Әлеумет

Біздің қоғам ұзақ жасайтындарға арналмаған ба?

Пойыздың купесіне кіргенімде айнала әжім торлаған көзін көзілдірікпен жасырып алған бір қария отырған. Бойын тік ұстап, тап-тұйнақтай болып отырғанына қарап, әуелде ол кісіні алпысты алқымдаған адам шығар деген едім. Төсек-орнымызды жайғап, біраз отырған соң, әлгі кісі менің қызымды әңгімеге тартып, атын сұрады. Содан соң өзін Антон Сергейұлы деп таныс­тырды.

Жасы сексен алтыда екен. Шымкентке жалғыз қарындасының үйіне қыдырып бара жатқанын білдірді.
Атай кезінде археолог болған, еліміздің біраз тарихи жерлерін аралаған, Түркістанда тұрып, ке­сененің айналасындағы алаң­­­­­қ­ай­д­ы да зерттеген кісі екен. Қазақ­шасы тәп-тәуір.
Сөз арасында:
– Мені көрсе, Нұрсұлтан Назарбаев ренжитін шығар, – деді ол.
– Неге? – дедім.
– Өйткені мен Қазақстан тәуелсіздік алғалы зейнетақы алып өмір сүріп келе жатырмын. Ел бюджетіне масылмын. Ай сайын 90 мыңдай зейнетақы аламын. Ал тәуелсіз Қазақстанға түк еңбек еткен жоқпын.
Мен ілтипат орнына жымиып қойдым. Бірақ атайдың айтқан әңгімесі кәдімгідей жағып қалды. «Шіркін, жастар осылай ойланса ғой. Мен еліміз үшін не істедім?» деп өз-өзіне есеп берсе, елге пайдалы болуға тырысса ғой» деп ойладым іштей. Пайғамбарымыз да «адамның жақсысы – айналасына пайдалысы» демей ме?
Сонымен Антон Сергейұлы менің әңгіме тыңдауға құлықты екенімді түсінген соң, аннан-мұннан қозғап біраз ойдың басын шалды. Жаңа купеге кіргенде байқағам, қартайып, қаусап отырса да көзінің нұрын босқа шашпай, қос-қостап газет алып оқиды екен. Әңгіме арасында, елдегі кейбір мәселелерді айтып, талқыға салды. Сауатты екен. Еркін ойлайтыны, шындыққа тура қарағысы келетіні аңғарылады. Кім біледі, соңында «менің болашағымды ойласаң, үндемеші» деп отырған шенеунік ұл-қызы, немерелері болмаған соң, өзін ешкімге кіріптар сезінбейтін шығар.
Иә, Антон Сергейұлы жалғыз тұрады екен. Жар дегендегі жалғыз ұлы да, кемпірі де дүние салған. Ұлынан қалған бір қыз бар, бірақ ол шетелде. «Кейін өлсем, үйімді мұрагерлікпен алуға ғана келетін шығар» деді ол. Туғандарынан бір қарындасы ғана бар, ол Шымкентте қалың қазақтың ортасында, қазақтарша өмір сүреді екен.
Мені қатты әсерлендіргені атай өзін ұзақ өмір сүріп кеттім деп есептейді және соған өкінетінін жасырмады.
«Біздің президентіміз халықтың өмір жасын ұзарту керек дейді. Жалпы, ұзақ өмір сүру керек дейді. Бірақ, сол онша дұрыс емес-ау. Міне, мен ұзақ өмір сүріп жүрмін, не таптым содан?.. Қатарластарым жоқ. Айналамда достарымнан, өзіммен құрдас, әңігімелесетін кісілерден үшеу ғана қалып едік, оның біреуі өткен жылы дүние салды. Ал екіншісінің тірі деген аты ғана, не көзі көрмейді, не құлағы естімейді. Сонда да бір-бірімізді жұбату үшін кейде үйіне барып, жанында отырамын… Менің бір көршілерім бар. Әр жылы жазда шетелдерге барып демалып келеді. Соларға қайбір жылы «Мені де ертіңдерші, жолымды өзім төлеймін» дегенмін. Кейін білсек, менің жасымдағы адамдарды ұшаққа отырғызбайды екен… Біз турист бола алмайды екенбіз. Бізге жол жоқ. Сонда өмірдің не мәні қалды?» деді тау­сыла сөйлеп…
Жүрегім шым ете қалды. Шынымен, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту туралы жиі айтылады, ал ұзақ жасайтындардың қоғамнан сызылып тастайтыны қалай? Өткенде нағашы әжем ауырып, жедел жәрдем шақырғанбыз. Әжемнің жасы 90-нан асқан. Дәрігерлер келді де «біз сексен бестен асқандарды ауырып тұрса да, ауруханаға алып кете алмаймыз» деді… Сонда не оларды емдеуге құлықсыз болсақ, не олардың ел көріп, жер көруіне жағдай жасай алмасақ, не ұшаққа отырғызбай, «сен тым кәрісің» деп құқын шектесек, онда шынымен олардың өмірін ұзартудың не мәні бар? Біздің қоғам ұзақ жасайтындарға арналмаған ба?
Ертеңінде пойыздан түскенде атай қызыма «үйге келіп тұр, менің мекенжайым міне, телефон нөмірім былай» деп, қайта-қайта құлағына құюмен болды…
Содан бері жыл өтсе де, сол атай менің ойымнан кетпей қойды. Ойласам, күндіз қолына шам ұстап алып «адам іздеп жүрмін» дейтін Диоген жайлы аңыз есіме түседі.
Философ Ғарифолла Есім де жастармен кездескен сайын «аталарыңмен күніне бір рет болса да бірге отырып шәй ішіңдер» дейтін. Иә, қариялар – мүсәпірлер ғой.
Айналаға, қарияларға, қарайлап жүрейікші.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button