Әлеумет

БЖЗҚ: Еңбек қатынасын заңдастыру қажет

Әдетте зейнетақы жарналары туралы сөз қозғалғанда, кейбір азаматтар «Бүгінгі күнмен өмір сүру керек, зейнет жасының ауылы әлі алыс, сол үшін нақты табысты көрсетпесе де болады» деген ұстанымды басшылыққа алады. Сонымен қатар зейнет­ақы жарналарын ең аз мөлшерде аударып, жалақыны «конвертпен» беретін жұмыс берушіні қолдап жатады. Кейіннен зейнеткер атанғанда шотында аз ғана қаржының жинақталғаны, алатын зейнетақысы мардымсыз екені анықталып, бұрынғы басшыға деген оң көзқарасы күрт өзгереді. Неге бұлай болып жатады? Мұндай тұрмыс түйт­кілдерін түсіндіріп, кейбір жәйттердің сырын ашуға бізге «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры – Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры Мұрат Шәріпов қол ұшын созды.– Мұрат Тұрсынұлы, қазір қоғамда жинақтаушы зейнет­ақы жүйесін реформалау қажет деген пікірлердің айтылып жатқаны белгілі. Осыған байланысты Қорда салымшылардың саны, жинақтардың көлемі қанша болғанын білгіміз келеді. Жарналардың Қорға аударылу деңгейі қандай?
– Қаржылық сауаттылық туралы үнемі айтып отыру керек. Қазіргі кезде ресми органдардан келіп түскен ресми ақпаратқа күмәнмен қарап, ғаламтордағы немесе таныс адамдар айтқан, тексерілмеген, күмән тудыратын ақпаратқа сену белең алып барады. Ал денсаулыққа, білімге қатысты мәселелер туындағанда, әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болғанда адамдар керісінше мамандарға жүгінеді.
Бір қарағанда ақшаны ұстау, жұмсау жеңіл сияқты көрінеді. Бірақ бұған да кәсібилік, сауаттылық керек екендігін айтқым келеді. Қаржы дегеніміз бұл – қазіргі қолда бар ақша ғана емес, болашақта болатын ақша, оның ішінде зейнетақы да бар.
Бүгінде еліміздегі жұмыспен қамтылған азаматтардың көп­шілігінде жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) бар. Бірақ 50 жастан асса да зейнетақы шотын ашпаған азаматтар да кездеседі. Биылғы жылдың 9 айында салымшылар ашқан 308,5 мың шоттың 12,23 пайызын 41 жастан 50 жасқа дейінгі азаматтар, ал 8,7 пайызын 51 жастан асқандар ашқан. Бәлкім, бұған 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап, азаматта жеке зейнетақы шоты болмаған жағдайда, оның атына БЖЗҚ-ның ақпараттық жүйесіне алғашқы жарна келіп түскен сәтте шоттың автоматты түрде ашылатындығы әсер еткен болар. Бұл ретте кейінгі кезде әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтер қоғамдық пікірге кері ықпалын тигізіп жатқаны жасырын емес.
Зейнетақы шотындағы ақшаны пәтер алуға жұмсауға келгенде, кейбір сыншылар орташа зейнет­ақы жинақтарының 1 млн теңгеден кем екенін айтып жүр. Алайда олар жинақтарды салымшылардың жас мөлшеріне қарай нақтыламады. Бұл орташа көрсеткіш барлық салымшылардың шотынан, атап айтқанда, жүйеге көп жылдан бері қатысып келе жатқандардың да, жүйеге жаңадан кіргендердің де, жарналарды тұрақты аударатындардың да әлі күнге дейін ресми жалақысын көрсетпейтіндердің де шоттары бойынша шығарылды. Салымшылардың 50 пайыздан астамының БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аудару көрсеткіші 5 жылдан аз, ал салымшылардың 75 пайыздан астамында бұл көрсеткіш 10 жылдан аспайды. Сондықтан орташа көрсеткіш туралы емес, жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілгеннен бері тұрақты түрде жарна аударатындардың жинақтары туралы сөз қозғаған жөн. 1998 жылдан бері зейнетақы қорына тұрақты түрде жарна аударып келген салымшылардың орташа зейнет­ақы жинақтары ерлерде – 5,1 млн теңге, әйелдерде – 3,9 млн теңге.
Бүгінгі зейнеткерлер – 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар адам­дар. Олардың зейнетақысының көп бөлігі – мемлекеттік бюджеттен төленеді. Яғни, еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңі есепке алынған. 1980 жылдан кейін туғандар жинақтаушы зейнетақы мен мемлекеттік базалық зейнетақыға ғана үміт арта алады. Көптеген мемлекеттерде әрбір адам болашағын, қарттығын өзі ойластырады. Жұмысшылардың жеке санаттарына ғана зейнетақы төлейтін елдер бар, ал басқа адамдар зейнет­ке шыққанда өзін-өзі асырайтын жолдарды іздейді. Сондықтан көп мемлекетте зейнет­ақы аударымдары қорларда жинақталады. Себебі, ірі сомаларды еселендіру оңай. Бұл – ұжымдық инвестиция­лау, яғни, ірі сомаларды пайдалы іске жұмсау болып табылады.
– Мұнда да Әзірбайжан банкі сияқты тәуекелдер бар ғой…
– Бұл жағдайдан біз жақсы табыспен шықтық. Осы тектес инвестициялар – әдепкі әлемдік тәжірибе. Әзірбайжан банкінің облигациялары сатып алынғанда, жақсы мөлшерлеме ұсынылды – валютамен жылына 8 пайыз. Тартымды инвестициялық жоспар болды. Одан үлкен табыс күтілді, бірақ кейіннен эмитент белгілі бір түйткілдерге тап келді. Сол кезде мемлекеттік органдар іске араласып, банк облигациялары жылына 4 пайыздық мөлшерлемемен мемлекеттік бағалы қағаздарға ауыстырылды. Мысалы, АҚШ-та мемлекеттік бағалы қағаздар үшін жылына 1,5 пайыздан артық мөлшерлеме берілмейді. Ал Әзірбайжанның мемлекеттік бағалы қағаздары жақсы бағаға сатылып, одан жақсы табыс түсті.
– Қордан зейнетақы төлемдері тұрақты төленіп жатыр. Мұны әрине, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жақсы жұмыс істеп жатқандығының бір айқын дәлелі деуге болады. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Шынында да болашаққа қор жинаудағы басты мақсат – қарттық шақта ай сайын лайықты зейнет­ақы алып тұру. БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің көлемі біртіндеп өсіп жатыр. Ағымдағы жылдың 10 айында зейнетақы төлемдері 170,3 млрд теңгеге жетті. Мысал үшін өткен жылдың сәйкес кезеңінде төлемдер 143,3 млрд теңгені құраған болатын. Егер аталған кезең бойынша төлем құрылымын қарастырсақ, ол төмендегідей:
– зейнет жасына толуға байла­ныс­ты – 55,0 млрд теңге;
– 1 немесе 2 топтарда мерзімсіз мүгедектігі бар жандарға – 1,5 млрд теңге;
– Қазақстаннан шетелге тұрақ­ты тұруға кетуге байланысты – 39,6 млрд теңге;
– мұрагерлік бойынша – 22,9 млрд теңге;
– жерлеуге байланысты – 2,6 млрд теңге;
– басқа тұлғаларға – 0,1 млрд теңге;
– өмірді сақтандыру бойынша компанияға (ӨСК) – 48,5 млрд теңге.
Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша төлемдер:
– зейнет жасына толуға байланысты – 3,74 млрд теңге;
– 1 немесе 2 топтарда мерзімсіз мүгедектігі бар жандарға – 0,10 млрд теңге;
– Қазақстаннан шетелге тұ­рақ­ты тұруға кетуге байланысты – 2,36 млрд теңге;
– мұрагерлік бойынша – 1,62 млрд теңге;
– жерлеуге байланысты – 0,14 млрд теңге;
– өмірді сақтандыру бойынша компанияға (ӨСК) – 3,46 млрд теңге.
Кесте бойынша БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы 21 050 теңгені құрады. Бірақ еске салып өтейін, бұл бүгінгі зейнеткерлер алатын, базалық және ортақ зейнетақыдан тұратын жиынтық зейнетақының бір бөлігі ғана. Сонымен қатар БЖЗҚ төлемдерінің ең жоғары мөлшері бойынша шектеу жоқ. Ол жинақталған сомаға тікелей байланысты. БЖЗҚ-дан ай сайын 500 000 теңгеден асатын зейнетақы төлемдерін алатындар бар. Сондықтан қайталап айтайын, бас­тысы – зейнетақыға қаржы жинау.
– БЖЗҚ жарналарына Бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуі қалай әсер етті? Жинақтаушы зейнетақы жүйесімен адамдарды толық қамту үшін қандай жұмыстарды жүргізіп жатырсыздар?
– Бірыңғай жиынтық төлемнің (БЖТ) төленуі өз қызметін заңдас­тыруға және бизнесін тіркеуге, зейнетақы жарналарын аударуға асықпаған адамдарға жақсы серпін берді.
БЖЗҚ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және салық органдарымен бірлесіп, зейнетақы жарналарын аудармайтын адамдарды жинақтаушы зейнет­ақы жүйесіне тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нақты айтар болсақ, оларға телефон шалып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Жүйеге қатысудың маңыздылығына көздерін жеткіземіз. Мысалы, жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 26 917 салымшымен байланыс орнатылды. Соның арқасында
4 238 шотқа жарналар түсті. Сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары бойынша шарттардың саны көбейді. Бұған әсіресе еліміздің батыс өңірлерінде, мұнай компанияларында қызығушылық арта түсуде. Осылайша жұмыс берушілер жұмысшыларды ынталандырып отыр.
Қазіргі заманда адамдар компания қызметінің ашық, айқын болғанын қалайды. Біз өз жұмысымызда бұл қағиданы басшылыққа аламыз. Жақында БЖЗҚ мамандары әзірлеген мобильді қосымша жаңартылды. Негізі мобильді қосымша арқылы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, жаңалықтарды, «БЖЗҚ» АҚ барлық филиалдары мен қызмет көрсету орталықтарының мекенжайларын, байланыс телефондарын көруге болады. Енді осы қызметтердің қатары жаңа мүмкіндіктермен толықты. Атап айтар болсақ олар: болжамды зейнетақы калькуляторы, онлайн-бот және халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына өтініш жасауға мүмкіндік беретін қызметтер. Бұл ретте зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақыны есептеуге мүмкіндік берілсе, онлайн-бот арқылы жиі қойылатын сұрақтарға жауап алуға болады.
Сөз реті келгенде айта кетейін, Қордың Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы жыл басынан бері болашақ зейнетақыны жоспарлау бойынша келушілерге 15 460 ақыл-кеңес берді.
– Оқырмандарымызға айтар қандай тілегіңіз бар?
– Азаматтарды жұмыс беру­ші­лерден еңбек қатынасын заңдас­тыруды және зейнетақы жарналарының толық көлемде аударылуын талап етуге шақырамын. Бұл – болашақ зейнетақының қомақты болуына септігін тигізетін болады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button