ЖаңалықтарМәдениет

АРҚАНЫҢ АРҚАЛЫ ПЕРЗЕНТІ

Астанадағы Конгресс-холл сара­йында Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арналған белгілі композитор, дирижер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мұқамбетқали Тіналиннің «Есілім – еркем» деп аталған шығар­ма­­шылық кеші өтті.

????????????????????????????????????

ӨНЕРІ ӨРГЕ СҮЙРЕГЕН

Әсілі, Мұқамбетқали ағамыз елорданың тумасы саналады. Балалық шағынан музыкаға құштар болып өседі. Оның себебі де бар. Марқұм анасы ескі дастандарды жатқа білетін, әп-әдемі әуезді дауысы бар жан болыпты. Білетіндердің айтуынша, композиторға өнер осы анасынан дарыған көрінеді. Ақмоладағы жалғыз қазақ мектебін үздік тәмамдағаннан кейін ол арман қуып, Алматыға сапар шегеді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Онда Хабдолла Тастанов, Ғазиза Жұбанова, Кенжебек Күмісбеков, Батыр Әбдіхалықов, Латиф Хамиди және Бағдәулет Аманов секілді белгілі өнер қайраткерлерінен тәлім алады. Қатпары мол музыка әлеміне үңіледі. Іргелі өнер оқу ордасында жүріп, Бішкек қаласында өткен халық аспаптарында орындаушыларының ІІ Бүкілодақтық байқауына қатысып, лауреат атанады. Жалынды жас жігіттің бойындағы жанып тұрған өнерін көрген сол кездегі астаналық шығармашылық ұжымдар байқап, өздеріне шақырады. Құрманғазы атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі, «Гүлдер» және «Шалқыма» эстрадалық вокалды-аспаптар ансамблдерімен бірге Мәскеу, Санкт-Петербург, Дондағы Рос­тов, Киев және Алжир, Чехословакия, Венгрия елдерінің үлкен сахналарында өнер көрсетеді. Осылардың барлығы оның бесас­пап музыкант болып қалыптасуына әсерін тигізеді. Консерваторияны тәмамдағаннан кейін ол туған жеріне оралып, музыкаға жақын жеткіншектерді өнерге баулиды. Тоқсаныншы жылдардың басында Ақмолада алғаш ұлттық аспаптар оркестрін құрып, оған дарынды жастарды тартады.

Жылылыққа толы өнер кешінде айтулы азаматтың жұртшылыққа кеңінен танымал шығармалары ойналды. Елордалық қазақ оркестрі автордың нәзік сезімге толы туындыларын тамылжыта орындады. Оған композитордың өзі дирижерлік жасады. Кеш автордың «Есілім – еркем» деген шығармасымен ашылды. Одан кейін өнерпаздың өнердегі ұстазы Жақсылық Мұқановқа арналған «Жақсылық» деп аталған күйі күмбірледі. Жас әнші Бауыржан Нұрымбетов кеш иесінің «Құлпырған елім» атты әнін шырқады. Әсіресе, композитордың «Классикалық вальс» және «Интермеццо» деген шығармаларынан өзгеше бір саз, әсем әуен естіп, ғажайып әсерге бөлендік.
Ол Нұрғиса Тілендиевті айрықша жақсы көреді екен. Нұрғиса ағамыз көзі тірісінде соңынан ілескен әріптес інісінің музыкалық шығармаларын тыңдап, батасын беріпті. Бір жағынан, екі арқалы азаматтың фамилиялары да бізге ұйқасып, үйлесіп тұрғандай көрінді. Композитор аяулы ағасына арнап «Дарынгер» деген шығарма жазыпты. Кеште ол туынды да орындалды. Оны тыңдап отырып, ұлтымыздың ұлы перзентінің бейнесі көз алдымызға келді.
М.Тіналиннің шығармалары көбінесе жылы, сазды, жүрекке жақын келеді. Тамылжыған тымық түнде бетіңізді майда самал өпкендей әсерленесіз. Композитордың қызы Перизат Тіналина флейта аспабымен әкесінің «Пастораль» деген шығармасын шебер ойнады. Кеш иесінің өзі де жеке домбырада күмбірлетіп күй төкті. Белгілі өнерпаз Нұрай Танабаев оркестрдің сүйемелдеуімен сазгердің кейінгі жылдары жазылған «Тоты құс» және «Айтар ой» деген әндерін нәшіне келтіре шырқады.
Ағамыз музыкалық өңдеудің де маманы екен. Біз оны әлемдік классика саналатын Вильямстің «Виктория» шығармасын тыңдағанда байқадық. Өте шеберлікпен жасалған шығарманы жұртшылық өте жылы қабылдады. Өнер кешінде оркестрге автормен бірге Нұрлан Бекенов пен Қаратай Сайжанов дирижерлік етті.

ТҰСАУКЕСЕР, СҮНДЕТ ТОЙ…

Біздің ауылда Темірбек деген ағамыз болды. Өзі қарапайым кәсіптің иесі болса да, жиын-тойларда әуелетіп ән шырқайтын ерекше дауысы бар еді. Сол кісінің үнемі репертуарынан түспейтін жалғыз ғана ән болды. «Біздің дала» деген. Өзі де ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін тамаша әуен. Мен сол әннің авторын білмеуші едім. Оны да Мұқамбетқали ағамыз жазған екен. Кеш шымылдығы осы сазды әуенмен жабылды.
– Мен Мұқамбетқалиды жас кезінен білемін. Екеуміздің консерваторияда білім алған ұстазымыз бір. Ол – өте дарынды музыкант. Ақмолада алғаш өз қолымен қазақ оркестрін құрды. Оған қаншама тамаша туындылар жазды. Ол кез келген музыкалық аспапта шебер ойнайды. Оркестрге лайықтап өңдеген классикалық шығармалары қаншама… Өзі де аңқылдаған азамат. Шығармашылық кеш маған ұнады. Осындай өнерпаз азаматтарды ардақтай білуіміз керек, – дейді белгілі өнер зерттеушісі, композитор Қайыржан Мақанов.
Расында, Қайыржан ағамыздың сөзінде жан бар. Өмірде үн-түнсіз ғана жүріп, туған жұрты үшін қыруар іс бітіріп жүрген азаматтар бар. Солардың бірі – Мұқамбетқали Тіналин. Шығармашылық кеште композитордың құшағы гүлге толып, нұрланып, ерекше толқып тұрды. Сондай сәтте Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Ескерусіз қалмасын бір ісі де, талантты қадірлейік тірісінде» деген шумағы ойымызға келді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button