БілімҚоғам

Бұлақты басынан лайлап жатқан жоқпыз ба?

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталғаннан кейін Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов өзінің Facebook-тегі парақшасында «Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында 90375 ұялы телефон, 28344 калькулятор және 1867 шпаргалка тәркіленді» деп жазды. Бұл жазбаны көріп өз басым қатты таңғалдым.

Биыл ҰБТ-ға қатысуға 117242 талапкер өтініш білдірген. Егер бір оқушы бірден  ұялы телефон жасырып кірді десек, 90 мың талапкер көшіруге әрекет жасады деген сөз. Оның ішінде байқатпай алып кіріп, көшіргендер қаншама, оны қазірше ешкім білмейді. Жақсы оқитын түлектер көз майын тауысып, күні-түні кітапқа тесіліп, өз күшімен 100 балл жинаса, оқуды маңдырмағандар ҰБТ-да ұялы телефонмен көшіріп, одан озып кетіп жатса, адалдық, әділдік деген қайдан қалады?

ҰБТ басталардан бұрын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық тестілеуде ұялы телефонмен ұсталған түлектерге шара қолданылатынын айтқанымен, қазірге дейін телефонмен ұсталғаны үшін ешбір талапкер жазаланған жоқ. Түлектердің көпшілігі көшіруге әрекет жасағанын білген директордың міндетін атқарушының өзі «Құрметті ата-аналар, балаларды ҰБТ жүйесін алдауға емес, адал бәсеке және нағыз біліммен жарысуға тәрбиелейік» дегеннен ары аспағанына қарағанда, ҰБТ-дағы бармақ басты, көз қыстылыққа қазірше қатаң шара қолданылмайтын секілді.

Әрине, қатаң шара қолданылмаған соң, әділетсіздік ешқашан тоқтамайды. Мәселен, көрші ел Қытайда соңғы кезде шыққан түзім бойынша емтиханда көшірмек түгіл ұялы телефон алып кіріп бара жатып ұсталса, емтиханға кіргізбейді және 3 жыл емтихан беру мүмкіндігінен айырады. Тіпті керек болса, қылмыстық іс қозғап, соттап та жіберуге пейіл. Ал біздің елде көшіргендерді жазаламақ түгіл ақтап та жатады. Өткен жылы химия пәнінің формуласын минерал су құтысының қағаз жапсырмасына жазып кіріп ұсталып қалған талапкерді жазғырғаны сол, оның тапқырлығына Білім және ғылым министрлігінің қыз­меткерлері разы болып, мақтау айтқаны – әне соның айғағы. Ендеше, өткен жылғы осындай былықты көрген биылғы түлектер не оңады? Олар да көшірудің әртүрлі амалын жасайтыны анық. Ал қаралдық жүрген жерде адалдық та, тазалық та болмайды. Су дәл осылай бұлақ басынан былғанып жатса, олардың ертеңінен не қайыр?! Түбін қусаң бұл ұлттың, мемлекеттің болашағына балта шапқандық емес пе?! Ойланатын мәселе…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button