ТағзымТаным

ЕСІЛДІҢ ЕРЕН ЕРІ

Көзі тірі болса, Қайреден Кәрібаев биыл 80-ге толар еді. Есіл өңірінде есімдері бүкіл елге кең танымал адамдар аз емес. Әйтсе де, атақ пен құрметке бөленген Қайрекеңнің орны тым бөлек.
Оның ұмытылмас бейнесі Қай­рекең пәни дүниеден ұзап кет­се де, өзін көрген, бірге қызмет жасап, дәмдес болған, ұстаздық тәр­биесінен тағылым алған азаматтар жад­ында мәңгілік сақталуда.
Бар өмірін туған өлкені дамыту үшін сарп еткен Қайреден Кәрібаевтың еңбегі жоғары бағала­нып, ол екі рет Еңбек Қызыл Ту ордені­мен, «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерімен, ондаған медальдермен марапатталды. Асыл ағаның жасампаз еңбегі мен өмірі туралы жазылған материалды оқырмандар назарына ұсынамыз.

karibaev

Әкеден ерте айрылған Қайреден мен қарындасы Айшаны анасы Орынбасар жанкештілікпен тіршілік жасап, ешкімнен кем қылмаймын деп еңбек етті. Анасы балаларын еңбекпен бірге адалдыққа тәрбиелеп, олардың болашақта азамат болып қалыптасуларына зор ықпал жасады. Мектепті үздік бітірген 17 жасар Қайреденнің бойындағы ұстамдылығы мен қайырымдылығын байқаған ұстаздары оны алысқа жібермей, интернаттағы оқушылардың тәрбиешісі міндетін атқаруға ақыл берді. Ұстаздар сенімін мінсіз ақтаған Қайреден интернатта оқитын балалардың сүйікті де сенімді тәрбиешісіне айналды. Жетімдіктің ащы дәмін көріп өскен Қайреден бойындағы асыл қасиет – мейірім мен ынтазарлығын соларға арнады, оларды ізгілікке тәрбиеледі.
Жалпы, Қайрекеңнің өсу, өркендеу кезіндегі кезеңдерге зер салып қарайтын болсақ, ол тек бір орында тұрмай, үнемі алға ұмтылуда болғанына көз жеткіземіз. «Ел құлағы елу» дегендей, интернат балаларының ұлағатты тәрбиешісі атанған жас Қайреденнің есімі ауыл түгіл, бүкіл ауданға жария болды. Шаруашылық және аудан басшылары жас жігіттің талабын сынау үшін оны өзі өсіп, есейген ауылы Өндірістің бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындады. Адамдармен жұмыс істеп, олармен тіл табыса білу тәжірибесінің қаншалықты пайдалы болғанын бөлімше еңбеккерлерімен қоян-қолтық араласып, шаруашылық мәселелеріне ерекше ден қою дағдысын Қайрекең санасына ертеден қалыптастырды. Оған бірден-бір себеп, бала кезден бастап еңбекке ерте араласуы еді. Сол жылдардағы тұрмыстың жұтаңдығы, күнкөрістің қиындығы енді ғана ес біліп келе жатқан жас Қайырденді тым есейтіп жіберді, жауапкершілік жүгін тым ерте сезінді. Әсіресе «Коммунизм жолы» совхозына қарасты Өндіріс бөлімшесін басқару жылдары көзімен көріп, көңіліне түйгендері бөлімшедегі шаруашылық жұмыстарын ұршықша үйіріп әкетуге септігін тигізді. Бөлімшедегі мал және егін шаруашылықтар көрсеткіштері сов­хоз бойынша алға шықты.
Халықпен тіл табысып, партия мен үкіметтің тапсырмасын бұлжытпай орындауда мол тәжірибе жинақтаған Қайреден Кәрібаевтың өсу, өрлеу жылдары жалғасып жатты. Өндірістен басталған қызмет сатысының өрлеуі жалғасын тапты. «Образцовый» совхозының партком хатшысы, «Жарсуат» совхозының директоры, Астрахан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Макин аудандық атқару комитетінің төрағасы соның дәлелі. Аталған жерлерде Қайре­кең өшпес із қалдырды, есімі сол өңірлер тұрғындарының аузынан түспейтін болды.
Қайрекеңнің кезекті сыннан өткен кезеңі, ол Орталық партия комитетінің қаулысы бойынша Қазақстандағы қойдың санын 50 миллионға жеткізу жөніндегі бастамасын жүзеге асырудағы қадамы еді. Сол қаулыға байланысты Қазақстанда бірнеше жаңа аудандар құрылып, оларды басқару қолынан іс келетін қайраткер азаматтарға жүктелді. Целиноград облысында Теңіз ауданы құрылып, оның тізгіні Қ.Кәрібаевқа тапсырылды. Жауапкершілігі зор жұмысты партия кім көрінгенге ұсына бермейтін. Талай сыннан сүрінбей өткен, басшылық жұмыста мол тәжірибе жинақтаған, ел-жұртпен табысып, олардың сенімін ақтай алатын, іскерлігімен көзге түскен Қайрекең осы қызметке лайықты деп табылды.
Облыс орталығынан шалғайда жатқан Теңіз ауданының тұрғындары негізінен қазақтар еді. Олардың тұрмыс деңгейі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы басқа аудандармен салыстырғанда әлдеқайда төмен болатын. Аудан шаруашылықтарына барып, еңбекшілермен қоян-қолтық араласқан Қайрекең мұның бәріне көз жеткізді. Сол себепті өзінің алдына қойған іс-жоспарларын айқындап алды. Өзінің үйреншікті әдеті бойынша ол шаруашылықтарға келісімен көлік басын басшылар отырған кеңсеге емес, егіншілер мен малшылар ортасына бұратын, олардың хал-жағдайын өз көзімен көріп, үйлеріне кіріп шығатын. Қайрекеңнің назарынан шаруа адам­дарының тұрмыс-тіршілігі, үй-жайлардың тазалығы, не ішіп, не қойып отырғандары тыс қалмайтын. «Әттеген-ай» дейтін жағдайлар кездесіп жатса, оларды түзеп, жолға қоюды шаруашылық басшыларына қатаң тапсыратын. Осындай іскерліктің нәтижесінде Теңіз ауданы шаруашылықтарының көрсеткіштері жоғарылады, еңбек адамдарының әлеу­меттік жағдайы жақсара түсті.
Қайрекең туралы материалдар жи­нақ­­тау барысында біраз адамдармен тілдескен едім. Сонда қоғам қайраткері, қазіргі кезде Астана Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов мынадай керемет жағдайды еске салды:
– Қайреден Кәрібайұлының бір керемет қасиеті – оның қандай оқиғаларды, қай жерде, қай кезеңде болғанын ұмыт­пайтыны. Аудан орталығына жақын жатқан «Баршын» совхозына барған бір сапарында сегіз баланың әкесі Отан соғысына қатысып, майдандағы ерлігі үшін Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған шопан Алтайбай Мырзасаринмен кездесіп, одан жеңгесі Жамалдың жағдайын, балалардың есімдерін ұмытпай, бәрін ат-атымен атап, олардың сабақ үлгерімінің қалай екенін, онжылдықты бітіргенде қандай мамандықты таңдайтындарын, ең соңында қасқыр алғыш төбет иттің атын атап, қыста қанша қасқыр алғанын ұмытпай сұрағанын Алтайбай ағай өзі дүниеден өткенше немерелеріне ертегідей айтып отыратын.
Шынында да, Қайрекеңнің есте сақтау қабілеті ерекше еді, кімге болсын берген уәде мен сертін ешқашан ұмытпайтын және оны дер кезінде орындауды жақсы әдетке айналдырды.
Теңіз ауданындағы жанкеншті еңбек сегіз жылға созылды. Аудан экономикасы мен шаруашылықтарын аяғынан тік тұрғызып, уақыт талабына сай жаңа міндеттер мен жоспарларды белгілей бастағанда Қайреден Кәрібаевты басқа ауданға жіберетіні белгілі болды. Обкомның бірінші хатшысы Н.Е.Морозовтың кабинетіндегі әңгіме барысында Алматыдан ҚСР Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев телефон соғып: «Қайреден, мен сені көптен бері білемін. Атбасар ауданын басқаруға сенің білімің де, тәжірибең де жетеді. Қандай бір түйінді мәселені шеше аласың, ең бастысы адамдармен тіл табыса аласың» деп, ақжолтай тіледі.
Атбасар – республикадағы ең ірі аудандардың бірі. Тек қана егістік көлемі үш жүз мың гектардан асады. Мұнда теміржол қатынасы мен өнеркәсіп жақсы жолға қойылған, кең көлемде құрылысы дами бастады. Мұндай ауданға басшылық жасау әрі құрметті, әрі жауапкершілігі зор болатын. Қайрекең үшін бұл тағайындау емтиханды қайта тапсырумен бірдей еді.
Кезекті сынақтан Қайрекең абыроймен өтті. Облыстың ең астықты ауданы атағына кір келтірмей, оны жаңа деңгейге көтерді, мал шаруашылығы көрсеткіштерін төмендетпей, оны одан әрі дамыта түсті. Бұл арада Теңіз ауданында жинақтаған тәжірибе өз нәтижесін берді де.
1996 жылы тәуелсіз елдің аймақтық басқару органдары құрылып, Кеңес үкіметі кезіндегі басқару органдарының құзыры жойылды. Соған байланыс­ты зейнетке шығуына байланысты Қай­рекең облыстық атқару комитеті төрағасы қызметінен босады. Әрбір облыстарда қандай жағдайлар болып отырғанын жіті қадағалайтын Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қайрекеңді зейнетке шығуымен құттықтап, оған жеке зейнетақы тағайындады.
Сол жылдары ауылда жекешелендіру үрдісі кең қанат жайған еді. Қайрекең болса бұл үрдіске төтеп беру амалын іздестірді. Ешқандай бөліс пен жеке кәсіпкерліке бас имей-ақ, ауыл тұрғындарынан өздеріне тиісті пайды өзіне сеніп тапсыруды өтінді және ауылда бір ғана қожайын болатынын ескертті. Ауыл тұрғындары өзіне сенетін болса, әр отбасы жұмыспен қамтылатынын, ешкім шетте бос қалмайтынын баса айтты. Бұған қоса, Қайрекең тұрғындарға шарт қойды: кімде кім адал еңбек етсе, алаңсыз өмір сүреді, ал арақ ішіп, ұрлықпен айналысатындарға ешқандай кешірім болмайтынын қатаң ескертті. Осылайша, Өндіріс тұрғындарының келісімімен «Қыпшақ» ЖШС құрылды.
Алты жыл өтісімен құлдырап, берекесі кетіп бара жатқан Өндірістің орнына экономикалық-әлеуметтік жағдайы күрт өзгерген шаруашылық, қанаты қатайған, еңсесі көтерілген бірлестік пайда болды.
Иә, бүгінде Өндіріс аулының бай-қуатты жағдаймен тіршілік кешіп отырғанына сүйсінетіндер көп. Ауылдың көркін келтіріп, тұрғындардың ертеңгі күнге деген ынтасы мен сенімін жана білген Қайреден Кәрібаев ағайдың туған ауыл тұрғындарының еңсесін көтерген асыл ағаның адал еңбегіне еріксіз бас иесің, жасампаз еңбегіне шексіз сүйсінесің.
Қас қағым сәтте өте шығатын жалған дүние. Сұм ажал жаны жайсаң, ақжарқын, қарапайым, ардақты әке, сүйікті жар, елін, жерін ерекше сүйген азамат Қайреден Кәрібаевті алып кеткеніне де сегіз жылдың жүзі болып қалыпты.
Осы мақаланы жазу барысында Қайре­ден ағаның тағылымды тәрбиеші, зиялы азамат, сүйікті жар, сүйкімді әке, немерелерінің аяулы атасы болғанына көз жеткіздім.
Ел азаматы деген атаққа кір келтірмей, адал өмір сүрген Қайреден Кәрібаев ағаны есте сақтау, оған лайық құрмет көрсету ұрпақтар парызы болмақ. Осы өңірде ұзақ өмір сүріп, еңбегі сіңген, әсіресе, тәуелсіз елдің ордасы – Астананы қалыптастырып, бар еңбегі мен ынтасын сарп еткен ағаға Астана көшелерінің біріне Қайреден Кәрібаев атын берсе, қандай келісті болар еді. Қалалық Ономастика басқармасындағы мамандар көпшіліктің тілегіне құлақ асар деп сенгіміз келеді. Лайым солай болғай!

Мейрам БАЙҒАЗИН,
журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button