Қоғам

Бұрынғымызды аңсамай, бүгінімізді бағалайық

Үш жыл бойы мына жаман індеттен құтыла алмай, «шықпа, жаным, шықпа» деп жүргенде, жыл басындағы Қазақстанда болған көтеріліс пен қантөгіс талайдың шаңырағын шайқалтып, талай отбасын балаларынан айырып, зар жылатты.

[smartslider3 slider=2114]

Иә, халқымыздың басына төнген қаңтар айындағы қара бұлт баршамызды есеңгіретіп тастағаны шындық. Шынын айту керек, осы қиын кезде көптеген партиялардың көшбасшылары мен қоғам белсенділері халық алдына шығып сөйлей алмады. Абдырап қалды. Осы сәтте Президентіміздің халық алдына шығып: «Қазақ елінің тұтастығын сақтап қаламын. Ақордадан ешқайда кетпеймін, мен сіздермен біргемін» деген сөзі жүрегімізге сенім ұялатып, бізді қанаттандырған еді.

Жаңаөзенде басталған митингте сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттауына байланыс­ты наразылықтарын білдірді. Осы Ақтаудан басталған бейбіт шерудің талабын қолдаған республиканың бірнеше қалаларындағы шерушілер соңғы жылдардағы саяси-экономикалық әділетсіздікке, халық тұрмыс-тіршілігінің төмендігіне, байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтыққа наразылық білдірді. Бірақ осыны пайдаланған сырттағы, іштегі содырлар мен террористер, ұры-қарылар іліп әкетіп, бейбіт митинг үлкен қантөгіске айналды. Әсіресе, Алматыдағы дүрбелең салдарынан отандық Қарулы күштердің 18 қызметкері қаза тапты. Дегенмен біздің әскерилер Алматыны қорғауға бар күшін салды.

Бұл ретте лаңкестердің осы көтеріліске тыңғылықты дайындалғанын айтуымыз керек. Естіген деректерге сүйенсек, олар Алматыға жақын тау бөктерінде дайындықтан өтіп, жасырынған.

Алматыда атыс басталып, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігі ғимаратына басып кіріп, өртеді. Прокуратура ғимараты да бүлінді. Алматыдағы Полиция департаментінің маңындағы ұрыс 2 түнге созылды. Бірақ біздің құқық қорғаушылар лаңкестердің шабуылына тойтарыс бере білді.

Лаңкестер мен содырлар Алматының 7 қару дүкенін басып алып, тонаған. Олардың бұл әрекетін сырттан қарап тұрған ұры-қарылар да қарап қалмай, дүкендерді жаппай тонауға кіріскен. Ал белгісіз адамдар Республика алаңы маңындағы телеарналар орналасқан ғимаратқа да басып кіріп, техникаларды бүлдіріп, ғимарат ішін өртеген. Бүкіл эфирге шығатын техникаларды жағып, камераларды қолды еткен.

5 қаңтар кешке белгісіз адамдар тобы Алматы әуежайына басып кіріп, күл-талқанын шығармақшы болды. Ең сорақысы, олар әскерилер мен құқық қорғаушылардың киімін киіп, бүлікшілердің арасына жасырынып кірген. Сөйтіп, оларды қалқан ретінде пайдаланған. Шабуыл жасағандардың саны әскери қызметшілерден 5 есе көп болған. Олар осы жағдайды пайдаланып, ел тыныштығын күзеткен полицейлерді асқан қатыгездікпен азаптаған. Тіпті екеуінің басын кесіп алған. Алматыда бірнеше сауда орындары мен банктер және банкоматтарды тонаған. Міне, осы сұмдықты өз көздерімен көріп, туған қалалары – Алматының көк түтінге булығып, от жалындап жатқан кезде «Қазақстан» телерадио компаниясының жанындағы қантөгісті көздерімен көрген менің екі немерем мен қызымның Алматыға қысқы каникулға барған қуанышты сәттері су сепкендей басылған еді.

Екі бөлмелі бірінші қабаттағы үйдің ваннасына тығылып жатырмыз дегенді естігенімде жүрегімнің қалай қан жылағанын сіздерге айтып жеткізе алмаспын. «Тереземіздің алдына снарядтар түсіп жатты. Ал содырлар жанымыздағы көршілердің есігін бұзып кіріп, өз үйлеріне келгендей үйдегі тамақтарын ішіп-жеп кетіп жатыр» деп зар жылағанын естігенде Алматыға қалай ұшып барсам деп талай ұйқысыз күндерді басымнан өткердім. Содан балаларым самолетке алып қойған билетпен жете алмай, тура бір жұма өткенде пойызбен елордаға оралды. Келген бойда тамақтарын ішіп алып, ұйқыға кетті. 12 сағат ұйықтап, тұрғаннан кейін 5 күннен бері алғаш тыныш ұйықтаған күніміз деп көрген қиындықтарын жылап отырып айтқан еді.

Осындай бейберекетті жасаған кімдер? Мұның артында кімдер тұр деген ой бүгінде бәрімізді мазалайды. Ойымыз сан саққа кетеді. Оны тексерушілер кейін айта жатар. Бірақ осы жайға біз қалай келдік? Шынын айту керек, соңғы 10 жылда ел арасында қазақтың бар байлығы – жер, қазба кендерін, үлкен-үлкен зауыттар мен кәсіпорындарын иемденіп алған жекелей байлар көбейді. Қарапайым халықты ойлайтын жандар емес, халықтың қазынасына қол сұғушылар ұрлаған ақшаларын шетелдің банктеріне тықты. Тіпті кейбір билікте отырғандардың өздері де мемлекет мүлкіне қол салды. Елбасының туыстары мен қыздары, күйеу балалары жарты Қазақстанның байлығын иемденіп алды деген қауесет бірден-бірге тарады. Олардың шетелде бір бастарында бірнеше үйлері бар деген қауесет бүкіл елге жайылды. Азық-түлік, жанар-жағармай, электр жарығы жыл сайын қымбаттап, елдің наразылығын өршітті. Міне, ақырында бейбіт митинг басталып, соңы қанды көтеріліспен аяқталды.

Митингке қатысқандардың ұсыныс-тілегін тыңдаған, олардың қойған талабын естіген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Үкімет басшысы Асқар Маминді қызметінен босатты, ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті қызметінен кетіріп, түрмеге тоғытты. Одан басқа да лауазымды адамдар қызметінен кетіп, орындарын босатты. Бұл жайлы ақпарат құралдары арқылы оқып, естіп, көріп отырған боларсыз.

Осы қаңтардағы көтеріліс жайлы кейбір қара ниетті адамдар қара­пайым халықты шатастырып, жалған ақпарат беріп, қарсы пікір айтуда. Әсіресе, бұл оқымаған, білімдері таяз, ел өсегіне елеңдеп отырған жастар арасында етек алуда. Олар өз ойларын әлеуметтік желіге салып, интернет арқылы адамдарды азғындауда.

Осындай өсек-аяң бүкіл әлеуметтік желіде қазір гуілдеп тұр. Оның үстіне шетелдің де басбұзарлары осыны аңдып отыр. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасында болып жатқан сұрақтарға байланысты телеарнадан сөйлеп, барлық сұрақтарға бүкпесіз жауап берген еді.

Президент журналистің барлық сұрағына нақты жауап берді. Алдағы уақытта Қазақстанда үлкен өзгеріс­тер болатынын айтты. Осы сөзінің өзі оның қарапайым қара халықты жақтайтынын білдіреді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шыққан тегі де осал емес. Алған білімі мен көрген тәрбиесі де жақсы. Тәжірибесі мол, білімді саясаткер. Сондықтан Қазақстан халқы оған үлкен сенім артады.

Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, бейбіт митингке шыққан ақтаулықтарды Қазақстанның көптеген қалалары қолдады. Осыны пайдаланған ел ішіндегі алауыздықпен айналысып жүргендер, оларды қостаған мародёрлер мен елдегі ұры-қарылар, бандиттер және әртүрлі радикалды діни ағымдағы жастар қосылып, өрт қойып, дүкендерді тонап, стратегия­лық нысандарды басып аламыз деп басқыншылық жасады.

Адамдарды өлтіру, дүкендерді тонау басталған кезде Алматының әкімшілігін өртеп, аэропортты басып алуға әрекет жасаған кезде Президентіміз одақтас елден көмек сұрады. Себебі ол ҰҚК мен полиция адамдары арасында сатқындықтың барын біліп, шетелдің содырлары, террористерінің шабуылын сезгеннен кейін осындай шешім қабылдады деп ойлаймын. Себебі ел тәуелсіздігіне қауіп төнген болатын.

Осы кезде біздің көптеген беделді деген адамдар елді сатып, ал шетелдің содырлары қазақ жерін басып аламыз деп көтеріліс ашты. Міне, осы кезде Мемлекет басшысы дұрыс қадам жасады. Әйтпегенде ел ішіндегі көтеріліс ушығып, тәуелсіздігімізге нұқсан келіп, қауіп төнер еді. Сондықтан Қазақ елін сақтап қалған Президентіміз дұрыс қадам жасады деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда Президентіміз «Жаңа Қазақстанның» өсіп-өркендеуіне үлкен қадам жасады. Оны біз біліп, көріп отырмыз. Бірақ оның әлі талайлармен күресетінін сеземін. Айналасында бұрынғы күндерін аңсап жүрген шенеуніктер мен өзін ғана ойлаған қалталы кәсіпкерлер бар. Олар тыққан қаражаттарын оңайлықпен бере қоймас. Сондықтан баршамыз Президенттің айналасына топтасуымыз керек. Мемлекет басшысы алғашқы қадамды дұрыс бастады, ал енді біз оны қолдауымыз қажет. Бұл, әрине, менің ойым.

Тағы бір қосарым, қаңтар оқиғасына кейбір көптеген жастардың, адасқан адамдардың бейбіт митинг өткеннен кейін байыбына бармай, озбырларға қосылып кетуінен қамау­ға алынды. Біразы оққа ұшты. Оған не себеп болды? Иә, сол көптеген жастар – жұмыссыз, үй-күйі жоқ, өмірден түңіліп жүргендер. Оның үстіне олардың алған білімдері де жоқ, оқымағандар. Билікке наразы топтар. Сондықтан олар көтеріліс жасауға дайын тұрды. Шын мәнісінде жұмыс істеймін деген адамдарға жұмыс табылады. Бірақ қолында дипломдары жоқ болса да, олар қара жұмысқа барғысы келмейді, дайын асқа тік қасық дегендей. Кітап оқымайды. Рухани жағынан кенде жастар. Тек қолдарындағы телефон арқылы әлеуметтік желілердегі өсек-аяңды оқып, іріткі салушылардың қармағынан шыға алмай жүргендер. Егер де әдеби кітап оқып, содан өздеріне азық жинаса, білімі артып, сана-сезімі оянып, ата-баба армандаған тәуелсіздікті сақтап қаламын деп жанталасар еді.

Ал енді тағы бір жай, бізде қазақтың байлығынан байыған байлар көп. Солар жинаған ақшаларын көрлеріне тыға ма? Қайда апарады? Бөліспей ме халықпен. Президентіміз айтты ғой қаражаттарыңнан халыққа қамқорлық жасаңдар деп. Сондықтан қазіргі қиын заманда қараулық жасамай, байлар елге көмектесу керек: мүгедектерге, көпбалалы отбасы мен үйі жоқтарға.

Біздер, ардагерлер мен зейнеткерлер, жастарымызды тыныштыққа шақырып, еліміздің аяғынан тұрып кетуіне қолғабыс жасайық деп үндеу тастаймын. Біреуді кінәлағанша, кінәні алдымен өзімізден іздейік. Біреуді сынау үшін алдымен өзіміз жақсы болуымыз қажет. Қазақстанның экономикасын жақсарту үшін баршамыз үлес қосайық. Қорыта айтқанда, Қазақ елінің тәуелсіздігі бәріміз үшін қымбат. Сол үшін күресейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, жастарымыз саналы болсын!

Ғалия БАЛТАБАЙ, журналист,

«Құрмет» орденінің иегері, Нұр-Сұлтан қаласы

Ардагерлер кеңесінің мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button