Әлеумет

Бюджет қандай болуы керек?

«Мемлекеттік бюджет адал, әділ және ашық болуы тиіс». Бұл менің сөзім емес, бұл – Президенттің сөзі, нақты тапсырмасы. Осы ретте, бұл бюджет – 650 мың кезекте тұрған үйсіз халықтың, 2,5 миллион жан бағып жүрген күйсіз жұрттың, 1 миллион жұмыссыз жанның, 7,5 миллион ауыл тұрғынының мәселесін шешуі керек еді. Десе де инфляцияның тоқтамауы, қымбатшылық мәселесі, жастар арасындағы жұмыссыздық, МӘМС жүйе­сінің реттелмеуі, үш ауысымдық мектептер мәселесі, лайықты жалақы мен тасжолдарды уақытылы салу проблемасы елімізде жетерлік.

Осы ретте халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай отыр. Қазір бірде-бір мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қалмады. Өзін әлеуметтік мемлекет деп таныған ел үшін – бұл нонсенс. Дәл бүгін үй кезегінде 650 мың адам тұр. Бұл дегеніміз – шамамен 2 миллион отбасы пәтер жалдап жүр деген сөз. Оның ішінде олардың үштен бірінің қаржы жинау мүмкіндігі мүлдем жоқ, яғни тапқан табысы тамағынан артылмайды.

Жылына 9 мыңға жетер-жетпес қана әлеуметтік бағыттағы үй салынады. Ал 1 жылда кезекке 50 мың адам тұрады. Бұл қандай саясат, бұл нендей менеджмент? Үй болмай, күй болмас! Бұл – бір.

Екіншіден, бөлінген қаражаттың уақытылы игерілмеуі көп іске қолбайлау болуда. Бұған бір ғана мектеп мәселесін мысалға келтірсек те жеткілікті. Мәселен, бюджеттен 2023 жылы мектептердің құрылысына бөлінген қаражаттың көлемі 164 млрд теңге болса, оның тек 37 пайызы ғана игерілген. Бұл – үлкен проблема.

Үшіншіден, жыр болған мемлекеттік сатып алудың тағы бір олқы тұсы. Бюджеттен ақша бөлеміз, ал қажетті жұмыстар басталмайды, нысан салынбайды.

Бірін-бірі сотқа сүйреген компаниялардың жеке мүддесі мен ренішінен әлеуметтік нысандар тоқтап қалуда. Бұл іс кемінде 3-4 ай қарастырылады.

Соңында жоба құны қымбаттайды, нысан уақытылы салынбайды. Көбінде шағым дәйексіз болады. Сондықтан заңнамада негізсіз шағымданушылардың да жауапкершілігін қарастыратын уақыт жетті. Шағым расталмаса, онда компанияға айыппұл салынуы тиіс. Сонда талапкер сотқа берерден, шағым жазардан бұрын ойланатын болады.

Төртіншіден, инфляция ауыз­дықталмай, қымбатшылық өршіп барады. Бұл өз кезегінде ел азаматтарының әл-ауқатының төмендеуіне әкеліп соғып жатыр. Халық тапқан-таянғанының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Бізді қалыптасқан осы жағдайдың өзгермей отырғаны алаңдатады. Бұл ретте Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр.

Бесіншіден, халықтың несие алу деңгейі өте жоғары. Мысалы, биыл алынған несиенің көлемі 18,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл – бюджетке пара-пар қаражат. Несие алушылар саны 8,4 млн адамды құраса, олардың ішінде 1,5 млн адам – қарызды қайтара алмайтындар қатарында. Бұл көрсеткіш – халықтың төлем қабілетінің төмендеп кеткенінің айқын дәлелі. Яғни халқымыз бір қарызды екінші қарызбен жауып жүр.

Ендігі бір мәселе – Ұлттық қорға сенім артқан Үкімет. Мемлекет басшысының өзі бірнеше рет Ұлттық қорға қол созуды, оған сенім артуды қою керегін дөп басып айтты. Сол үшін «Ұлттық қор – балаларға» жобасын арнайы енгізді. Енді бұл қорды 6,5 миллион баланың ата-анасы бізбен бірге қадағалайды. Бұдан былай ол жақтан триллиондарды емес, миллиондарды алудың өзі оңайға соқпайды. Сондықтан ендігі кезекте ішкі ресурстарға сүйенуге, заңсыз иемденген қаражаттарды тезірек қайтаруға және қолда бар қаражатты аса қырағылықпен тиімді пайдалануға күш салу керек.

Жетінші, бюджеттік дефицит пен қарыздарымыз алқымнан алып тұр. Ел болып табатынымыз – 16,5 триллион, ал жұмсайтынымыз – 24 трлн. Яғни 30 процент қарыздан, қордан құралады. Бұл – өте қауіпті құбылыс, яғни қаржылық баланс жоқ. Сондай-ақ 2026 жылы бюджеттің нақты 3,5 триллион теңгесі қарызды жабуға жұмсалады. Біз қайда барамыз! Етек-жеңімізді жинайтын уақыт пісіп-жетілді. Көрпемізге қарай көсіліп, келер ұрпақтың қарызын азайтудың қамын ойлайық.

Сыртқы саясаттағы санкциялардың күшеюі, әлемдегі инфляцияның тұрақтамауы біздің де экономикамызға кері әсерін тигізуде. Иә, бюджетті пысықтау оңай болған жоқ. Екі ай бойы Amanat фракция­сы қарқынды, қызу жұмыс атқарды. Біздің фракция 1 триллионнан астам өзгертулерді ұсынып, рекорд жасады. Бюджет бойынша 2,4 трлн теңгені мемлекеттік органдар арасында қайта қарастырды. Аймақтарға 1,5 триллион теңгеден астам қаржы қосымша үйлестірілді. Елді мекендерге «аманаттық» депутаттардың атынан 32 млрд, ауыз суға 10 млрд, «Ауыл – ел бесігі» жобасына 46 миллиард теңге қарастырылды. Бұл жобалардың әрқайсысының артында фракция депутаттарының тыңғылықты жұмысы тұр.

Ең негізгісі – 2024 жылдың өзіне Amanat партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын орындауға бюджеттен 5,5 трлн теңге нақты қарастырылды. Аталған мәселелер, сіздердің біліктілігіңіз бен табандылығыңыздың көрсеткіші. Иә, біз сынаймыз. Өзгеру үшін, қоғамдағы түйткілді мәселелерді өзгерту үшін айтамыз. Ашынғаннан емес, жанымыздың ашығанынан айтамыз.

Президентіміз Қасым-­Жомарт Тоқаев алдағы 5 жылда жалпы ішкі өнімді екі есеге, яғни экономикамызды 450 млрд долларға жеткіземіз деген ауқымды мақсат қойғаны белгілі. Осы арқылы үлкен тәуекелге барғалы отыр. Жай тәуекел емес, нар тәуекел! Сондықтан ортақ мақсат жолында барлығымыз жұдырықтай жұмылып, бір кісідей атсалысуымыз керек. Ол үшін бюджеттік процесс тоқтаусыз жұмыс істеуі тиіс. Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған бюджет жобасы Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сай келеді. Негізгі бағыттар қамтылған. Осыны ескере отырып, фракция атынан бірге нақтыланған бюджетті қолдаймыз.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button