атайтын. Ажал нәубаты жақсыларымызды, қимастарымызды арамыздан алып кетті. Ескі көз алдыңнан шын ықыласымен қарсы алатын еді. Алланың жазғанына амал бар ма?..

– Соғыс жылдары И.В.Сталин дінге біршама еркіндік берді. Өйткені, әскерилер мен тылдағы халықтың рухын көтеру қажет болды. Бұл Сәкен қалпенің ақталуына мүмкіндік бермеді ме?

– Қайдағы ақталу?.. 1944 жыл өзімен-өзі, тып-тыныш «сен тимесең, мен тимен» деп, колхозда жұмыс істеп жүрген әкежанымды өзіміздің сорлы біреу ішіне сыймай көрсетіп, біраз жасқа келгенде тағы да орнынан қозғады. Мен оған барып, олар маған келіп мауқын басып жүргенде әкем тағы ауылдан, өз үйінен көшетін болды. Әйтпесе, міне-міне ұсталып, түрмеге жабылар еді. Оның арғы жағы не боларын ешкім білмейтін. Соғыс заманында атып тастауы да мүмкін-ді.
Бірақ, қай кезде де әкемнің рухы күшті болды. Бұл оның кезінде халық арасында кең тараған, кейін кітап болып басылған өлеңдерінен де көрінеді.

Тукалада Қанжығалылар мұны естіп, Ханан деген колхоз басқармасы екі арбамен кісі жіберіп көшіріп әкетті. Төркінім енші деп бір құнажынын бізге тастап кетті.

Біз сол ауылымызда жүріп жаттық. 1944 жыл 23 тамызда Зәйніш дүниеге келді. Күзде әкеме қатысты әлгі әңгіме басылды-ау дегенде Ғалымжан екеуміз қолымызға Зәйнішімізді алып екі жақсы ат жегіп Тукаладағы Қанжығалыда тұратын әке-шеше мен бауырға тарттық. Сағынған әке-шешеміз біздің келгенімізге зор қуанып қалды. Ол кісілерге Үмілдің анасы Назым жеңгей үйінің үлкен бөлмесін босатып, өздері ауыз үйге шыққан екен. Ол кісінің күйеуі жоқ, екі қызы, бір ұлы бар. Үй іші, үсті-басы тап-таза, сондай жинақы, сап-салмақты жан еді. Қалың ауыл бәрі шақырып құрмет етіп жатыр. Әкем жарықтық осы құрметтің бәріне мінезімен, қасиетімен жеткенін сезетін едім. Әйтпесе, «қашқын», «басқа атпен жүрген адам» дегеннің бір ауыз сөздің өзі-ақ кез келген кісіні дір еткізбей ме? Жоқ, жақсы адамдар жақсылыққа, жақсы күндердің келетініне сенген. Осыны ойлап, Аллаға мың шүкір айтқың келеді.

Бұл ел әкемді сыйлағаны сонша, «Алла жолымен жүргеніңіздің өзі жұмыс» деп қара жұмысқа шығармапты. Малына шөпті де үйіп беріпті. Осының бәрін көріп төбеміз көкке жетті десек артық болмас.

Ел құрметіне бөленген әкежанымның іштей қайғысы жойылмаса да, сырттай қайғысы жоқ деуге болатын. Біз мұнда біраз күн жатып қалдық. Енді ертең кетеміз деп, әке-шешеден рұқсат алдық. Күн боран. Басқарма Ханан аңқұмар, көпшіл кісі екен. Ғалымжанға «көк биенің қызығын бір көрейік» дегені-ақ мұң екен, ол жарайды деп уағдаласты. Сөйтіп қыстың көзі қырауда қасқыр мен түлкі қуып, кете барды. Олар қас қарая бір түлкі, бір қасқыр соғады да ауылға олжалы оралады. Аңшы жігіттер Ғалымжанға қасқырды, Ханан ағаға түлкіні байлайды. Үйге келген соң Ғалекең қасқырды тұрғызып қойып сойып, терісін алды. Таңнан әке-шешемен, Назым жеңгейлермен қоштасып, бауырды сүйіп, жолға шықтық. Көк биеміз жарықтық желе жортып қас қарая ауылға қуаныш жолмен үйге келдік. Бәрі қайырлы болсын айтты. «Ой, Ғалымжан қасқыр соғып әкепті» десіп жатты.

– Бар қиындық артта қалып, ел сөзі мен уағызын аңсаған ғұлама С.Ғылманидың халық алдына ашық шыққан кезі туралы айтыңызшы.

– 1945 жылы маусым айында Ақмоладағы Мұстафа ағай мен түп нағашыларымыз Сталин пәрменін пайдаланып елге барып, әкемнің өз атына паспорт алып, үлкен бір қуанышқа кенелтті. Адыра қалған бақыт қайта келіп қонарын кім ойлаған? Әрине, мұның арғы жағында халықтың ақ ниеті, әкемнің күні-түні хаққа жалбарынуы, иманды қауымның ұстаз іздеуі, діни ортаның жетекші аңсауы сияқты ізашар арманның тұнып тұрғаны сөзсіз.

Мен сонда бір түс көрдім. Сол түсті айта кетейін. Түсімде әкем үстінде – намаз шапаны, басында сәлдесі бар, көкке ұшып кете барды. Апам басында – ақ жаулығы, жағасында таққан бір үлкен алтын теңгелігі бар, «қалпеден мен қаламын ба?» деп, ол кісі де ұшты. Әкем жоғары, апам сәл төмен ұшып кетті. Олардан қалмай мен ұшайын десем, шаршап ұзаққа ұша алмаймын. Әйтеуір бір көл кездесті, көлдің ар жағында бір үй бар, сол үйде әкем отыр екен. Үстел, соның жанында биік тақта иығында – сол шапаны, басында – сол сәлдесі бар. Жан-жағы, әлгі үйдің қабырғасына Құран аяттары жазылған. Көзімді ашсам – түсім екен…
Әкем мен апам бізге келіп қонақтап жатқан. Мен тұра салып әкеме айтып, ол кісі қолын жайып дұға ғып «бұйырса, бақыт қайта қонады екен» деп бізбен қоштасып, ауылдарына таңнан кетіп отырды. Елге барса, сол күні таңертең ағасы мен нағашысы суыт жетіп, бұлардың келуін күтіп жүр екен. Көріп естері қалмай жыласып, сүйіншілеседі. Енді ойламаған жерде мынандай қуанышқа жүрек жарылмай ма?!

Расында жақсы күндер туды. Жалғыз өкініш – Хаматымыз ғана жоқ. Соғыс басылды, қалың ауыл мынандай қуанышқа кенелді. Әкемді әлгі қонақтарымен бір айдай мейман қып жібермейді. Енді сол қонақтар әкемді ардақстағаны үшін қалың ауылға риза болып қоштасты. Ағайынды Әлібай мен Ханан – аса кішіпейіл, ақ көңіл жандар еді. Ханан басқарма колхоздан ат арба беріп, бізді ауылға көшіріп әкеп қайтты. Көре алмаған дұшпандардың сағы бір сынды-ау. Ей, раббым, саған мың шүкіршілік қылмағанда, сенің салғаныңа риза болмағанда, сенен артықты қайдан табамыз? «Таңның бір жағы қараңғы, бір жағы жарық» деген даналық сөз осы емес пе? Баста қандай қайғы болса да ұмытып бір кеткендей болдық. Кейбіреулердің маңдайы жарық, баласы, бауыры майданнан келіп жатыр, біздің туыстардан біреуі де жоқ, ол – тағдыр ісі.

Алла жаққан шамды ақымақ үрлеп сөндіре ме? Енді атамның, енелерімнің, қайын-қайнағаларымның, әкемнің достарының тілектестік қуаныштарында шек жоқ. Қуанғаннан жүрек жарылмайды, көре алмағандардың көзіне – көр топырақ. Әкемдер мал-мүлкін бізге тастап, өздері пойызбен Ақмоласына кете барды.

Әкежаным намазын оқып, күні-түні шүкіршілік қып, сөнген бақыты қайта жанып, ашылған Ақмола мешітіне имам сайланды. Түп нағашым оларға үйінің жартысын бөліп берді. Менің бір жастағы Зәйнішім бар, бәрі соны қызықтайды. Мен өзім де тоймай, оған көйлек те, тымақ та тігіп берем. Ермегім сол. Сонан бір серік алып апам Әмина екеуі келді. Олар көшіп тамыз айында кетті. 1946 жылы мамыр айында үш күн ауырып, Зәйнішім қайтты. Бір үлкен кісі өлгендей қатты қайғырдық. Жылап-жылап жүріп жаттық. Ата-енем де қатты қайғырды. «Осы елдің тілі тиді» деп те қояды. Күш жетсе бермес едім, қалай ол тағдырға бағынбасқа. Әкемдер келіп біраз күн жатып кет деп хат жазып жатыр. Мерзімді уақытында Ақмолаға бардық. Онда қазіргідей такси жоқ. Бір түйелі шана келе қалды. Біз сол түйешінің шанасына отырып, алшаң-алшаң желе жортып, Пушкин көшесіндегі 16 үй – әкемнің үйіне барып, қалай тұратындарын көзбен көріп. тағы да мәз болдық. Енді ол кісілермен біз де қонақта жүріп уақыттың қалай өтіп жатқанын білмейміз. Әйтеуір берекесін берсін. Әкем де аппақ киінген, апам да басында ақ жаулық, үстінде – жарасымды көйлек пен камзол.

Осы жылдары Ақмола мешіті әкем мен намазхан қариялардың арқасында жарқырап көрініп, берекелі елдің ұйытқысына айналды.
Кемі 18 жыл дін үшін, имандылық үшін күйген әкеміздің, айналамыздың, ағайын-туыстың, дос-жаранның, шәкірттердің көңілі жайланды. Балалары – біз де тәуба десіп жүріп жаттық.

Бір күні жұбайым екеуміз Омбы жақтағы үйімізге қайтпақ болып, Ақмоладан ырымдап, «жақсы иттің тұқымы» деп, екі күшік сатып алдық. Аяғым ауыр болғандықтан, жолдан қалып қойдым. Қайын атам тегі мен тұрқы ерекше екі күшке қатты қуанады. Ол кісі сонда «келін босанбай келмесін» деп бұйырыпты. Біз Ақмолада қанша жатсақ та жақсы әкенің арқасында туған-туыстың ықыласына бөлендік. Онда қалада көшеге шықсаң, ақ жаулықты бәйбішелерді, аппақ сақалды намазхан шалдарды көретінсің. Базарға барсаң, сұлу да көрікті бәйбішелер қымыз сапырып, сатып отыратын. Қымызын ішсең бал татиды, тазалығы бірінен-бірі өтеді.

1949 жылы сәтімен Меккеге рұқсат алып, әкем қажылық сапарын өтеп қайтты. Осы жылы оны Алматыдағы Қазақстан қазиы Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов қызметке шақырды. Әкем күйеу баласы Ғалымжанға «жаныма серік болып, мені астанаға апар» деп қолқа салды. Екеуін Ақмола ақсақалдары құрметтеп шығарып салды. Адал еңбегімен дін қайраткері деңгейіне көтерілген әкемнің бұдан кейінгі еңбегін халық жақсы біледі.

– Естелік-әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Дихан Қамзабекұлы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button