ЖаңалықтарҚоғамЭкономика

БІЗДІҢ МАҚСАТЫМЫЗ – ЖЫЛДАМ ӘРІ САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ ҰСЫНУ

Есілдің сол жағалауында Казкоммерцбанк банкінің заңды тұлға­ларға арналған жаңа бөлімшесі ашылды. Бұл бөлімше жақында ғана ауысқан QAZKOM атауымен клиенттерге сапалы және қарапайым қызмет түрін ұсынбақшы. Ашылу салтанатына банктің басқарма төрағасы Марк Хольцман қатысты.

qazkom

Естеріңізде болса, 21 қазанда танымал қаржы институты өз атауын латын әліпбиіне көшіріп, QAZKOM деп өзгертіп, қазақстандықтарды қуантқан болатын. Енді, міне, банк басшылығының мамырда жарияланған жаңа стратегиясына сәйкес банк Астананың сол жағалауынан жаңа бөлімшенің тұсауын кесті.
– Біз енді бөлшек сауда және шағын және орта бизнес клиенттерінің көңілінен шығу үшін барымызды жасаймыз. Оларға сапалы әрі жылдам қызмет көрсету біз үшін аса маңызды. Астананың халқы күннен-күнге көбеюде, сол себепті кейде банк бөлімшесінде ұзын-сонар кезектер болып жатады. Міне, осы мәселенің алдын алу үшін біз заманауи техникамен жабдықталған бірнеше бөлімшелерді ашуды көздеп отырмыз. Кәсіпкерлерге арналған бұл бөлімше тұтынушылардың барлық мүддесін ескере отырып, қажеттіліктеріне жауап беретініне сенімдімін, – деді өз сөзінде QAZKOM басқармасының төрағасы Марк Хольцман.
Қабанбай батыр көшесі, 32 мекенжайда ашылған бөлімшенің қызмет көрсету алаңы кең әрі технологиялық және заманауи сервистік стандарттарға жауап береді. Әсіресе, «Видеобанкинг» қызметі көңілден шықты. Оның көмегімен банктің кез-келген қызмет түрін пайдалануға болады. Кезекте тұрмай-ақ, онлайн арқылы консультациялық кеңестен бастап, ақша аудару, шоттан қолма-қол ақша алу сынды елуге жуық қаржылық қызметтерді жүзеге асыруға болады. Автоматты кассалар арқылы арнайы кабинаның ішінде кассирдің қатысуынсыз-ақ қаржыңызды қолма-қол шешіп алуға да мүмкіндік мол. Инновациялық жаңашылдықты енгізу арқылы тұтынушыларға оңтайлы жағдай жасалғаны көптің көңілінен шықты.
380 шаршы метр жерді алып жатқан жаңа бөлімшеде 12 менеджер мен 4 касса және өзіне-өзі қызмет көрсету кабинасы жұмыс істейді. Әрине, банкомат пен төлем терминалдары да қарастырылған.
«Жаңа форматтағы мұндай бөлімшенің алғашқысы 21 қазан күні Алматы қала­сында ашылған болатын. Міне, астана­лықтар да банк жұмысындағы сапалы өзгерістерге куә болып отыр. Бұл – біздің тұтынушылардың көңілінен шығатын қызметтің масштабты реформасы. Банк атауындағы Q әрпінің өзгерісі клиенттерімізге мобильділікті, қарапайымдылықты, жылдамдықты қамтамасыз ететінімізді, сонымен қатар инновациялық дамудың жаңа мүмкіндігіне деген талпынысымызды білдіреді. Алдағы уақытта банк ел бойынша өзінің 238 бөлімшесін осындай жаңа үлгіге көшіруді көздейді» дейді ашылу рәсімінде сөз алған банктің басқарушы директоры Нұрлан Жағыпаров.
Оның айтуынша, QAZKOM жыл басынан бері жалпы құны 147 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлердің жобасын қаржыландырған. Тек қыркүйек айының өзінде 29 млрд теңге тұтынушыларға несие ретінде ұсынылды. Осылайша, банк қаржы нарығында рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Елімізде және Орталық Азияда ең танымал ірі банктердің бірі – «Казкоммерцбанк» АҚ-ның активтері 30 маусымдағы жағдай бойынша 4 893 млрд теңгені құрап отыр.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button