Мәдениет

Мейірімділер мекені

ҚР Ұлттық музейінде «Астана – рухы мықты адамдар қаласы» бағдар­лама­сының аясында елорданың 20 жылдығына арналған «Мейірім» І балалар шығармашылығының инклюзивті музейлік фестивалі өтті.

Фестиваль қарсаңында арнайы білім беруді қажет ететін балалар мен жасөспірімдер арасында байқау жарияланды. Оған барлығы 400-ге жуық бала өтініш берді. Оның ішінде 100-ден аса балдырған бейнелеу өнері бойынша (сурет, қолдан бұйымдар жасау және т.б.), 200-ден аса бала орындаушылық өнер бойынша (вокал, би өнері, аспаптарда ойнау, көркемсөз оқу) қатысты. Ал 120 бала гала-концертке өтті.
«Музей өткен жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру, музейлік білім беру арқылы Қазақстан мен басқа да елдердің мәдени құндылықтарын көр­сету, ой-өрісін кеңейту, шығар­машылық мүмкіндіктерін дамытып, қиялдарын ұштау мақ­сатында оларға әлеуметтік бағ­ыт­талған «Мейірім» жобасын жүзеге асырып келеді, – деді шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатыбалдин.
Фестивальді ұйымдасты­ру­шылардың бірі – «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы атынан аталмыш филиал төрағасының орынбасары Владислав Сергеев бұл шараның маңызын атап өтті.
Аталған фестиваль аясында музей шеберлерінің шеберлік сағаттары да өткізілді. Атап айт­сақ, Ұлттық музейдің бас сақтаушысы, киіз басу өне­рінің шебері Рыскүл Бекталиева, зергер-шебері, суретші-реставраторлар Санат Аятбеков пен Станислав Бачин, Қазақстан дизайнер­лер одағының мүшесі, осы мә­дени ошақтың бейнелеу өнері студиясының оқытушысы Мұхтар Байбосын, Ұлттық музейдің кіші ғылыми қызметкері Зухра Баянова түрлі дәрістер берді.
Фестиваль барысында бірнеше аталым бойынша өнерпаз балалар іріктеліп, оларға дипломдар, естелік сыйлықтар және «AILAND» отбасылық демалыс орталығының Мұхитаралына сертификаттар тапсырылды.
«Вокал» аталымында Данил Платицин бірінші орынды, екінші орынды Валерия Хан мен Іңкәр Ертайқызы, ал үшінші орынды Назерке Данайбек, Екатерина Политыко және Қайрат Дарын, Ерсайын Оспанов, Нарқыз Ілиясовадан құралған үштік иеленді.
«Мәнерлеп оқу», «Аспаптық орындау», «Хореография», «Бейнелеу өнері» аталымдарындағы жүлделер де иелерін тапты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button