ӘлеуметЖаңалықтар

АҚМОЛА ШАРУАЛАРЫ ЖАРЫЛҚАДЫ

Астана қаласында Ақмола облысының күндерi болып өтті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» айлығы аясында өткен бұл ауқымды шарада ақмолалық шаруалар жәрмеңке өткізіп, астаналықтарды арзан әрі сапалы азық-түлікпен жарылқап тастады. Аймақтың мәдени күндері аясында өткен екі күндік шараға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин қатысып, аймақтың жетістіктерімен танысты.

????????????????????????????????????

«Хан Ша­тырдың» алдына жиналған жұртты «Көкшетау» мəде­ниет сарайының өнер­паздары мен облыстың 19 ауданынан сайдың тасындай іріктеліп алынған кіл жүйріктер мере­келік театрлан­дырылған қо­йылым қойып, жырдан ша­шу шашып қарсы алды. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ, асық ату, кір көтеру, қол күресі, дартс секілді ұлттық ойын­дар мен спорттық жарыстар ұйым­­дастырылды. Тайын­­шадай алабай, алғыр тазы секілді аңшы ит жетектеп, қолына сұңқар, лашын, бүркіт секілді жыртқыш құс қондыр­ған саят­шылар жұрт­тың көзайымы болды. Келуші­лер естелік суретке түсіп, қарық болысты.
Жұртты, әсіресе, ет, шұжық өнімдерінің арзандығы қатты таңқалдырып жатты. Мәселен, қой еті 950 теңге болса, сиыр еті – 1000, әдетте қара базар­дағы бағасының өзі 1200-1300 тең­геден түс­пей­тін жылқы еті 1100 тең­геден сатылды. Бұл – қалада кездесе бермей­тін баға. «Еті сондай сапалы, семіз екені көрініп тұр. Бірден 15 келі жылқы етін сатып алдым» дейді жәр­мең­кеге келуші Бейсен есімді ақсақал.
Жұмыртқа да су тегін сатылды. Данасы небәрі 19 тең­­­геден. Бұл да қала­ның еш жерінде кездеспейтін баға. Сол себептен болар, жұмыртқаға кезекке тұрушылардың қарасы тым көп. Ұзын-сонар кезек. Сондай-ақ, атақты Зеренді мен Шортанды ауданының емдік қа­сиеті мол балын алып жатқандар аз болмады.
Сүт өнімдері де арзан. Қаймақ – 650, сүзбе – 500, еш қоспасыз қол­дың сары майы 1500 тең­геден саудаланды. «Өзім Аман­гелді ауданынанмын. Астанаға келгелі 9 жыл болды. Туған ауылға деген са­ғыныш па, білмедім?! Үйде отыра алмай, ала таңнан жәрмеңкеге тартып кеттім. Сүзбе алдым. Таңдап жүріп қаймақ, балымды алып, қайтып барамын. Көкөніс өнімдерінің бағасынан айтарлықтай айыр­­ма­шылық байқамадым. Қалтам­дағы ақшам жеткенше қала­лықтар үшін таңсық ас – ақтамақ өнімдерін алып тұрмын» дейді Зейнеп есімді зейнеткер.
Айтпақшы, ереймендік шаруалар қымыз фес­тивалінің көркін қыз­дырды. Келген қонаққа тостақ-тостақ бал қымыз ұсы­нып, ыстық бауыр­сақтан дәм ауыз тигізді. Бұл да жәрмеңкенің ажарын ашқан жайт болды.
Жәрмеңкені ұйымдас­ты­ру­шылардың айтуынша, Ақмола облысының шаруалары елорда тұр­­ғындарына жалпы құны 404 миллион теңге болатын 968 тоннаға жуық өнім әкелді. «Жалпы, елордаға 70-ке жуық өнім түрін әкеліп отырмыз. 605,2 тонна ет және шұжық өнімдері, 46 тонна сүт өнімдері, 218 тонна көкөніс, 19 тонна балық пен балық өнімдері, 403 мың дана жұмыртқа, 200 тонна картоп, 45 мың литр өсімдік майы және тағы басқа да тауарлар бар. Бағалары аста­налық сауда нысандарымен салыстырғанда 15-20 пайызға арзан. Ең бастысы, сапалы әрі қауіпсіз. Барлығы – Арқа төрі­нің еңбекқор шаруаларының өз қолдарымен өндірген өнім­дері» деді Ақмола облыстық Азық-түлік басқармасының басшысы Мұрат Балпан.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button